«Нұрлы әлем»- Астананың жаңа бренді
«Нұрлы әлем»- Астананың жаңа бренді
Жалпы аумағы 174 гектар жерді алып жатқан 35 нысаннан тұратын ЭКСПО қалашығын шын мәнінде болашақтың қаласы деуге болатындай. Көгілдір түсті шыныдан тұрғызылған сәулет өнерінің қайталанбас туындыларын көзбен көріп, көңілмен сезінгенде қиял-ғажайып шығармалардың сюжетіне азық болған шытырман оқиғалардың арасында жүргендей күйге түсеріңіз анық. Қалашық орталығында орналасқан алып шар бейнесіндегі «Нұрлы әлем» – көрменің ең басты және негізгі нысаны. Иә, Астананың, жалпы Қазақстанның болашақ бренді де осы алып шар бейнесіндегі «Нұрлы әлем» болатын сияқты. Қазірдің өзінде ол отандастарымызды былай қойып, шетелдік журналистердің тамсана айтатын әңгіме өзегіне айналып үлгергендей. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын, диаметрі – 80, биіктігі 100 метрлік ғимарат шар тәрізді нысандардың әлемдегі ең алыбы болып табылады. Бұл қайталанбас сәулет өнерінің туындысы осынысымен-ақ тарихтан өзінің лайықты орнын алған секілді.
Сегіз қабаттан тұратын сфераның әр қабаты әртүрлі тақырыптарға арналған. Ең жоғары қабатында 2050 жылғы болашақ Астананың бейнесі макет түрінде бар сәулеті мен сәнін алдыңызға тартады. Онда бүкіл ЭКСПО қалашығы көлемінде болып жатқан әдемі көріністерді тамашалауға мүмкіндік беретін арнайы шолу алаңдары бар. Жетінші қабат ғарыш қуатына арналса, алтыншы қабатта күн қуатын алу мен пайдаланудың келешек көкжиегі көрініс тапқан, бесінші қабат бүгінде жиі қолданылып отырған жел қуаты технологиясына арналса, төртінші қабатта биоэнергетиканың мүмкіндіктері таразыланады, үшінші және екінші қабаттарда жер қуатының мүмкіндіктеріне де ой жүгіртіледі. «Нұрлы әлемге» кіріп, ол жайында толық ақпарат алып, аралап шығу үшін кем дегенде 3-4 сағат уақыт жұмсауға тура келеді екен. Ал жалпы халықаралық көрмені аралап, ол туралы толыққанды ақпарат алып, көрменің мақсаты мен мәнін түсіну үшін 3-4 күн қажет. Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің болашақ энергетикалық әлеуетін көз алдыңызға әкелетін айтулы көрмені атүсті қарап, асығыс шола салмай, мәні мен маңызын тереңірек түйсіну, болашақ дамуымыздың мүмкіндіктерін жан-жүрегіңмен шынайы қабылдау қажет болары анық. Көрменің ашылу салтанаты өткен Конгресс-орталығы мен амфитеатр, қалашық маңындағы алып мега ойын-сауық орталығы және медиаорталық – бәрі де ең соңғы сәулет өнерінің ғажайып үлгілерімен салынған көркем ғимараттар. Ал көрменің негізін құрайтын павильондар сфераны қоршай орналасқан. Көрмеден отандық ғалымдардың үздік жобаларын, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамаларын, «Жасыл экономиканың» республика аймақтарында жемісті жүзеге асырылған жобаларымен танысуға мүмкіндік бар. Егер Қазақстан павильонында көрермен табиғаттың тылсым күшінен туған барлық жаңғыртпалы энергия түрлерімен танысатын болса, тақырыптық павильондарда меймандарымыз энергия эволюциясын, оның бүгіні мен болашағын танып-түсінуге, 21-ғасырдың энергетикалық қиындықтарын байқауға, технологиялық және зияткерлік жетістіктерді елестетуге, планетамызға орасан зор әсер ететін энергия тұтыну мәселесін көруге мүмкіндік алады. Бұл айтулы шараны елімізде өткізу үшін, яғни ЭКСПО қалашығын салуға 400 миллиардтан астам теңге қаржы жұмсалыпты. Доллар бағамына шақсақ, 1,3 миллиард доллар. «Қыруар қаржы жұмсап салынған ғимараттар болашақта қандай мақсатқа пайдаланылады?» деген сауалға «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов қайталанбас сәулет ерекшеліктерімен салынған көрме ғимараттарына қызығушылықтың жоғары екендігі, оған ұсыныстар түсіп жатқандығы, соған орай бұл нысандардың бәрі болашақта ел пайдасына жарайтындығы жайында айтып берді. Мәселен, алып сфера – «Нұрлы әлем» сол қалпында еш өзгеріссіз музейге айналдырылмақ. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар екенін айта кеткен артық болмас.
Халықаралық көрмені тамашалауға үш айдың ішінде Астанаға 5 миллиондай адам келеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде 1,2 миллион билет сатылыпты. ЭКСПО-ның пайдасы тек келушілерден түсетін ақшамен ғана шектелмейді. Көрме аясында 6 мыңға тарта түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтеді екен. Италияның өзінен труппасының құрамы екі мың адамнан асатын циркі, әлемді тамсандырған атақты әншілері мен өнер адамдары келеді деп күтілуде. Ендеше, қызықтың бәрі алда.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».