- Advertisement -

Олжас Омарбеков: Ағылшындардан үйренеріміз көп

125

- Advertisement -

Жамбылдықтар арасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жетілдіріп келгендер жетерлік. Мұхит асып, білім нәрімен сусындаған сондай жастардың бірі – Олжас Омарбеков. Ол Ұлыбританияның беделді университеттерінің бірі UCL-да телекоммуникация мамандығы бойынша магистрлік дәрежесін алды. Бүгінде Олжас «ҚазТрансКом» компаниясында кезекші инженер болып қызмет атқарып жүр. Таяуда онымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

IMG_1901 Олжик– Олжас, «Болашақ» стипендиясын қалай жеңіп алдың?
– Шетелде оқу бала кезімнен арманым болатын. «Болашақ» стипендиясы туралы бұрыннан естіп жүретінмін. Алматыдағы Энергетика және байланыс университетін тәмамдаған соң бағымды сынап көргім келді. Шынымды айтсам, Англияға оқуға түсіп кетемін деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Әуелі құжаттарды өткізіп, емтихандарын тапсырғанмын. «Стипендия иегері атандың» деген ақжолтай хабарды естігенде өз құлағыма өзім сенген жоқпын.
Англияда ең әуелі Саутгемптон университетінде 1 жыл тілдік курстан өттім. Кейіннен University College of London университетіне телекоммуникация мамандығы бойынша магистратураға түсіп, оны жоғары деңгейде тәмамдап шықтым.
– Шетелде білім алып келу өміріңде нені өзгертті?
– Өмірім түбегейлі өзгерді деп айтуға келмес. Алайда, кез келген нәрсеге салыстырып, сынмен қарау пайда болды. Кейде Англия мен Қазақстанды салыстырамын. Индивидке жасалған жағдай бойынша, ол жақтың таразы басы басымырақ, алайда өз еліңе ештеңе жетпейді ғой. Ағылшындардың «critical thinking» деп аталатын жүйесі көзқарасыма жаңа серпін әкелді. Өйткені, оқуға түсе сала сындарлы ойлау туралы әрдайым үйретіп отыратын. Яғни, бір мәселеге әр жақты көзқараспен қарау керек. Мысалы, берілген үй тапсырманы орындағанда бір автордың еңбегімен ғана шектелуге болмайды, бірнешесін ескеруге міндеттіміз. Мына автордың пікірі былай, келесі автор басқаша айтыпты, ал үшінші бір автордың ойы оларға қарама-қайшы екен, дәлелдері былай деп жазып шығамыз. Тапсырманың соңында өз қорытындымызды беруге міндеттіміз. Бұл сындарлы ойлау әдісі маған көп септігін тигізіп жатыр. Мәселен, жұмыста тиімді шешім қабылдауға, берілген тапсырманы шешудің бірнеше жолын қарастыруға көмектеседі. Күнделікті өмірде кездесетін жаңалық не басқа ақпарат көргенде, сындарлы көзқараспен қарау қалыптасып қалды. Яғни, кез келген ақпаратты қазір сараптап қабылдаймын.
– Жалпы, Англия білім жүйесінің қандай ерекшелігі бар? Біздің елден айырмашылығы неде?
– Ұлыбритания білім жүйесінің өзім байқаған екі ерекшелігі һәм біздің елден айырмашылығы бар. Ең біріншісі – студенттерге жасалған жағдай. Университеттердің кітапханасы 24 сағат бойы жұмыс істейді. Неше түрлі үйірмелер, жаттығу залдары, құны миллиондаған доллар тұратын зертханалық лабораториялар, әр дін өкілдеріне арналған арнайы құлшылық жасайтын бөлмелер секілді студентке керектінің бәрі толып жатыр. Оған қоса, әлемдегі бүкіл ғылыми жұмыстарды тегін оқуға мүмкіндік мол. Интернет жүйесі бүкіл студентке тегін таратылады. Сондай-ақ аталған интернетке Ұлыбританияның кез келген университетінен кіруге болады.
