Әлеумет

«Тараз-Пресстен» тасбақа жылдам шығар...

«Тараз-Пресстен» тасбақа жылдам шығар...

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жыл сайын жергілікті бюджеттен басылымға жазылуға бөлінетін 5 миллион теңге есебінен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, елге еңбек сіңіріп, мемлекеттік марапаттауларды иеленген зейнеткерлерге 6 түрлі газетті бір жылға тегін жаздырып береді. Биыл сол тиесілі газеттерін уақтылы ала алмай, пұшайман болған қариялар бұл жауапсыздыққа наразылығын білдіріп, ардагерлер кеңесіне күнде шағымданумен келеді. Қаланың әр аумағынан өкпе-реніштерін жеткізген азаматтардың тізімі өте көп. Алаң көңіл ардагерлер редакцияға да қоңырау шалды.

Ардагерлердің ренішін туғызып жүрген қай мекеме десек, ол – «Тараз-Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Бұл серіктестік директорының орынбасары Ләззат Жарасбековадан ардагерлерге қанша газетті жеткізіп тұратындарын білдік. 300 – «Егемен Қазақстан», 300 – «Казахстанская правда», 350 – «Ақ жол», 350 – «Знамя Труда», 300 – «Жамбыл-Тараз», 500 «Ғұмыр-дария» газеттеріне 1444 ардагер жазылыпты. Бірақ, аталған басылымдар мекен-жай иелеріне қалай жеткізілуде? Мәселе осында болғандықтан, қалалық ардагерлер кеңесінде қариялардың басын қосып, жағдай барысын өздерінен тыңдап білгенді жөн көрдік.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев газеттің үйді-үйге жеткізілуіне ардагерлердің көпшілігінің көңілі толмайтынын нақты дәлелдермен тілге тиек етті. – Бұрын газет таратуға байланысты ешқандай дау туындаған емес. Себебі, біз ұсынған ардагерлер тізімі бойынша басылым «Қазпошта» мекемесі арқылы таратылатын. Биыл осы қызмет көрсету міндетін «Тараз-Пресс» ЖШС өз мойнына алыпты. Олар жұмысын жауапкершілікпен атқарып отырған жоқ. Жыл басында ардагерлеріміз бір ай бойы газеттерін алмады. Одан бері де жағдай түзелмеді. Бір-екі аптадағы басылымды жиып бір-ақ әкелуді әдетке айналдырған. Бұл жөнсіздік жөнінде бірнеше мәрте серіктестік пен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшыларын хабардар еттім. Нәтиже шықпады. Сондықтан да біз екінші жартыжылдықтан бастап газеттерімізді тасымалдау ісімен «Қазпошта» мекемесінің айналысқанын қалаймыз. Ал, сенімнен шыққан серіктестік қызметінен бас тартамыз, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы. – Мәселен, мен өткен жексенбіде таңертең сағат 10-ға таман 4 «Егемен Қазақстан», 2 «Ақ жол» газетін алдым. 6 дана газетті бірден әкелген соң, оқымақ түгілі, бәрін түгел парақтап та үлгергем жоқ. Ең дұрысы, «Қазпоштаның» қызметіне жүгінгеніміз жөн, – деді ардагер Совет Ғалиакпаров ақсақал. Бұл жерде біздің айтпағымыз, «Егемен Қазақстан» аптасына 5 рет, «Ақ жол» 3 рет жарық көретін газет. Сонда Совет ағаға пошташы бір-бір газеттен кем апарып отыр ма? Мұнысы қалай? – Аптасына үш рет емес, екі аптада бір рет аламын жазылған газеттерімді. Сәуір айында «Бұл сорақылық қашан түзеледі?» деп шағым түсірдім серіктестік басшысына. Ескертуіміз ескерілмеді. Бұл серіктестік қызметіне үміт артуға болмайды, – деді В. Жабасова. Ал, «Тараз-Пресс» ЖШС директорының орынбасары Ләззат Жарасбекова: – Біздің қызметіміз де, жазылым бағасы да арзан болғандықтан, басылым тасымалымен айналысу құқын тендерде ұтып алғанбыз. Жыл басында мекен-жайларды таппай қиналғанымыз рас. Тізімде де қателіктер болып, оны жөндеуге біраз уақыт кетті. Мысалы, біз 300 дана газеттің орнына 350 дана газетті таратудамыз. Айырмашылыққа қарап, қызметіміздің тиімді екенін байқауға болады. Пошташылардың басылымды қалай тасымалдап жүргенін өзім тікелей бақылаудамын. Барып көремін немесе ардагер үйіне телефон соғып, біліп отырамын, – деп ақталған болды. Осы сәтте: – Мен газеттерімді жексенбіде сағат 12-де бір-ақ алдым. Сендер газет тарату ісімен шұғылдануға қалыптаспағансыңдар. Жуық арада қалыптасады дей алмаймын. Мен бұл салаға басшылық жасаған адаммын. Тірліктің жай-жапсарын жақсы түсінемін, – деді Ж. Тәжібаев. Бірақ, Л. Жарасбекова: – Қаладағы барлық соғыс ардагерінің аты-жөнін де, мекен-жайын да жатқа білемін. Бәріне дер кезінде газет апарылуда, – деп, өз дәлелін тағы да алға тартып келе жатыр еді, Жақсылықбай аға оны: «Сені айтысуға шақырған жоқпыз. Кемшіліктеріңді еш мойындамайсыңдар» деп тоқтатты. – Енді, өзімді қорғауым қажет қой! – деп қалды Л. Жарасбекова. – Өзіңді қорғайтын сотта отырған жоқсың! Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Бек Есжанов: – Газеттің тасымалына бір адам риза болмаса, онда сіздердің жұмыстарыңызда кемшілік бар деген сөз. Ал, ардагерлерге арналған мына журналда 30 шақты азаматтың сіздерге деген шағымы тіркелген. Ауызша ескерткендері қаншама? Сізбен осы мәселе туралы талай рет сөйлестім. Мәселе тек уәдемен шешілмейді. Шыдамның да шегі бар. Бітті осымен шаруа. Екінші мәселе, енді тендер қашан өтеді? – Білмедім бұл туралы. – Екінші тендер болған жоқ қой сонда. Біз мынадай жайды естідік. Осы газеттерді тасымалдау құқына ие болу мақсатымен тендерге «Ернұр-Пресс» деген серіктестік қатыспақ екен. Иесі Шымкентте тұрады. Осындай басқа да серіктестіктер бар көрінеді қалада. Енді соларға ұрынып қалмауды ойластырған жөн. Қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Рахметжан Бекежанов қариямен сөйлестік. Ол кісі «Тараз-Пресс» серіктестігінің басылым тасымалдаудағы салақтығын байқаған соң, ақпан айында-ақ жазылған газеттерін «Қазпошта» бөлімшесіне ауыстырып алыпты. Рахметжан аға қариялардың «Тараз-Пресс» мекемесіне деген өкпе-реніштері қара қазандай екенін айтты. Ш.Сайлаубекұлы, Ж. Досаев, М. Лобанова, Т.  Гнатенко, Л. Нокарякова және басқа да ардагерлер газеттің уақтылы әкелінбейтінін, кейбір нөмірлері тіптен болмайтынын кейістікпен жеткізді. Сөздің тоқетері, аталған серіктестікке сенімсіздік білдірген ардагерлер орын алып отырған жайттар туралы баяндап, қала әкімі Н. Календеровтің атына хат дайындады. Онда келесі тендерге газет тасымалын сапалы атқара алатын кәсіби әлеуеті мол мекеменің түсуіне ықпал етуді сұранады.

Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».