Әлеумет

Елі үшін ерлік жасаған жампоздар

Елі үшін ерлік жасаған жампоздар

Ержүректік пен ерлік, батырлық пен қайсарлық тек соғыс сағатында ғана сомдалмайды. Күнделікті өмірдің кез келген сын сәттерінде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен жандар осы қасиеттері арқылы талай жүректерге от тастап, намысын найзағайдай ойнатады, рухты оятады. Қоғамның тыныштық күзетіндегі полицейлер мұндай сәттермен жиірек ұшырасады. Оның ішінде қызметіне адалдық танытып, жанын аямай, шапшаң әрекет ете білген полицейлерді қалай құрметтесек те жарасады. Облысымызда қылмыскерлермен күрес барысында 28 полиция қызметкері өз өмірін құрбан еткен екен. Облыстық ішкі істер департаментінің 3 қызметкері «Айбын» орденінің, 10 қызметкері «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Тараздағы 2011 жылғы 12 қарашадағы М.Қариев жасаған атышулы терракты кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлік танытып, өзінің өмірімен жауап беруінің арқасында ғана нүкте қойылғанын білеміз. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қайтыс болғаннан кейін Президент Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Осы қанды қарашада террористі ұстауда батылдық танытқаны үшін Тараз қалалық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы Самат Алашев та Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров түн ортасында өзіне бекітілген аумақта келе жатып ащы суға тойып алған екі қаскүнемнің қолынан тұрғындарды арашалап алып, жалаңдаған пышақтың бірнеше соққысын өзіне дарытады. Ауыр жарақат алғанына қарамастан екі күдіктіні бөлімшеге жеткізіп барып, есінен танып құлайды. Бұл сонау 1998 жылдың тамызы еді. Бүгінде полиция подполковнигі атанған Нұрғали Омаров осы ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Кішігірім тұрмыстық жанжалдың өзі кейде адам өміріне қауіп төндіреді. Мәселен, жұбайының қолына қару алып қорқытып жатқандығын хабарлаған әйелдің шақыруына тездетіп жеткен учаскелік полиция инспекторы Жақсылық Ержанов күдіктінің қашып кеткендігін көріп, жедел ізіне түсіп тоқтатпаққа ұмтылады. Алайда ол қалтасынан жарылғыш гранатасын алып, сақинасын жұлып лақтырып жібереді. Полиция инспекторы күдіктіні қапсыра құшақтап, гранатаны кеудесімен жауып құлайды. Ауыр жараланған полицей Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Полиция майоры Жақсылық Ержанов бүгінде Байзақ АІІБ Көші-қон полиция тобының аға инспекторы. Ал полиция капитаны, ІІД Жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев автокөлік ұрлап қашқан қылмыскерді жолдан кідіртіп, қашпақ болған көліктегінің руліне жармасып, көк мұзда тайғанап сырғи жүріп тоқтатқан. Дене жарақаттарына қарамастан, күдіктіні бөлімшеге жеткізген. Сөйтіп, «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Полиция сержанты Қайсар Самбетов 2006 жылдың 30 қаңтарында өзінің ерлігінің арқасында Қырғыз Республикасы Президентінің өмірін аман сақтап қалады. Көрші ел басшысының кортеджіне ілесіп жүрген ол қарама-қарсы бағыттағы қосалқы жолдан бұрылу маневрін аяқтап жатқан жүк көлігін байқап қалып, оның соққысын өзінің экипажына қабылдайды. Осылай «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Полиция аға лейтенанты Қайсар Самбетов бүгінде ІІД Жол патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісі «Рубеж» бөгеттеу жүйесі стационарлық бақылау бекетінің аға инспекторы. Үш жерінен пышақпен ауыр жарақат алса да қылмыскерлерді жібермей, құрықтаған полиция қызметкері Ерасыл Тілеміс жайлы біз бұған дейін де жазғанбыз. Оның да кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды. 2014 жылы жаңа оқу жылы қарсаңында «Ауыл-Береке» базарында үлкен жарылыстың алды алынғандығынан тұрғындар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар болды. Базардың ортасында іші жанғыш, жарылғыш затқа толы болған жеңіл автокөлікті алғаш байқап, жедел әрекет еткен Тараз қалалық ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі, полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев еді. Базар аумағындағы 4000 кәсіпкер мен 1500 тұтынушы қауіпсіз жерге көшіріліп, өрт уақтында сөндірілді. Ғалымжан Боранғазиев осылай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Өткен жылы облыс орталығындағы мөлтек аудандардың бірінде қарақшылық шабуыл жасап, атыс ұйымдастырған қылмыскерді залалсыздандырғаны үшін учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек пен Жол-патрульдік батальонының полицейі, полиция сержанты Бекжан Тіленчиев те Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. «Ерлігі үшін» медалі – төтенше жағдайларда адам өмірін құтқаруға байланысты және қылмысқа қарсы күресте көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін берілетін Қазақстан Республикасының наградасы. Мұндай медальмен жол-патруль полициясының взвод командирі Мұрат Даутбаев, жол-патруль полициясы батальонының полицейлері Ержан Бұралхиев, Ғабит Төлегенов те наградталған. Полиция қатарында осындай ержүрек азаматтар көп болса, қоғам тыныштығы сенімді қолда болғандығы. Ал қазіргі заман қаһармандарын дәріптеу – біздің борышымыз.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».