Әлеумет

Елдің атын ер шығарады

Елдің атын ер шығарады

Нұрсифат САЛЫҚОВА, театр және кино әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

«Елдің атын ер шығарады» деген сөз текке айтылмағаны анық. Азаттық атты ғажап құтқа қолы жеткен қазақ елін әлемге әйгілеу ісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз еңбек атқарды. «Алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымын ұстанған Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың әл-ауқатының артуына бар күш-жігерін салды. Елімізде түрлі саяси-экономикалық, спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілді. Арқа төсіндегі ажарлы қала Астананың бой көтеруіне тікелей ықпал етті. Сарабдал саясаткер, қазақтың маңдайына біткен озық ойлы басшы мемлекетімізді әлемнің дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосқанын да мақтанышпен айта аламыз. Таяуда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, ел, ұлт руханиятын дамыту, жаңарту, жаңғыртуға ден қойды. Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ағылған туристер біздің елден ерекше әсермен қайтатыны да сөзсіз. Мұның бәрі – Елбасы еңбегінің жемісі. Елінің бағына туған қара нардай қайраткер, даңқы асқан тұлғаға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Осы тұрғыдан келгенде ел Үкіметі Астанадағы халықаралық әуежайдың атауын «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп атауы – өте дұрыс шешім. Өз басым бар болмысыммен қолдаймын. Мәселен, АҚШ астанасы Вашингтон екенін бәріміз білеміз. Бұл америкалықтардың алғашқы Президентіне деген құрметі, ізеті. Францияның астанасы Парижге барсаңыз Шарль-де-Голь әуежайы қарсы алады.Осы тұрғыдан келгенде Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен халықаралық әуежайды атау – құптарлық іс. Көреген Көшбасшымыз мұндай құрметке әбден лайық. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Мен секілді көптеген өнер азаматтары бұл шешімді қолдап-қуаттайтынына бек сенімдімін. Елдің бағына туған арда азамат, білікті басшы, қарымды қайраткер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елі үшін атқарған еңбегі орасан зор. Бұл құрмет – сол еңбекті бағалаудың бір парасы деп ойлаймын.