Жүзден жүйрік шыққан Сымбат
Жүзден жүйрік шыққан Сымбат
133 балл жинады Биылғы ҰБТ-ның басты ерекшелігі – ең жоғары балдың 140-қа дейін көбейгені. Нақтырақ айтсақ, үш міндетті пәннен 20 сұраққа жауап берсе – 60 ұпай алады. Ал екі бейінді пәннің әрқайсысында 20 тапсырманың бір дұрыс жауабын тапса – 40, бірнеше дұрыс жауабы берілген 20 сауалда мүдірмесе – 40 балл жинайды. Тестілеудің алғашқы күнінде Таразда 133 балл жинаған бір түлектің есімі белгілі болды. Біз жүзден жүйрік шыққан шаһардағы №49 мектеп-гимназияның түлегі Сымбат Сүйерхановамен кездесіп, тілдескен едік. – Сымбат, ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетуіңмен құттықтаймын. – Рахмет. Жоғары деңгейде дайындалған оқушы барлық мақсатына жетеді екен. – Биыл ұлттық бірыңғай тест жаңа форматта өткені белгілі, қобалжу болған жоқ па? – Әрине, жылдағы үрдістің өзгергені әсер етпеді дей алмаймын. Дайындық барысында қобалжу да болды. Бірақ, жақсы дайындалсам, ата-анам мен ұстаздардың үмітін ақтайтыныма сенімім зор болды. – Қай пәнге бейімсің? – Мектепте математика пәнінен облыстық олимпиадада жүлдегер атанғанмын. Өңірлік ғылыми жобалар жарысының да жеңімпазымын. ҰБТ-ға мектепте және 125 оқу орталығында дайындалдым. Жақсы жетістікке жеткенім үшін №49 мектеп-гимназияның директоры Дариға Жұмаділоваға, математика пәнінің мұғалімі Айбек Мұратбаевқа, сынып жетекшім Мәдина Майлыходжаеваға және 125 оқу орталығының ұстаздарына алғыс айтқым келеді. – Тест сұрақтары қиын емес пе екен? – Биыл ұлттық бірыңғай тест қиын, қатал әрі әділ болды. Дайындығыма қарай лайықты баға алдым деп ойлаймын. – Қай қалада оқығың келеді? – Алматы қаласын таңдадым. Дизайнер болғым келеді. Әкем Әділет – құрылысшы, анам Назым есепші болып жұмыс істейді. Грант иегері атансам, ата-анам үшін үлкен көмек болары анық. – Сыныбыңда тағы жоғары балл алған түлектер бар ма? – Иә, бар. Еламан Стамқұлов – 126, Әдел Сейіт – 123 балл жинады. 117,115 балл жинаған сыныптастарым бірнешеу. Біздің жоғары көрсеткішке қол жеткізгеніміз ұстаздарымыздың, сынып жетекшіміз Мәдина Әбдікерімқызының тынымсыз еңбегінің арқасы.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».