Ширек ғасырдан астам су көрмеген арналар аршылды
Ширек ғасырдан астам су көрмеген арналар аршылды
Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге алты нақты тапсырма берді. Жолдауда: «...бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет» деп атап көрсетілген. Жолдаудан туындайтын осындай міндеттерді жан-жақты түсіндіру үшін облыстық қоғамдық кеңес Байзақ ауданында қоғамдық тыңдау өткізген болатын. Онда аудан тұрғындары нарықтық қатынастың алғашқы жылдары айналымнан шығып қалған суармалы алқаптарды қайтадан іске қосуға ықпал етуді сұранған еді. Әсіресе, бір тамшы ағын суға зар болып отырған Темірбек және Көптерек ауылдық округтеріне қарасты Шахан, Сарбарақ, Кеңес ауылдары үшін мәселе аса өзекті болып келді. Мәселені облыстық қоғамдық кеңес облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың назарына ұсынып, арнасы кеуіп қалған каналдарды аршуға тиісті қаржы бөлінуін сұранған болатын.Облыс әкімі бұл өтінішке түсіністікпен қарап, көп өтпей-ақ «Темірбек» және «Кеңес-2» каналдары арналарын тазалауға жергілікті қазынадан 30 миллион теңге бөлінуіне ықпал еткен.Тиісті құжаттарын реттеу бірнеше айға созылып кеткенімен, Тараз қаласындағы «Жан-Ақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске кірісіп кетті. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған кеңес мүшелері ширек ғасырдан астам су көрмей арнасы кеуіп, қамыс, басқа да түрлі шөп-шалам басқан канал табанын аршу жұмысымен мұқият танысты. Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауыл шаруашылығы саласы дамыған өңірдің тыныс-тіршілігінен қысқаша хабардар етіп, суармалы егіс алқаптарын ұлғайтуда қолға алынып жатқан шаралар жөнінде айтып берді. Ауданда алдағы жылы басқа да егіс алқаптарымен қатар қызылша дақылының алқабын ұлғайтуға мүмкіндік молаймақ. – Мен осында туып-өстім. Барлық ғұмырым ауыл шаруашылығы саласында еңбек етумен өтті. Ауыл қариялары алты жылдан бері осы каналды аршу жайын көтерумен келдік. Енді, міне, тілегіміз орындалып, арнасы бітелуге жақын қалған канал аршыла бастады. Бұл ауылдықтарды айрықша қуанышқа бөлеуде, – деді еңбек ардагері Қырықбай Айнақұлов. Бастауын «Темірбек» тоғанынан алатын каналды аршу, тазалау жұмыстарына біраз техника күші жұмылдырылуда екен. Мердігер мекеменің басшысы Мұстахим Рахманқұлов: «Жоспар бойынша бес айда бітуі тиіс жұмысты екі айда аяқтаймыз», – деп отыр. Ж.Кәрібаев мердігер мекеме басшысына жұмыс сапасына барынша мән берілуі керектігін, бұл мәселе қоғамдық кеңестің де тұрақты назарында болатынын қадап айтты. Сәтін салса ұзындығы 25 шақырымға созылған канал арқылы 1200 гектардай алқапқа су жеткізіліп, егін шаруашылығы қайтадан қарқын алып, ауыл да жасыл желекке бөленетін болады. Абай және Кеңес ауылдары аралығындағы ұзындығы 12 шақырым болатын «Кеңес-2» каналын да аршу, тазалау жұмыстары басталып кеткен. 2381 тұрғыны бар іргелі ауылдың бір түйткілі – егін суының мәселесі осылай оңынан шешіліп отыр. Бұл елді мекен тұрғындарының да қуанышында шек жоқ. Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов қоғамдық тыңдаулар барлық аудандарда өтетінін, онда көтерілген мәселенің бірде бірі аяқсыз қалмайтынын жеткізіп, халық пен билік арасында дәнекер бола беретінін айтты.
Амангелді Әбіл,
«Ақ жол».
Байзақ ауданы.