Экономика

Коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту – уақыт талабы

Коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту – уақыт талабы

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев онлайн режімде есеп беру жиынын өткізіп, журналистердің көкейінде жүрген келелі сұрақтарға жауап берді. Ол ең әуелі министрліктің құрылған уақыты мен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын да жүйелі жүргізіп келеді. Соның ішінде мемлекеттік телеарналар бойынша үлкен шаралар жасалып, телеөнімдердің сапасы артты. Атап айтқанда, «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналары «Kazakh TV» атауымен біріктірілді. Телеарна контентінің елдегі және шетелдегі көрермендердің қызығушылығына лайық болуға жағдай жасалған. Форматы өзгеріп, жаңа арнаға айналған «Хабар 24», бүгінгі күні маңызды ақпараттарды жедел әрі сапалы жеткізіп жатыр. «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында да мазмұнды өзгертулер жүргізіліп, талдау форматына көшті. Наурыздан бастап алтын қорымыздағы отандық фильмдерді көрсететін «Ел арна» атты жаңа арна іске қосылды. Телеарналарымызға халықтың қызығушылығы бұрынғыдан қарағанда арта түсті. Өткен жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді. Соның арасында «Әке», «Анаға іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар бар. Биылдан бастап «Отау ТВ» пакеті арқылы «Қазақстан-1» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында таратыла бастады. Аналогты хабар таратудан біртіндеп цифрлық хабар тарату жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, халықтың қамтылуы 77 пайызға жетті», – деді Дәурен Абаев. Цифрлық эфирмен қамту жұмыстары 4 облыста толықтай аяқталыпты. Министр республиканың қалған аймақтарын қамту 2018 жылдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, шалғай аудандарда сапалы телеарна жүйесі қосылған. Айта кету керек, отандық спутникті телевизия қолданушыларының саны 1 миллион 300 мыңға жуықтапты. «Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазір көрермендеріміз отандық спутниктік телевизияға басымдық беріп отырғандығы анық байқалады. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе мен оқырмандардың қалауын ескере отырып, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне редизайн жүргізілді. Қазір бұл газеттер толықтай түрлі-түсті форматта шығуда. Сонымен қатар, олардың сайттары да жаңартылып, ақпарат ресурсына айналды», – деді. Сондай-ақ, министр коммуникацияның маңыздылығына тоқталып, шалғай өлкелерге интернет желісін жеткізу туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, үш жыл көлемінде 1900 ауылға желі тартылып, 5 миллиондай халықты сапалы интернетке қосу жоспарланған. «Коммуникациялық инфрақұрылым – өте өзекті мәселе. Министрлік құрылған кезде Елбасы айтқан міндеттердің бірі – осы коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту болатын. Биылғы Жолдауында да оптикалық-талшықты инфрақұрылыммен жаппай қамтуды тапсырды. Цифрлық индустрияны құру үшін әуелі халықты интернетпен қамтамасыз ету қажет. Қазір ауылдардың көпшілігінде интернет байланысы бар. Алайда, оның сапасы сын көтермейтінін жақсы білеміз. Сондықтан қазір «Ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін құру» жобасын жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз», – дейді ведомство басшысы. Сонымен қатар Дәурен Абаев «Электронды үкімет» порталының қызметіне де тоқталды. Оның мәліметінше, порталды қолданушылардың саны 6 миллионға жуықтап, 180 миллионнан астам қызмет түрі көрсетілген. «Бүгінде портал бойынша 758 қызмет түрі көрсетіледі. Сондай-ақ, смартфондар мен планшеттерде «Электрондық үкімет» мобилді бағдарламасы арқылы 80-нен астам қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік бар. Бүгінге дейін оған 2.2 миллион пайдаланушы тіркеліп, 8 миллион қызмет көрсетілді», – деді министр. Дәурен Абаев өз баяндамасын аяқтаған соң, Астана қаласы мен өңірлердегі журналистер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Соның бірі – журналистердің мәртебесі. Министр бұл мәселе бойынша жұмыстар жасалып жатқанын мәлімдеді. «Биылғы жылдың соңына дейін «БАҚ туралы» Заң жобасына өзгерістер енгіземіз. Жобаны қарастыру барысында журналистерді қорғау және олардың әлеуметтік мәртебесі де ескеріледі», – деді Дәурен Абаев. Сонымен қатар министр журналистерді пәтермен қамтамасыз етуге байланысты да өз ойын білдірді. «Журналистер жекеменшік БАҚ-та жұмыс істегендіктен, бюджеттік қызметкер қатарына жатпайды. Сондықтан, бұл күрделі мәселе, шешімін табу қиынға соғады. Банктерге барып, үлкен мекемелерге көмек сұрауымыз мүмкін. Әзірге басқа шешім табу қиын. Әйтсе де, мемлекеттік тапсырыс бойынша қауқарымыз бар», – деді ол.

Абай отар, «Ақ жол».