- Advertisement -

Жұлдыздарың жансын, жампоздар!

95

- Advertisement -

«Астана арландары» мен «Куба қабыландары» Астанада шайқасады

Бүкіләлемдік бокс сериясында ақтық сынға жолдама алған «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы шешуші айқаста кубалық «Куба қабыландары» командасымен шайқасатыны белгілі. Таяуда финалдық бәсекенің қайда өтетіні белгілі болды. Ұйымдастырушылар жылдың соңғы шайқасын Қазақстан астанасы Астана қаласында өткізуді жөн деп тауыпты.
Ақтық сын 15 шілде күні елордамыз Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтпек. Қазақстандық команда осы жобада екі мәрте топ жарса, кубалықтар бір мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын. 2015 жылы Астанада өткен финалдық бәсекеде «Астана арландары» дәл осы «Куба қабыландарынан» айласын асырып, екінші мәрте чемпион атанған-ды. Демек, «Куба қабыландары» осы жолы қалайда қарымта қайтаруға тырысады. Әлбетте, қарсыластарымыз оңай шағылатын жаңғақ емес. Әйтсе де, «Астана арландары» командасы доданың үш дүркін жеңімпазы атану үшін бар күшін сарқа жұмсайтыны талас тудырмайды. Біз оған бек сенімдіміз. Оның үстіне ұлттық құрамадан 75 келідегі Әбілхан Аманқұл, 91 келідегі Василий Левит, +91 келідегі Қамшыбек Қоңқабаев «Астана арландарына» көмекке келеді. Олар жеңістің ауылын жақындатуға күш салатыны анық. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов: «Астана арландары» сапында кіл мықтылар жиналған. Сол себепті біз тек 75, 91, +91 келідегі боксшыларды жіберіп отырмыз», – дейді.
«Астана арландары» клубы 7 маусымда да жүлдегерлердің қатарынан көрінген өте тәжірибелі клуб. Басқа бірде-бір команда мұндай жетістікке қол жеткізбеген екен. Ал «Куба қабыландары» ұжымы жобаға бел ортадан қосылған. Ақтық сынға алқынбай шығып жүрген олар өздерінің шын мықты екендіктерін айғақтап келеді. Бір сөзбен айтқанда, 15 шілде күні елорда төрінде нағыз алыптар айқасы өтпек. Біз қазақстандық команда боксшыларына толайым табыстар тілейміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support