Әулиеаталықтардың аманатын арқалаған керуен
Әулиеаталықтардың аманатын арқалаған керуен
Мойынқұм жеріне жетті
Киелі Тараздан Астанаға жол тартқан керуен көші Қазақ хандығы құрылған құтты мекен Мойынқұм ауданына келіп тоқтады. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып, Мойынқұм ауданының әкімдігі мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті қолдаған керуеннің басты мақсаты – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихын таныстыру, Тараздың Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі екенін айшықтау екені белгілі. Керуен көшін мойынқұмдықтар ерекше көңіл-күймен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Киіз үйлердің жанында қазақтың ұлттық киімдерін киген азаматтар қазақылықтың қалыбын сақтағандай. Өңіріміздегі белгілі құсбегі Жапар Сатылғанов Қазақ хандығы құрылған киелі Хантаудағы Қозыбасыдан арнайы әкелген Қозыбасы шөл бүркітін аспанға ұшырды. Бүркітшінің қайта қолына қонған бүркітке құсбегі ұзақ қарап оның бір белгі беріп тұрғанын байқайды. Бұл белгі алыстан ат арылтып келе жатқан керуен көші болатын. Мойынқұмның шығысынан шыққан шұғылалы күндей төбесі көрінген көшті хабарлаған жүргізуші «Керуен келе жатыр» дегенде елең етпеген ел қалмады. Сол сәтте дабыл естіліп, атқа қонған азаматтар ауылға кірер жол жаққа қарай жүріп, алыстан жеткен керуен мүшелерін күтіп алды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Мойынқұм өңірінде бірнеше сегіз қанатты киіз үйлер тігіліп, онда салт-дәстүрлер дәріптелді. Атап айтқанда, «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Тоқымқағар» сияқты көріністер көрсетілді. Алаңда жастар алтыбақан тепсе, балуандар бозкілемде белдесіп жатты. Көне Тараздан Астанаға жол тартқан керуеншілер Мойынқұм ауылында нағыз ауылдың тамаша көрінісінің көзайымы болды десек артық айтпаған болар едік. Жиналғандардың бірі келі түйіп, диірмен тартса, енді бірі қолына бүркіт қондырып саятшылық өмірді көз алдымызға елестетті. Ақ жаулық таққан әжелеріміз оюлы комзолын, қыз-келіншектер қазақша киімдерін киіп, нағыз қазақылық кейіпте жүрді. Мойынқұм ауданының әкімдігі және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қызметкерлері мен студенттері, жастар, БАҚ өкілдері, зиялы қауым өкілдері, керуеншілер, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысқан шарада Мойынқұм аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары бебеулете ән салып, мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Жусан исі аңқыған жазиралы даладағы тарихи тамаша сәттің куәсі болған мойынқұмдықтар керуен көшіне ақ жол тілеп, шығарып салды.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.