Біздің қарым-қатынасымыз үлгі етуге тұрарлық
Біздің қарым-қатынасымыз үлгі етуге тұрарлық
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен бірге Финляндияның ұлттық павильонындағы экспозициялармен танысып, «Нұр Әлем» кешенінде орналасқан Қазақстанның көрме павильонын аралап көрді. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары көрме кешенінің Конгресс-орталығында екіжақты келіссөз жүргізді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинистёге елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. – Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты. С.Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды. – Сіздің екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге жаһандық проблемаларға қатысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда өтіп жатқан келіссөздерге көз тігіп отыр. Бұл – Астанадағы Сирияға қатысты келіссөздер, – деді Финляндия Президенті. С.Ниинистё Мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.