- Advertisement -

Құқықтық тәртіпті қорғау – біздің басты парызымыз

136

- Advertisement -

Тлеген Маткенов,
облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.

Осыдан тура 25 жыл бұрын 1992 жылдың 23 маусымында ел тәуелсіздігінің ақ таңы атқан шақта, Қазақстан полициясының міндетін айқындап беретін тұңғыш құқықтық акт «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданды. 2007 жылдан бастап Елбасының Жарлығымен еліміздегі өз өмірін құқықтық тәртіпті қорғау жолына арнаған жандар үшін маңызды мереке, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесі болып бекітілді.
Қазақстан полициясы тарихында батылдық пен ерліктің көптеген үлгісін көрсеткен облыстың полиция қызметкерлері бар екенін білеміз. Атап айтсақ, гранаталы террористі өз кеудесімен жауып мерт болған, «Халық Қаһарманы» атанған тұңғыш полицей Ғазиз Байтасовтың ерлігі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгілік сақталмақ. Бұл ерлік біздің полицейлердің азаматтарды қорғау үшін өз өмірлерін қиюға дайын екенін білдіретін жай ғана аңыз әңгіме емес, шынайы іс екенін дәлелдеп берді.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде өз қызметін орындау барысында 729 қызметкер мерт болып, 2000 қызметкер жараланған, 177 полиция және ішкі әскер қызметкері мемлекеттік наградаларға ие болған, 225 қызметкер «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен марапатталған, оның ішінде мерт болғаннан кейін марапатталғаны – 150.
Біз тек қана өз қызмет жолын милициядан бастап, Кеңес заманының білікті ардагерлерінен тәлім алғандар туралы ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген және жастайынан өз өмірін халықты қылмыстық қолсұғушылықтардан қорғап, азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті күзету мен қылмысқа қарсы күреске арнаған жас жігіттер мен қыздар туралы айтып отырмыз.
25 жыл ішінде Қазақстан полициясының аса маңызды міндеті болып табылатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, жасөспірімдерді қорғауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, заңсыз есірткі саудасына қарсы, бейбіт өмір мен шығармашылық еңбектің негізгі шарты – қоғамдық қауіпсіздік пен құқық қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда.
Жамбылдық полицейлердің тиімді жұмыс жасауы үшін барлық жағдайлар жасалынған. Облыс әкімі мен мәслихат депутаттарының қолдауының арқасында ведомствоның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды. Полицейлер жаңа техника, автокөліктер, байланыс құралдары, арнайы нысанды киімдермен қамтылды. Осы орайда, облыс полициясының тарихи қалыптасу жолы мен дамуын еске түсірсек. Өңірімізде алғаш рет милицияның қарулы жасақтары 1917 жылы пайда болды. Тәжірибесіз, қарулары жеткіліксіз милиционерлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті, контрабанда мен басмашылықпен күресті. Сол уақытта уездің бір жарым мың халқына бір милиционерден келетін. Осындай ауыр жүктемемен қажырлы еңбек етіп, төзімділік танытты. Қарымбай Қошмамбетов, Дәуіт Абдуллаев және басмашылармен күресте қаза болған Шәбден Ералиев Әулиеата милициясының бірінші басшылары болды. Республикалық қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігінің бірқатар басшылары Әулиеата уезінде милиция қызметін атқарып, тәжірибе жинақтаған. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы да Жуалы аудандық милиция бөлімін басқарған. Әулиеата уезі Жамбыл облысы болып құрылғанда, милицияның сапалық құрамы, материалдық қамсыздандырылуы қарқынды түрде жақсарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында милиционерлердің атқарған жұмыстары зор болды. Соғыстан кейінгі жылдарда қызметке майдандық тәжірибесі бар қызметкерлер келді. Солардың ішінде – Кеңес Одағының Батыры Александр Петров, қылмыстық іздестіру ісінің ардагері Петр Вербицкий, Прибалтика елдерін азат етуге қатысқан Жұманалы Пазельбаев, Брест бекінісінің қорғаушысы Дмитрий Беломоин, Сауытбек Рысбаев, Фазыл Қыпшақбаев, Тәттібай Дүйсебаев және басқалардың жанкешті еңбектерінің арқасында қылмыстық жағдай тұрақтанды. 1980-90 жылдары өңірімізді «кадрлар ұстаханасы» деп атады. Облысымыздың ішкі істер басқармасының екі бірдей басшысы әр мезгілде республикамыздың ІІМ басқарды. Осы даңқты дәстүрді жалғастыра отырып, қызметкерлеріміз уақытпен санаспай, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғап күзетте тұр.
Міндет пен Антқа адалдық, өзара көмек, мінсіз өмірбаян және сапалы қызмет, кәсіби шеберлік – мұның бәрі полиция қызметкерінен сұралатын толық тізім емес. Осыған байланысты Қазақстан Полициясының дәстүрі бойынша жас қызметкерлерге өз тәжірибесі мен білімін аямай, лайықты құқық қорғау қызметкерлерін дайындауда көмек беріп жүрген ардагерлерге ерекше алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар қызметкерлердің отбасы мен жақындарына шын жүрегіммен аса ризашылығымды білдіремін, өйткені, бұл – олардың да мерекелері. Сіздердің жылы сезім мен қамқорлықтарыңыз қиындығы мол күнделікті өмірде олар сенімді тірек бола білді. Ішкі істер министрінің атынан және өз атымнан барлық офицерлерді, ардагерлер мен қызметкерлерді кәсіби төл мерекелері – Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support