- Advertisement -

Қаратаудан арқаға бет алған керуен

100

- Advertisement -

«Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Шу ауданына жетті

Без-имени-1Елордада өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне әулиеаталықтардың аманатын арқалаған «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені шежірелі Шу өлкесіне келіп жетті. Жәнібек пен Керей ту тіккен Шу өзенінің бойына арнайы орналастырған қазақы ауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліпті. Жұртшылық қазақша киінген, жігіттер мінген тұлпарлар да тұяғымен жер тарпып тұр. Ақ жаулықты әжелер, шаруа қамын ойлаған жігіттер мен ас-ауқат дайындаған жеңгелер, қуаты тасып тұрған жалынды жастар мен қырмызыдай құлпырған қыздар дархан дала төсін думанға бөлеуде. Алтыбақан құрулы, қазан асулы. Қысқасы, Шу өңірі қонақтарды күтуге сақадай сай дайын.
Көне шаһардан бет алып, жүздеген шақырымдарды артта қалдырған көштің басы да көрінді. Қыран құсын қолына қондырып, құмай тазысын жанына ерткен қазақтың қапсағай денелі жігіттері бастаған керуен мүшелері де жетті. Салтымыз бойынша ақ жаулықты әжелеріміз керуен басына дәм мен сусын ұсынып, керуен басшысы қазақтың әз даласындай көл-көсір кең пейіліне алғыс білдірді. Керуен Астанаға дейін 1300 шақырымды жүріп өтпекші.

Көрікті көш Шу елінің сәлемін алғаннан соң, шара 10-ға тарта киіз үй мен дала сахнасы орнатылған тойлы ауылда жалғасын тапты. Осында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Құрметті қонақтардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов және Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев болды. Мерекелік қойылымда күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың атақты «Ерке сылқымы» орындалып, домбырадан күй төгілдіріп, дүйім жұрттың делебесін қоздырғандар да табылды. Сұлулардың сырғасы мен сәукелесінде, шолпысы мен шашбауында, жүзігі мен білезігінде мін жоқ. Той көрігін қыздырғалы келген арқалы ақындар арнауларын айтып жатты.

Қонақтардың назарына ұлттық салт-дәстүрден тамыр тартқан қойылымдар мен көрме ұсынылды. Киіз үйлердің бірінде әжелер әндете отырып жүн түтіп, сырмақ сырып, ши тоқып, текемет басып, құрақ құраған болса, енді бірінде кербез келіндер құрт жайып, күбі пісіп, ұлттық сусындарды дайындап жатты. Бүлдіршіндер «бес тас» ойынын еске түсірді. Сондай-ақ, есімі елге белгілі мүсінші Қали Қораласбаевтың ағаш пен тастан қашалып жасалған төл туындылары да көпшілік назарына ұсынылды. Екі топқа бөлінген көкпаршылар да көк серкені ары да, бері де тартып, ен далада қиқу салды.
Ұмыт болып бара жатқан «Сәбиге ат қою» рәсімін Шу ауданы ұлттық дәстүрді ұлықтау, қайта жаңғырту мақсатында қонақтардың көзінше орындады. Келесі бір киіз үйде «Тұлым той» дәстүрінің көрінісі бой көрсетіп жатса, жастар арасында «Ақ серек» ойынына ұқсас «Мәлке тотай» ойыны ойнатылды. Сондай-ақ, «Алтыбақан» маңындағы сал-серілер мен қыздар арасындағы жарасымды әзіл-қалжыңдар мен дәстүрлі әндер және бір-біріне жұмбақ жасырған қыз-жігіттердің бейнесі еріксіз өткен заманды еске салды.
– Әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Әулиеата жерінен тартуын арқалап бара жатқан керуен Ұлы Жібек жолы бойымен көшіп-қонған бабаларды көз алдыма елестетті. Бүгінгі шарада құдды бір өткен ғасырда жүргендей күй кешудемін. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ұмыт болып бара жатқан құнды дүниелеріміз қайта жаңғыртылуда. Елбасының халық санасын рухани жаңғыртуға арнаған бастамасының жарқын көрінісі осы болса керек, – дейді тойлы ауылға арнайы келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы.
Қас қарайған шақта қазақ үйлерде қонақтарға арналып ақ дастархан жайылып, ауызашар ұйымдастырылды. Шулықтардың пейіліне қанық болып, дастарханнан ауыз тигеннен соң, киелі өлкенің аманатын арқалап, сарқытын жеткізу үшін керуен мүшелері өз бағыттарына бет түзеді.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Ерғали қартайған,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support