Әлеумет

Жас отау иелері біле жүрсін

Жас отау иелері біле жүрсін

Әрбір азамат өмірінде неке қию туралы өтініш білдіріп, отбасын құру жолындағы алғашқы қадамын жасайды. Ал отбасылық өмірдің мағыналы болуы ерлі-зайыптыларға байланысты. Отбасылық қарым-қатынас-тардың негізгі заңдылық құжаты – 2011 жылғы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі. Онда отбасылық өмірде пайда болуы мүмкін көптеген маңызды сұрақтардың жауабы бар. Неке отбасын құру мақсатында неке құрушылардың тек өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады. Ешбір жағдайда неке құру үшін мәжбүрлеуге жол берілмейді. Неке қию тіркелгеннен кейін ерлі-зайыптылардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен міндеттері пайда болады. Яғни, ерлі-зайыптылар тең құқықтарға ие тең міндеттерді атқарады. Ерлі-зайыптылардың текті таңдауға құқығы бар. Олардың біреуінің тегін ортақ тек ретінде таңдай алуын немесе олардың некеге дейінгі тегінде қалуын өздері шешеді. Сондай-ақ, өз тегіне жолдасының тегін сызықша арқылы қосып, осылайша қос тек иесі атанып жүрулеріне де заң мүмкіндік береді. Отбасындағы мүліктік құқықтар мен міндеттерін анықтау үшін неке құрушылар неке шартын жасай алады. Некеге тұрмас бұрын немесе некеде тұрған кезде кез келген уақытта нотариуста шарт жасасуға болады. Болашақ жұбайлардың ең маңызды парызы – отбасындағы қарым-қатынасты өзара сыйластық және өзара көмек негізінде орнату, отбасының әл-ауқатын ықпалдау және нығайту, өз балаларының денсаулығына, олардың дамуы мен әл-ауқатына қамқорлық ету. Той – бұл әрбір адамның өміріндегі ең бақытты күні. Сондай-ақ, некеге тұрған күнді де татулығы жарасқан отбасылар ұмытпайды. Отбасындағы жақын тұрақты қатынастар – бұл күрделі жүйе. Отбасының татулығын, ынтымағын сақтау оңай емес. Отбасын сақтау – отбасында үлкендерге, ата-аналарға құрмет. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне сүйіспеншілігі болуы қажет. Әкесі мен анасы бір-бірін және балаларын жақсы көретін отбасы шын мәнінде бақытты. Әр шаңырақтағы балалар бақытты отбасының қандай екенін біліп өсуі керек. Тату отбасылардың өмірі барлық жас шаңырақтың мақсаты мен мұратына айнала бергей.

Аслан Оразбеков, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы.