Дәрігердің жақсысы, ауруға ауру қоспағаны
Дәрігердің жақсысы, ауруға ауру қоспағаны
Денсаулық сақтаудың жаңа жүйесі облыста қалай жүзеге асырылуда?
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты елімізде, оның ішінде облысымызда да саланың бірқатар түйткілді мәселелерін шешудің мүмкіндігі туды. Жаңа жүйе жүзеге асырыла бастағалы медицина ұйымдары арасында бәсекелестік орта пайда болды, медициналық қызмет көрсетуге бірыңғай бағалар белгіленді әрі емделушілердің емханалар мен дәрігерді қалауынша таңдау құқықтары қамтамасыз етілді. Ең бастысы, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы емделушілерге сапалы медициналық көмек көрсету мен олардың емделуіне жұмсалған қаражатты тепе-тең қалыпқа келтіруге бағдар ұсталуда.
Аталған жүйені жүзеге асыру аясында облыста стационарлық үйлестіру технологиясын жандандыруға байланысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде күндізгі стационар деңгейінде медициналық көмек көрсету көлемінің де жыл сайын арта түскенін аңғаруға болады. Стационарды алмастыру көмегінің өсуіне оның жоғары технологияларды дамыту есебінен қолжетімділігі қамтамасыз етілуі де септесуде. Мәселен, күндізгі стационарда емделушінің ауруханаға жатпай-ақ, емдік шараларды кешенді түрде күндіз ғана алып кетуге қол жеткізуі, емделушіге де, коммуналдық шығынды үнемдеу, науқастарды тамақтандыруға кететін шығысты азайту, қызметкерлердің айлықтарын көтеру сияқты мәселелер тұрғысынан қарағанда медициналық ұйымның өзіне де пайдалы. Облыста БҰДСЖ шеңберінде биылғы жылдың 1 маусымына қарай 33 ұйым жұмыс істейді. Олардағы төсектер саны осы мерзім ішінде 2341 бірлікті құрап отыр. Төсек қорын тиімді пайдалану мақсатында бүгінгі күнге дейін 171 төсек қысқартылды, 61-і қайта құрылымдалды. Ал, аталмыш жүйе аясында тәуліктік төсектердің үлес салмағы 5 айдың қорытындысы бойынша 4 пайызға азайтылып, төсектер саны 5839-ға дейін қысқартылды. Бұл көрсеткіш былтыр 6100 болған еді. Керісінше, мемлекеттік емес секторда төсек саны 36 пайызға өскені байқалады. Бүгінде салада 2669 дәрігер және 9529 орта медициналық қызметкер қызмет етеді. Тұрғындарды дәрігерлермен қамту әрбір он мың адамға шаққанда, 24,8 бірлікті құрап отыр. Бұл істе де ықшамдылық, нақтылық бар. Саладағы аталмыш жүйенің негізгі қағидаларының бірі – бәсекелестікті жандандыру екені белгілі. Бүгінгі таңда госпитальдау бюросы арқылы науқас адам жоспарлы түрде емделу үшін еліміз аумағындағы кез-келген медициналық ұйымды таңдай алады. Стационарлық емдеуді қажет ететін жоспардағы әрбір науқас өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан емханадағы порталдан код алып, нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті денсаулық сақтау органдарының көз алдында және олардың нақты қадағалауында болады. Емделуші, сондай-ақ, өзінің емделу кезегінің жылжу динамикасын да күту қағазы арқылы бақылап отыра алады. Алда-жалда, науқастың жоспарлы госпитальдау кезегі тым ұзаққа созылып кететін болса, бұл мәселемен шұғыл түрде госпитальдау бюросы, денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті айналысады. Яғни, бұл – кезекте тұрған емделуші ешқашан да ұмыт қалдырылмайды, госпитальдау үдерістері жалпыға бірдей көрнекі де ашық әрі бақылауда да болады деген сөз. Осы ретте стационарды еркін таңдау құқығын облысымыздың 54176 тұрғыны пайдаланған, оның ішінен 53,8 пайызы ауылдықтар екендігін де айта кеткен жөн. Еліміздегі денсаулық сақтау саласы БҰДС жүйесіне көшу үдерісі кезінде амбулаторлы-емханалық деңгейде де жағымды жағынан қайта қалыптасты. Облысымызда сырқат белгілерін ерте анықтау мақсатындағы скринингтік бағдарламаның жүзеге асырылуы да талапқа сай деп айтуға болады. Аталмыш бағдарламада 420 мың ересек және 340 мыңнан астам балалар қамтылды. Қан айналымы жүйесі аурулары бойынша тексерілгендердің 7,2 пайызының науқас екендігі анықталса, қант диабетінің алғашқы белгілері 375-тен астам адамда бары байқалды. Өмірінде алғаш рет тексерілген 2839 адамның глаукома, ісік алды және ішек аурулары, әйелдердің жыныстық органдарының ісік алды ауруларына шалдыққаны мәлім болды. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қатерлі ісіктер көрсеткішінің біршама төмендегені байқалып отыр. Яғни әрбір жүз мың адамға шаққанда 53,4-ке дейін, сырқаттардың онкологиялық аурулардың «тырнағына ілінуден» біраз жыл аман-сау қалу қабілеттігі шамалап 45,3 пайыздан 47 пайызға жетті, онкологиялық аурулардан өлім-жітім 30,7-ге дейін төмендеді. 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмектің даму бағдарламасы шеңберінде 2013 жылдан қалалық және аудандық емханаларында онкологиялық кабинеттерін ашу жұмысы басталды. 2014 жылдың 5 айында №№7 және 9 қалалық емханаларында, Меркі ауданында маммологиялық кабинеттер , №4 қалалаық емханада онкологиялық кабинет ашылды. 2014 жылғы 1 маусымға қарай облыста 20 онкологиялық, 15 маммологиялық және 1 проктологиялық кабинеттер онкологиялық көмек көрсетуде. Тағы бір айта кетерлік жай, 2011 жылдан бастап жанбасылық нормативтерді жүйелейтін компоненттер өндіріске енгізіле бастады. Бұл, нақтырақ айтқанда, аймақтағы дәрігерлер мен медбикелерге тоқсанына бір мәрте берілетін жалақыларына қосымша үстеме ақы. Былтыр 2465 қызметкерге саралау жүйесімен осындай ақы төленді. Оның көлемі 45 153,0 мың теңгені құрайды. Ел азаматтарының денсаулығын сақтап, нығайту барысында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы облыс тұрғындары арасында да кеңінен насихатталып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тағы да бір маңызды оң аспектісі – медициналық қызмет көрсетудің мейлінше ашықтығы, жариялылығы. Бұл тұрғыда елімізде электрондық ақпараттық жүйе тәжірибеге енгізілгені белгілі. Жүйе өз ішінде нақтыланған қызметтер тізбесін, әрбір нақты аурулар кезінде көрсетілетін қызметтер, олардың кейінгі сараптамысын, ал, одан кейін ақысын төлеуді қамтиды. Ол ұдайы бақылауда әрі сыбайлас жемқорлықтың қандай да бір элементтерінсіз жүзеге асырылады. Сондықтан, тиімді жүйенің жұмысы алдағы уақытта да тұрғындар тарапынан кең қолдау табары анық.
Cалтанат ОМАРБЕКОВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.