Еркебұлан «тараз» сапындағы алғашқы голын соқты
Еркебұлан «тараз» сапындағы алғашқы голын соқты
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры аясында жерлестеріміз «Тараз» футбол клубы Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдап, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Кездесу бастала салысымен Ваит Талгаев шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына алып, алаң қожайындары кім екенін айғақтай білді. Әсіресе, Максим Фещук пен Жан Морис бастаған шабуыл шебі павлодарлық команданың ойыншыларын әбден әбігерге салып, мазасын қашырды. Стадионға жиналған жанкүйерлер алғашқы голды ұзақ күткен жоқ. Ойынның 12-ші минутында Тараз командасының жартылай қорғаушысы Бахтияр Зайнудинов алдыға ентелей ұмтылып, есеп ашты. Жергілікті команданың жылдам соққан голы жанкүйерлерді желпіндіріп тастады. Тараздықтардың бірінші голынан кейін «Ертіс» командасы жауап гол соғып, таразы басын теңестіруге барынша тырысып бақты. Алайда, осы кездесуде жамбылдық ұжымның жігіттері сауатты қорғанып, қарсы шабуылдарды жылдам ұйымдастыра білді. Сондай сәтті қарымта шабуылдардың бірінде Ресейдегі Гранаткин кубогында жасындай жарқыраған 17 жасар бозбала Еркебұлан Сейдахмет мергендігімен көзге түсіп, «Тараз» сапындағы алғашқы голын соқты. Алаң ортасында допты бір ғана қимылмен алып кеткен оның шеберлігіне жанкүйерлер сүйсінді. Ойынның екінші бөлігінде қос команда футболшылары да бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Алайда таблодағы 2:0 есебі өзгерген жоқ. Осылайша, екпіні қатты «Ертісті» тоқтатқан «Тараз» футболшылары бұл жеңісінен кейін 7-орынға көтерілді. Алдағы ойындарда жамбылдық футболшылар жеңісті жорықтарын жалғастырса, алғашқы алтылықтың да ауылы алыс емес.
Ардақ Сапибулла, ТарМУ-дың студенті.