- Advertisement -

Бірлескен жұмыстың жемісі мол болады

103

- Advertisement -

Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың қазіргі жағдайы мен өзара іс-қимыл жасау жөнінде облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс жөніндегі кеңестің жиыны өтті. Шараға кеңес мүшелері, облыс әкімдігінің салалық басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Жиын барысында негізгі үш мәселе талқыға салынды. Әуелі әкімдіктің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, былтыр ҮЕҰ-дармен бірге белсене атқарылған жұмыс нәтижесінде бұқаралық спортқа арналған 3 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2,5 мыңнан астам адам қатысқан.
– Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері молайып келеді. Олар атқарушы билік органдарымен қатар, мемлекеттік тапсырыс аясында көптеген қоғамдық-саяси және көпшілік шаралар атқаруда өзіндік тәжірибе жинақтады. Осыған орай, спорт басқармасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып екіжақты талай шаруа атқарды. Мәселен, 2016 жылы 4 лот бойынша 4 миллион 138 мың теңге қарастырылды. Бұл қаржының бәрі саламатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға жұмсалды, – деді Нұржан Жолдасбеков.
Одан кейін сөз алған Меркі және Байзақ ауданы әкімінің орынбасарлары баяндамасы кезінде аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы және оларды қаржыландыру мәселесі қызу талқыға түсті. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, кеңес төрағасының орынбасары Рахия Тұрмаханбетова аудандардағы ҮЕҰ-дарға бөлінген қаржының әр алуандығына таңданысын білдірді. Мәселен, былтыр Меркі ауданында үкіметтік емес ұйымдарға 500 мың теңгенің лоты жарияланған. Аудан әкімінің орынбасары Марат Қасымның айтуынша, ұсыныс тастаған ұйымдардың құжаты талапқа сай келмегендіктен, олардың қызметінен бас тартылған екен.
Сондай-ақ, жиында үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтерін дерекқорға алу мәселесі де талқыға түсті. Мәселен, облыстағы 708 ҮЕҰ-дардың 254-і ғана дерекқорға мәлімет ұсынған. Көптеген аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорға тіркелуі мәз емес. Мәселен, Талас және Мойынқұм аудандарында 2 бірлестік мәліметін өткізсе, Сарысу ауданында ешқандай ҮЕҰ дерекқорға тіркелмеген екен. Есесіне, Шу ауданында жұмыс істейтін 42 ҮЕҰ-ның 33-і дерекқорға мәлімет өткізген көрінеді. Кеңес барысында аталған ұйымдарды тезірек дерекқорға тіркеу тапсырылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 489-1-бабы бойынша, үкіметтік емес ұйымдар заңға қайшы әрекет жасаған жағдайда 1-ші жылы ескерту жасалып, 2-ші жылы 25 АЕК көлемінде айыппұл салынып, жұмысы 3 айға тоқтатылады. Алда-жалда облыстағы ҮЕҰ-дар дерекқорға мәліметтерін уақтылы өткізбейтін болса, осындай жаза қолдану мәселесі де айтылды.
– Аудандардағы ішкі саясат бөлімдері өздерінің жұмысын ширатуы керек. Олар тексеру жасауға құқылы. Бірінші мәрте ескерту жасалады. Одан кейін ғана әкімшілік жауапқа тартылады. Дерекқорға үкіметтік емес ұйымдардың тіркелуіне ішкі саясат бөлімдері де мүдделі болуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметтің ашықтығына және тұрғындардың таңдауына мүмкіндік жасайды, – деді Рахия Тұрмаханбетова.
Сонымен қатар жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларға бөлінген қаражат көлемі де сөз болды. Рахия Сейітбекқызының айтуынша, Байзақ ауданы осы бағытта 27,5 миллион теңге бөлсе, Жамбыл ауданында 500 мың теңге қарастырылған. Аталған мәселеге байланысты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мекемесіне осы жағдайды реттеуге, аймақтардағы қаржы бөлуді жүйелендіруге тапсырма берілді. Басқосу барысында облыстағы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл туралы сөз болды. Бұл жайлы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы Мақпал Досымбекова есеп берді.
Кеңес соңында баяндама-шылардың жұмыс тәжірибелері назарға алынып, әлеуметтік жобалардың конкурстарын уақтылы өткізуді қамтамасыз ету, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс лоттарының тақырыптарын қалыптастыру тәжірибесін кеңейту, атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізу секілді үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіруге қажетті маңызды ұйғарымдар қабылданды.

Абай отар,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support