Әлеумет

Ауру астан болмасын

Ауру астан болмасын

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ветеринария саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Комитет бөлімшелерінің облыстық, қалалық, аудандық аумақтық инспекциялары құзыретіне ветеринариялық қадағалау, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, тиісті заңнамалармен белгіленген тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі талаптарының орындалу барысында мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру, үйлестіру және жүзеге асыру, тамақ өнімдерінің талаптарға сәйкестігі туралы құжаттарды рәсімдеу, тағы басқа міндеттер жатады. Мемлекеттік ветеринариялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімдердің қауіпсіздігін куәландыратын құжат – ветеринариялық сертификат немесе анықтама болып табылады. Бақылауға жататын өнімдерді импорттау кезінде, шетелдерден келген сертификаттар Кеден одағының сертификаттарына қайта рәсімделеді. Республика ішінде орын ауыстыру үшін берілетін ветеринариялық анықтамаларды рәсімдеу жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің құзыретіне жатады. Одан басқа олар ішкі сауда нысандарында күнделікті бақылау жүргізеді. Біз өз қызметімізде саладағы Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден Одағы) ережелерін, ұлттық заңнамаларды басшылыққа аламыз. Ішкі сауда нысандарында комитеттің «Республикалық ветеринариялық зертхана» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханалары және Шу ауданында жеке зертхана қызмет атқаруда. Қазіргі таңда Тараз қаласында төмендегідей бақылаудағы жануарлардан алынатын өнімдерді (ет) сатумен айналысатын ішкі сауда нысандары – 23, оның ішінде 5 базар, 18 дүкен жұмыс істеуде. Аталған нысандарда күнделікті бақылау, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу, ет ұшаларына мөр басу, ветеринариялық бақылауды зертхана мен жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық мамандары атқаруда. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар бақылауды, мониторингтік және қауіп-қатер бойынша талдау жүргізуде. 2016 жылы ветеринариялық бақылауға жататын өнімдер сиыр еті – 6310 ұша, қой еті – 12016 ұша, шошқа еті – 1443 ұша, жылқы еті – 2331 ұша, сүт өнімдері – 76125 килограмм, шұжық өнімдері – 540240 килограмм және жұмыртқа 184 810 дана сатылды. Сонымен қатар 2016 жылы 1262 килограмм, биылғы жылдың 4 айында 626 килограмм жануарлардан алынатын өнімдерге сатуға тыйым салынып, жойылды. «Джанабекова» ЖК, «Компания Холод – 8» ЖШС, «Кван» ЖК, «Велес дистрибьюшн» ЖШС шетелдерден 7000 тонна құс етін жеткізіп, тоңазытқыштарында сақтауда. Ет өңдеумен 45 шұжық цехы айналысса, оның бүгінде 25-і жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 6 cүт, 3 тұшпара цехы бар. Аталған кәсіпорындарға бірдейлендіру нөмірлері алынған, олар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес жұмыс істеуде. Эпизоотиялық қауіпсіздік «АЖБ», «БАБЖ» ақпараттық бағдарламаларында көрсетіледі. Олар арқылы өнімдердің орнын ауыстыру және барлық алдын алу іс-шаралары бақылауға алынады, яғни тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бақылауда. Сонымен қатар шешімін таппай тұрған мәселелер жоқ емес. Мәселен, заңды және жеке тұлғалардың ет және сүт өнімдерін заңсыз әкелуі, белгіленбеген орындарда сатумен айналысуы, өнімдердің ыдыстарында маркировкалардың жоқтығы немесе талаптарға сәйкес еместігі, рұқсат құжаттардың болмауы өзекті күйінде қалуда. Сүт өнімдерін бұрмалау, тоңазытқыштардың жоқтығы, сапасыз өнімдердің сатылуы сынды келеңсіздікті жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметі және полиция қызметкерлері анықтауға міндетті. Осы орайда екі рет растауды жүргізбеу және әкелуге тыйым салынған өнімдерді растауды болдырмас үшін сертификаттау кезінде ветеринариялық қызметпен ақпарат алмасу, жануарлардан алынатын өнімдердің ыдыстарына ветеринариялық қадағалаудың бірдейлендіру нөмірін басу, көршілік тауар бойынша ішкі сауда нысандарында ветеринариялық заңнамалар талаптарының орындалуына бақылауды күшейту, жануарлардан алынатын өнімдерді әкелумен, сақтаумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлер арасында ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 406-бабы негізінде әкімшілік шаралар қолдану сынды айтар ұсыныстарымыз да бар. Сұлтан ШҮЛЕНБАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы.