- Advertisement -

Біртұтас бағдарламалық ақпараттық кешен керек

116

- Advertisement -

Қазіргі уақытта елімізде барлық деңгейде дерлік су ресурстарын есепке алу және бақылаудың ұлттық тиімді жүйесі жоқ. Гидрологиялық бақылауларды қаржыландырудың қысқаруынан гидрологиялық жүйелердегі су өлшеу бекеттерінің саны күрт қысқарды, бұл Қазақстан Республикасының су ресурстарын үлестіру мен пайдалануды есепке алу және бақылауды, оның сапалық сипаттамаларына, әсіресе шекаралас мемлекеттерден ағып келетін су сапасының төмендеуіне айтарлықтай әсер етті.
Суғармалы технологиялары мен суғару техникасы жоғары дамыған елдердегі алаптарында судың үлестік шығындары – бір килограмм өсірілген өнімге 0,15-тен 0,6 текше метрге дейін құрайды, ал біздің оңтүстік өңір бойынша бұл көрсеткіш 4-тен 16 есеге дейін асып түседі.
Су өлшеу бекеттерінде судың көлемі, гидрометрдің көзбен алған өлшемдері бойынша жүргізіледі және алынған деректерді өңдеу қолмен жасалып, көптеген қателіктер жіберілуде. Сонымен бірге өзен алаптарына жақын орналасқан елдердің, электр энергиясын өндіруге және ауыл шаруашылығы суғармалы алқаптары мен тағы басқа салаларға су ресурстарына деген қажеттіліктерінің өсуі, Орталық Азия өңірі аумағында су мәселесі шиеленісінің өршуіне алып келуде.
Көршілес мемлекеттердің су ресурстарын тұтынуының ұлғаюына байланысты, ел аумағынан өтетін, трансшекаралық өзендердің жылдық ағын көлемдері қысқаратын болады, суғаруға кететін болжамды ағын көлемдері орташа көпжылдық және суы аз жылдар үшін тиісінше 2015 жылы 12,44 миллиард текше метрден 8,93 миллиард текше метрді құраса, ал 2020 жылға қарай ол – 11,47 миллиард текше метрден 8,12 миллиард текше метрге төмендейді.
Қазақстан Республикасының су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылаудың тиімділігі, су ресурстарын есепке алуды тәртіпке келтіру, микроэлектроника, автоматика жүйелері және математикалық модельдеу саласындағы жоғары технологиялардың ең соңғы жетістіктеріне негізделген, су ресурстары мониторингі мен заманауи басқару әдістерін үдете енгізу кезінде ғана мүмкін болмақ.
Республика бойынша істеп тұрған барлық су өлшеу бекеттерінен түсетін деректерді орталыққа жинау және өңдеу үшін су шаруашылығы нысандарының гидрологиялық сипаттамаларының біртұтас бағдарламалық-ақпараттық кешенін енгізу керек.
Су өлшеу құрылымдары (су өлшеу бекеттері және гидротехникалық құрылымдар) қажетіне қарай, деңгейлер, температура және тағы басқа құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Құрылғылардан алынған мәліметтер автоматты режімде әкімшілік аудандар мен орталықтарда орналасқан «деректерді сақтау мен өңдеу орталықтарына» түседі. Олар өз кезегінде бұл ақпараттарды Internet каналдары бойынша бірыңғай ақпарат орталығына жібереді. Ақпараттық орталықта барлық мәліметтер өңделіп түрленеді және көріністік (карталық та мүмкін) түрде осы деректерге сұранысы бар өкілетті органдардың (Су ресурстары комитеті, Қазсушар, Төтенше жағдайлар комитеті) бөлімшелеріне бақылау шешімдерін қабылдау үшін жіберіледі, соған байланысты техногендік және табиғи апаттардың қаупі мен салдарының алдын алуға және әсерін төмендетуге тікелей әсер етпек.
Мұндай жүйелерді іске асыру мәліметтердің шынайылығын әлдеқайда жоғарылатады, ақпараттар барынша ашық (анық) әрі жедел жеткізіліп, су ресурстарын автоматты басқарудың мейлінше күрделі және интеллектуалды жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің су шаруашылығы мекемелерінің (РМК, КМК және СПСТК) материалдық базасының нашарлығын ескеріп, мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін құру мәселесін кезең-кезеңге бөліп шешу қажет.
Бірінші кезеңде, республикалық маңыздағы барлық су алу және су үлестіру құрылымдарын IT-технологиялар негізінде заманауи суды есепке алу құралдарымен жабдықтау қажет. Пайдалануға қолайлы әрі қарапайым интерфейстен тұратын және компьютермен жұмыс жасауға арнайы дағдысы жоқ мамандарға пайдалануға арналған және де алынған мәліметтерді өңдеудің бағдарламалық қамтамасыздығын жасау керек.
Екінші кезеңде, РМК, КМК және СПСТК материалдық базасы жақсаруымен, деректерді сақтап өңдейтін өңірлік орталықтар ұйымдастырып, суғару жүйелерінде су ресурстарын пайдалану мен бақылауды есепке алып, бақылайтын бірыңғай жүйені құру қажет.
Үшінші кезеңде, алаптық бақылау, Қазақстанның су ресурстарының жиналуы, пайдаланылуы және қорғалуы динамикасын бақылаудың жер беті және ғарыштық құралдарын біріктіру.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты біраз жылдардан бері су өлшегіш құралдары мен жабдықтарын жетілдіру жұмыстарымен айналысуда. Осы құралдардың көмегі арқасында су қорларын тиімді пайдалануға болады.

Нұрлан БАҚБЕРГЕНОВ,
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының
ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support