- Advertisement -

Өзіңе сен, Өзіңді алып шығар…

122

- Advertisement -

Өзіңе сен, Өзіңді
алып шығар…

Қазір ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы өтуде. 20 маусым күні 2 мыңнан астам облыс түлектері алғашқылардың қатарында жаңа форматтағы сынақты тапсырып, бақ сынады. Бұл күні М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті базасындағы тестілеу өткізу пунктінде тараздық 600 талапкер ҰБТ-ға қатысты.
Жылдағыдай емес, аттестат алып қойғанның әсері ме, ешқайсысының жүзінен қобалжу байқалмайды. «Мен биыл «Алтын белгі» иегері атандым. ҰБТ-ның жаңа форматта өтетінін білемін. Әйтсе де, сынақтан жоғары балл жинайтыныма сенімдімін», – дейді №53 орта мектептің оқушысы Әлина Жапарова.
№16 орта мектептің оқушысы Салтанат Сансызбайдың да бұл сынақтан сүрінбейтініне сенімі мол. Ал №45 гимназияның түлегі Саяжан Батырша халықаралық ғылыми олимпиаданың жүлдегері болғандықтан, Алматыдағы С.Демирель университетінің грантын алдын ала иеленіп қойыпты. Сонда да ол ҰБТ-дан жоғары балл алғысы келеді.
Түлектерге қарағанда ата-аналардың көңілінде қобалжу басым. ҰБТ-ны балалары емес, өздері тапсыратындай алаңдаулы. Ата-аналардың бірі Жанна Әмірқұлқызы Диана Өмірзақованың №38 орта мектеп түлегі екенін, соның тілеуін тілейтінін айтса, тағы бір ата-ана Нұрғали Матмұсаев №45 гимназияны бітірген баласына қолдау білдіру үшін келіпті. Оның ұлы Нұрғазы Қонысов болашақта дәрігер болуды мақсат тұтқан екен. №56 орта мектептің мұғалімі Шайза Баймұратова өзі еңбек ететін білім ордасынан 35 оқушы ҰБТ тапсырып жатқанын айтты.
Аталған пункттегі мемлекеттік комиссия төрағасы М.Сарыбеков БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. «Біздің пункте Тараз қаласындағы мектептерден жалпы 1742 түлек ұлттық бірыңғай тест тапсырады деп күтілуде. Белгіленген 9 аудиторияның барлығы сақадай сай. Тесттің нәтижесі түлектердің жоғары оқу орындарына және колледждерге түсуіне жол ашады. Тестте Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейіндік пән (оқушы өзі таңдаған) бойынша 120 сұрақ бар. Алайда, толық жауап берсе, 140 балл жинайды. Себебі, бейіндік пәндердің кейбір сұрағы бойынша бір сауалдың бірнеше дұрыс жауабын тапса, 2 балл есептеледі. Әр түлекке тест тапсыруға 3 сағат 50 минут уақыт беріледі. ҰБТ қорытындысы сынақ тапсырған күні кешке дайын болады. Оның қорытындысын университет алдындағы үлкен тақтайшаларға да ілеміз. Сондай-ақ, оқушы өзінің қанша балл жинағанын үйіндегі интернет арқылы да біле алады. Әр түлек апелляцияға шағымдануға құқылы. Мазмұндық және техникалық себептерден кеткен олқылықтар болса, талапкердің талабы қанағаттандырылады», – дейді комиссия төрағасы.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырованың берген мәліметіне сүйенсек, бұл күні Қордай, Жуалы, Шу, Талас, Т.Рысқұлов, Меркі аудандары бойынша да ҰБТ сынағы өтіп, оған жалпы 2190 бала қатысқан екен. Ал кеше Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының базасындағы пунктте Байзақ және Жамбыл аудандарының 295 түлегі ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданында 90 мектеп бітіруші, Сарысу ауданында 236 бала ҰБТ сынағынан өтті. Мұнан бөлек облыстағы үш тілде білім беретін мектептен – 59, дарынды ұл балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің 40 шәкірті бақтарын сынады.
Алғашқы күнгі ҰБТ қорытындысы бойынша Тараз қаласынан қатысқан 600 оқушының орташа балы – 79,4-ті құраса, №49 мектеп-гимназиясының оқушысы Сымбат Сүйерханова үздік көрсеткіш көрсетіп, 133 балл жинады. Талас ауданынан алғашқы күні 296 түлек тест сынағын тапсырып, орташа көрсеткіш 75,4 балды құрады. Аудандағы Талапты орта мектебінің оқушысы Қуаныш Төлетаев 127 бал жинап, аудандағы үздік көрсеткішке қол жеткізді. Жуалы ауданы бойынша ұлттық бірыңғай тестке 282 бала қатысып, бірінші лектегі орташа көрсеткіші 89,9 балға жетті.
Меркі ауданынан 233 бала ҰБТ сынағына қатысса, орташа көрсеткіш 80,4 балды құраған екен. №17 Трубицын мектеп-гимназиясының оқушысы Аруна Тоқберген 132 балл жинады. Шу ауданы бойынша алғашқы күні 299 оқушы сынақ тапсырды. Түлектердің көрсеткіші – орта есеппен 63,4 балл. Ал Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарынан мәлімет алу мүмкін болмады. Облыстық білім басқармасының мамандары берген телефондарға хабарласқанымызбен, жауапты адамдармен тілдесе алмадық.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support