Англия жоғары оқу орындарының келесі ерекшелігі – ұстаздардың деңгейі. Ол жақта әр мұғалім – өз ісінің шебері. Мәселен, мен оқыған UCL университеті ұстаздарының көпшілігі өндірісте жұмыс істеген тәжірибесі мол мамандар. Олар жаңа тақырып өткенде өндірістен мысалдар келтіре отырып түсіндіретін. Менің ойымша, біздің оқу орындарына осы жағы жетіспейтін сияқты. Бізде жалпы тақырып тек кітаптың теориясымен шектеліп жатады. Ал мұғалімдердің көпшілігіне өндірістік тәжірибе жетіспейді. Әсіресе, техникалық мамандықтарда мұндай келеңсіздік жиі кездеседі. Бізде зертханалар да тапшы. Жоғарыдағыларға қоса, қонақ лекторлар (guest lecturers) жиі шақырылатын. Алпауыт фирмалардың бастықтары, бас инженерлер келіп, өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, сұрақтарға жауап беретін. Меніңше, бұл – өте жақсы жүйе. Тағы бір ерекшелігі – мұғалімдер қалжыңға жақын. Ыңғайы келгенде әзіл айтып бүкіл аудиторияны күлкіге қарық қылатын.
Осы орайда, мынаны ескеру керек. Англияда университеттің ашылғанына пәленбай ғасыр болған. Сондықтан еліміздегі білім жүйесімен тікелей салыстыру негізсіз деп есептеймін. Әйтсе де, Назарбаев университеті, КИМЭП, СДУ және КБТУ оқу орындарының шетелдіктермен терезесі тең.
– Ол жақта емтихан қалай өтеді, оқу үлгерімін қалай бағалайды?
– Емтихан тапсыру – кәдімгідей сынақ. Онда тек өз дайындығыңызға және алған біліміңізге ғана сенесіз. Біздегідей көшіру, телефон қолдану деген атымен жоқ. Ұсталып қалсаң, университеттен шығарып жіберу қаупі бар. Бір қызығы, студенттер де ұстап беруі мүмкін. Себебі, олардың түсінігінде бұл – өте әділетсіз және жиіркенішті тірлік болып саналады. Яғни, ол жақтағы көзқарас тіпті басқа. Ал курстық жұмыстар кезінде студенттерге еркіндік бар. Берілген тапсырманы шешу жолдарына шектеу қойылмайды. Тек сөз саны мен эссе жазу ережесін сақтасаңыз болғаны. Сондай-ақ, біреудің еңбегін пайдаланып кетуге қатал қарайды. Англиядағы университет заңы бойынша, плагиат – өте ауыр қылмыс болып саналады. Алда-жалда ұрлық материалмен қолға түссе, ұстаздар да, студенттер де жақтырмайды. Эссе жазу барысында біреудің сөзін, пікірін, формуласын немесе суретін көшіргенде міндетті түрде түпнұсқаға сілтеме көрсету керек. Оған қоса, сөзбе-сөз көшіруге тыйым салынған. Түпнұсқаны өңдеп, өз сөзіңмен беру міндеттелген.
– Шетелде тұрған қиын болған жоқ па? Қандай ерекшеліктер есте қалды?
– Ұлыбританияда тұрған қиын емес. Себебі, халыққа көп жағдай жасалған. Қалада жүріп-тұру оңай, транспорт жүйесі өте жақсы дамыған. Кептелісте тұрып уақыт құртпайсыз. Қағаз жинап әр мекемеге жүгіру деген нәрсе мүлдем азайтылған. Бәрі онлайн жүйемен жасалады. Транспорттары экологиялық таза. Ол жақтың мәдениеті де, менталитеті де басқаша. Ағылшындар кезекте тұрғанды ұнатады. Қай жерге барсаң да, қаздай тізілген адамдар. Бір-бірінің ақысын жемей, уақыты тым аз болса да кезекті бұзбайды. Кейде метро жүйесі белгілі себептермен істен шыққанда, автобус аялдамасында жүздеген метрге созылған кезекте тұрған жолаушыларды көруге болады.
Сонымен қатар олар тарихи ғимараттар мен ескерткіштерді барынша сақтауға тырысады. Оны ақша табу көзіне айналдырған. Ескі үйдің жанынан заманауи ғимаратты кездестіру үйреншікті жағдай. Өз өнімдерін майын тамыза жарнамалау жақсы дамыған. Мәселен, әлемге әйгілі Стоунхенджді алып қарайық. Тіктеліп, шеңбер бойымен қойылған тастар, алып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Бірақ, қолдарына фотоаппарат ұстаған туристер сол жақта толып жүр. Немесе ел патшайымының резиденциясына барып, жататын төсегін, шәй ішетін ыдысын көру үшін талай адам Букингем сарайына ағылады. Былай қарасақ, біздің елде тарихи жерлер өте көп. Ағылшындардың өз тарихын жарнамалауын үйренсек, біздің елге де турист ағылатын еді.
– Әңгімеңе рахмет, жұмысыңа табыс тілейміз!

Әңгімелескен Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support