Саясат

Терең білім адасудан сақтайды

Терең білім адасудан сақтайды

Ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні болды. Қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын. Дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін ислам атын жамылған ағымдар бар. Соның ішінде әйелдердің діншілдік деңгейі ерекше арта түскенін аңғарамыз. Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және зайырлы құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін берсе, дін жолындағы ізденістердің әртүрлі мүдделі күштер ықпалымен радикалды және теріс пиғылды идеологияға арбалуы түпкі нәтижесінде тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарға соқтырады. Заманауи жаһандық діни ахуал «экстремизм феминизациясы» феноменінің қалыптасуына негіз қалауда. Жаһандық деңгейде бұл феномен төмендегі сипаттарда көрініс тауып отыр: – радикалды топ мүшелері арасында әйелдер санының көбеюі; – әйелдердің ғаламтордағы, әсіресе әлеуметтік желілердегі экстремистік бағыттағы ақпараттық-насихат жұмыстарына белсенді түрде араласуы; Қазір дәстүрлі емес діни көзқарастағы ағым өкілдері арасында оқшауланған әйел жамағаттары белгілі бір дәрежеде қалыптасып үлгереді. Олар негізінен дәстүрлі емес көзқарастағы ағым өкілдерінің отбасы мүшелері. Бүгінде елімізде экстремизм фенимизациясы құбылысы байқалады. Олар ерінің нұсқауларына бағына отырып, кәмелет жасына толмаған балаларды дәстүрлі емес көзқараста тәрбие құқықтары мен бостандықтарына белгілі бір дәрежеде шектеу қоятын төмендегі әрекеттерді жүзеге асыруда. Мектеп жасындағы қыз балаларға хиджаб кигізу, балаларды «Өзін-өзі тану», «Биология» («Анатомия және физиология»), «Бейнелеу», дене тәрбиесіне, би өнеріне қатыстырмау арқылы мектеп бағдарламасындағы жекелеген пәндер мазмұны мен зайырлы білім жүйесіне қарсы сыни көзқарас қалыптастыруда. Осылайша радикалды идеялардың таралуына мүдделі күштер өз мақсаттарын іске асырып, экстремизм фенимизациясын күшейте түсуде. Мемлекеттік мекемелердегі қыздар және әйелдер аудиториясымен жүргізілетін алдын алу шараларының негізгі мақсаттары: зайырлылық көзқарастарды бекіте түсу, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар туралы түсінік қалыптастыру, қазіргі діни ахуал туралы ақпараттандыру, конфессияаралық бірліктің мән-маңызын түсіндіру, теріс діни және радикалды ағымдардың іс-әрекеті, зардабы, олардан сақтану жолдары туралы толыққанды мәлімет беру, дәстүрлі рухани мәдениет жөніндегі білімдерін тереңдету, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімдерді ұштау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау. Бұл мақсаттар сырт қарағанда діни санамен тікелей байланысты емес, дегенмен тұлғаның рухани сұраныстарын қажетті деңгейде қанағаттандыра алады. Өйткені кез келген тұлға дінді жеке-дара сенім күйінде емес, барша рухани құндылықтармен, тұлғалық ұстанымдарымен, өмір сүру салтымен тұтастықта қабылдайды. Аталған мақсаттарды кешенді түрде жүзеге асыру рухани деңгейі жоғары, зайырлы, толыққанды тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұндай аудитория санасы жан-жақты жетілгендіктен теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық әлсіреуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты аудитория болып қалыптасады.

Альбина Сембекова, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары.