Биыл 34 ұйым бәсекелес ортаға беріледі
Биыл 34 ұйым бәсекелес ортаға беріледі
Елбасы Үкіметке мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға беру туралы нақты міндеттер жүктеп келеді. Биыл жыл басындағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «...Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын» деп нақты міндет жүктеді. Жолдауда ірі компанияларда ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету қажет екенін, Ye11ow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47 пайызға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік бергені атап көрсетілген. Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мыңдап саналады. Елбасы міндеттеген тапсырманы орындау барысында облыс басшылығымен бірлесе мемлекеттік маңызы бар шараны ойдағыдай жүзеге асыру жолында нақты жұмыстар атқарудамыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 11 сәуірдегі №194 қаулысына сәйкес, облыс бойынша барлығы 37 ұйым жекешелендіру тізіміне енгізілген, оның 33-і коммуналдық меншіктен, 4-еуі «Тараз» ӘКК»ҰК» АҚ-нан. 37 ұйымның 34-і 2017 жылы бәсекелес ортаға беріледі, яғни бұл тұрғыдағы көрсеткіштің орындалуы 92 пайызды құрайды және келер жылы «Жамбыл-Жылу», «Айша-бибі» санаторийі» КМК мен «Торгово-закупочная компания» ЖШС жекеге өтіп, 8 пайызды құрамақ. Жекешелендіруге жататын 33 ұйымнан 2015-2016 жылдары сенімгерлік басқаруға «Болашақ», «Рауан» балаларды сауықтыру лагерьлері коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары, «Жасыл Ел-Тараз», «Тараз тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының №2, №6, №7 қалалық емханалары коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары, «Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасы», «Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталық», «Жамбыл облыстық тері-венерологиялық диспансері» сенімгерлік басқаруға берілді. Ал Талас ауданы әкімдігінің «Авангард» КМҚК мен Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің «Жасыл Құлан» ЖШС таратылды. Алдағы уақытта 4 қазыналық кәсіпорын таратылатын болады. Олар: «Әулие-Ата» ат спорты клубы», «Қазақ күрес клубы», «Тараз» волейбол клубы», «Жамбыл» бокс клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары. Бәсекелес ортаға берілетін қалған нысандар бойынша іс-шара жасалынып (жол картасы), облыс әкімдігі қаржы басқармасының биылғы 29 мамырдағы бұйрығымен мемлекеттік тізілімге енгізілді. Іс-шараға сәйкес үстіміздегі жылы «ТаразҚұрылысПроект» ЖШС-ның 49 пайыз мемлекеттік үлесі 2 788,4 мың теңгеге сатылды. Ал «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы 2017 жылдың 12 мамырында сауда-саттыққа шығарылды, алайда өтініштердің түспеуіне байланысты сауда-саттық өтпеген деп танылды. Кезекті сатылым биылғы шілде айында өткізілетін болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 4 ұйымы (№1, №4, №9 қалалық емханалары мен Жамбыл облыстық кеңес беру медициналық орталығы кәсіпорындары) мен облыстық спорт басқармасының «Айша бибі» су добы клубы» бойынша бағалау жұмыстары жүргізіліп, нәтижелері мемлекеттік тізілімге енгізілді. Жолдауда жекешелендірудің жариялығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігі де айтылды. Мемлекеттік маңызы бар шараны барынша ашық өткізіп келеміз. Жекешелендірудің тиімділігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануда. Ал тендерлерді өткізу туралы ақпарат республикалық «ЗакупИнфо» газетінде жарияланып, мемлекеттік тізілімге енгізілетін болады. «Тараз» ӘКК»ҰК»АҚ бойынша бәсекелес ортаға берілетін екі ұйым – «Керімбай Оязбекұлы атындағы «Көктал» және «Әбдір Сағынтаев атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері биыл жекешеге шығарылса, «Тоғызкент» ЖШС алдағы қараша айында және «Торгово-закупочная компания» ЖШС келер жылы бәсекелес ортаға беріледі.
Сәкен АСАТОВ, облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы.