Саясат

Рухы мықты елдің еңсесі биік

Рухы мықты елдің еңсесі биік

Ғалымжан Сағынтаев, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір дәстүрлі Жолдауы мен ел дамуының тірегіне айналған мемлекеттік бағдарламалары өзіндік ерекшеліктерімен әрі өзектілігімен, көтерілген мәселелердің іске асыру тетігін қоса ұсынуымен дараланып, көпшілік арасында зор қолдауларға ие болып келеді. Президентіміздің дана саясатының арқасында Қазақстан 2007 жылдары белең алған қаржылық және экономикалық дағдарысты оңай еңсерді. Сол жылдардың өзінде әлеуметтік қолдаулар бәсеңдеген жоқ. Қайта өндіріс өркендеп, ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар іске асырыла бастады. Бұл өз кезегінде экономикамыздың тұрақтануына әсер етті. Даму мен өсіп-өркендеуге еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен өзара келісім, ынтымақ пен бірліктің негіз болғаны шындық. Көп ұлтты отандастарымыз берік ауызбіршілік пен жалпыға ортақ еңбек дәстүрін қалыптастырды. Соның арқасында рухы биік ел болдық, ұлттық руханият тағылымдарын бойымызға жинадық. Ұлт Көшбасшысы ұмыт болып бара жатқан батыр бабаларымыз бен билеріміздің, ел азаттығы жолында шейіт болған Алаш арыстарының есімдерін ел жадында қайта жаңғыртты, ұрпағымен табыстырды. Осылайша рухани жаңғыруымызға жол ашып берді. Маған осы ұлт мүддесі, болашақ ұрпақтың қамы, жас мемлекеттің келешегі үшін жасалған оң қадамдардың бәріне Елбасымыздың ел мен жер, тарих пен танымға, рух пен тәрбиеге арқау болған 2014 жылдың тамызындағы ұлтымызға қалқан болған Ұлытау етегінде берген сыр-сұхбаты өзек болып тұрғандай көрінеді. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы соның жалғасы секілді. Біз мәдени жұтаңдықтан сақтануымыз керек. Төрге шығып төрелік айтқан Ұлы Даламыздың озық ойлы би-шешендері ұлтымыздың бай мұрасы, сарқылмас қазынасы болған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына адал болуды, көздің қарашығындай сақтауды тебірене толғамап па еді?! Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің мазмұны терең, маңызы зор тарихи мақаласында бүгінгі қоғам мен ұрпақ алдында тұрған келелі міндеттерді айқындап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді. Кез келген жаңғырудың ықылым замандағы ұлт қамын ойлаған, ұрпағына жерұйық іздеген Асанқайғыдан бастап, кешегі ұлы Абай мен өз алдына ел болуды көксеген Алаш арыстарының арманымен астасып, тарихтан нәр алуы тиіс екенін айтты. Табысты болудың ең басты факторы білім екенін ескертіп, қасаң қағидаларды ысырып тастауға кеңес берді. Иә, жаһандану ғасырында білім мен ғылым ерекше құндылыққа ие. Өйткені, білім ғылымға жол ашады, ал ғылым дамыса, экономикамыз Төртінші өнеркәсіптік революцияға төтеп бере алады. Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мәні зор. Осы арқылы әлемдегі аса құнды әдеби және тарихи туындылар ана тілімізге аударылатын болады. Бұл жастарымыздың ой-санасын ашуға тыңнан салынған жол болмақ. Яғни, Ұлт Көшбасшысы Абайша айтсақ, рухани жаңғырудан «толық адам» болуды көздеген ұлы идеясын көпшілікке ұсынды. Ел назарын аударған жобалардың бірі – «Туған жер» жобасы дер едім. Әрбір азамат үшін оның туған топырағы ерекше ыстық. Бұл ұсыныс бүгінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ елімізде қызу қолдауға ие болуы да, содан шығар. Елбасы осы арқылы ауыл мен қаланың арасын қайта жалғап, ауыл түлектерін туып-өскен қасиетті ауылымен байланыстарын қайта жаңғыртуға шақырып отыр. Өйткені, ауыл да мемлекеттің бір тірегі. Ауылдың ажарын ашсақ, ауылды көркейтуге үлес қоссақ, көпшіліктің алғысына бөленер едік. Осындай маңызы зор, мақсаты биік жұмыстардан бүгінде жалпыхалықтың қолдауына ие болған «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі құрылымдары да сырт қалмасы анық. Өйткені, еліміздегі ең ірі саяси күшке айналған партияға сенім артатындар көп.