- Advertisement -

«Ақ жолдың» төрт мыңға жуық нөмірін жинаған еді

84

- Advertisement -

Ауылда жүрген кезде ол кісінің үйіне жиі баратынмын. Секең жастарды терең білімімен, білігімен тамсандыратын. Қай тақырыпқа болсын, әңгімені айтқанда майын тамызатын. Оның әңгімелерінен тәлім алатынбыз. Әсіресе әлем әдебиетінде біз үшін оқымаған кітабы қалмағандай көрінетін. Өзі ақын, жазушы болмаса да, білімділігіне риза болып қайтатынбыз. Тіпті кейде Сейтжан Өскенбаевтың айтқан тың ойларын «барымталап» экономика тақырыбында көлемді мақала жазып, лездемеде басшылықтан мақтау да естігенім бар.

1956 жылы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген Сейтжан Өскенбаев әскери борышын өтеген соң ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түсіп, білім нәрімен сусындады. Еңбек жолында 26 жыл Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінің директоры қызметін атқарған кейіпкеріміз: «Менің арманым – журналист болу еді. Алайда ол арманыма қол жеткізе алмадым. Осы кейбір шенеуніктер қызық. Тілшілер сынаған соң оған ренжіп жатады. Сын шыққан соң ол шын болсын, асыра сілтесін одан мін іздеудің қажеті жоқ. Өйткені тасқа басылып кетті», – деп отыратын. Ол тілшілік қызмет атқармаса да, БАҚ атаулының жанашыры болды. Облыстық «Ақ жол» газеті мен республикалық басылымдарда жүзге жуық талдау мақалалары жарыққа шықты. Тіпті «Ат спорты» журналының облыстағы меншікті тілшісі қызметін де атқарды. Ұзақ жылдар Ақтоған орта мектебінің тасын өрге домалатқан білікті басшы ешқашан баспасөзден қол үзген емес.
Сейітжан Өскенбаев көзі тірісінде: «Мен жылына 100 мың теңгеге мерзімді басылымға жазыламын. Өйткені газет – тұнған шежіре. Осы уақытқа дейін облыстық «Ақ жол» газетінің 4 мыңға жуық данасын жинаппын. Жинағанда жәй жинақтай салған жоқпын. Алаш ардақтылары, ақындардың өмірі, қаламгерлердің тағдыры, экономика, заң, саясат деп жіліктеп, файлдарға салып отырамын. Сонымен қатар облысымыздың, еліміздің белді журналистерінің көңілімнен шыққан мақалаларын жеке файлдарға салып отырамын. Бұл да бір тарих қой. Газет оқымайтын адам – меніңше наданмен тең. Мен тіпті «Ақ жолдың», тағы басқа басылымның алғашқы нөмірін кезінде қолында бар адамнан сатып та алған едім. Ол газет әбден жыртылған, тозығы жеткен болатын» деп өз ойымен бөлісетін.
Таяуда Көгершін ауылындағы марқұм Сейтжан Өскенбаевтың үйіне арнайы ат басын бұрдым. Секеңнің жары Нұргүл жеңешем күлімсірей қарсы алып, Секең дайындаған кітапханасына алып барды. Жеке кітапханада мыңдаған басылымдар жинақы тұр. Бәрі жеке файлдарға топтастырылған. Құдды бір тарих секілді. Басылымдардан бөлек мыңдаған әдеби кітаптар да менмұндалайды.
Құнды дүниелерді ақтарыстырып, әрі-бері қарап ұзақ отырдым. Мыңдаған дана газет жинауға бір адамның ғұмыры кетеді екен. Демек ол ғұмырын басылыммен байланыстырған адам. Есіме еріксіз Секеңнің: «Газетке 3 ай, жарты жыл деп жазылатындарды түсінбеймін. Жылына бір рет 1 жылға жазылсаң, ғалам атаулының бүкіл жақсысын да, жаманын да біліп отырады емессің бе?» деген сөзі түсті. Шыға берісте автордың мақалалары жиналған файлға көзім түсті.
Иә, ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, білікті басшы Сейтжан Өскенбаевтың өмірі білім іздеумен өтті. Басқа замандастарымның әкелері балаларына мал қалдырса, Секең шежіре, тарих қалдырған екен. Соған көзім жетті. Иә, ол архив адам еді ғой…

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support