Спорт және туризм

Кіндіктен төмен ұрып, жеңіске жетті

Кіндіктен төмен ұрып, жеңіске жетті

Кәсіпқой бокста «Krusher» лақап атымен танылған ресейлік Сергей Ковалев АҚШ боксшысы Андре Уордпен қарымта кездесу өткізіп, екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Жартылай ауыр салмақ дәрежесінде өткен шайқаста WBA (super), IBF, WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атақтары сарапқа салынды. Аталмыш белбеулерді өткен жылдың қараша айында Андре Уорд Сергей Ковалевті ұтып, иеленген болатын. Жұрт асыға күткен жекпе-жектің алғашқы раундтарында ресейлік боксшы екпінді, тегеурінді көрінген болатын. Алайда, раунд өткен сайын америкалық боксшы қаһарына мінді. Қорғана жүріп ұрыс салатын Андре Уордты көпшілік лас боксшы ретінде таниды. Сол әдетінен танбаған Андре бірнеше мәрте ереже бұзып, белден төмен соққы жасаса да, рингтегі төреші байқамаған сыңай танытты. Сегізінші үш минуттықта Андре Уорд тым белсенді көрінді. Ковалевтің соққысынан жалт беріп, қарсы соққы бағыттады. Жойқын соққы Сергейдің тура иек тұсына дөп тиіп, ресейлік былғары қолғап шеберін шайқап жіберді. Осы сәтте шабуылға лап қойған Уорд Ковалевтің белінен төмен «аймаққа» бірнеше соққы жасады. Қауіпті соққыдан дем жетпей отыра кеткен Ковалевті төреші нокаутқа түсті деп, кездесуді тоқтатты. Төрешінің қателігінен ресейлік боксшы мерзімінен бұрын жеңіліске ұшырады. Өкінішті, әрине...

Жалғас Оразбек, ҚазҰУ-дың студенті.