Әлеумет

«Мен – қазақпын!»

«Мен – қазақпын!»

аймақтық жеңімпаздар анықталды

«Қазақстан» ұлттық арнасы ұсынған «Мен – қазақпын!» атты дәстүрлі әншілер, термешілер және күйшілер арасындағы мега-жобасы тарихи Тараз жерінде де сән-салтанатымен өтті. Тараз қалалық Мәдениет үйінің алдында облыстық филармонияның «Алатау» фольклорлық ансамблі қазақ күйлерін күмбірлетіп көңіл тербесе, 20 ұл-қыздан құралған қобызшылар Ықыластың бүгінгі мұрагерлеріндей күй кештірді. Ұлттық киімдегі жастардың «Мен – қазақпын!» деген үлкен жалаушаларды желбірете көтеруі де жанымызды жылытты.

IMG_1457-Жиналған жұртшылық алдында сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Мен – қазақпын!» мега-жобасының тәрбиелік және тағылымдық мәніне тоқталып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласында ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізді ұрпақ санасына сіңіру, рухани кемелдену мәселесі қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол осы өңірден шыққан даңқты батырларымыз бен ақындарымыздың, би, шешен, жыршы-жырауларымыздың, күйшілеріміздің ғаламат жолы жалғасып бүгінге аман жеткенін, оны талантты жастардың өнерінен байқап жүргенімізді айтып, мега-жобаның жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы бастаған топ әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. 

Келесі сәтте жиналған көпшілік Мәдениет үйінің алдындағы ақ шатырда орналасқан қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Мұнан соң қалалық Мәдениет үйіне жиналған көпшілік «Мен – қазақпын!» дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілер арасындағы мега-жобаның облыстық іріктеу кезеңін тамашалады. Іріктеу додасында 33 үміткер бақ сынаса, қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Ардақ Балажанова, Әбдімомын Желдібаев, Мұхтар Рахманқұлов, Дүйсенбек Өміралиев секілді дәстүрлі ән, терме, күй өнерінің шын жанашырлары отырды. Күй сайысы Т.Рысқұлов ауданының үміткері Қаршыға Әбдікерімовтің өнерімен басталды. Қордайлық Қуаныш Ахметовтің де күйшілігі көпшілікті жалықтыра қойған жоқ. Алайда, байзақтық Дидар Басығараев пен тараздық Тоғжан Шағырбаеваның шыңдалған шебер күйші екені көзге көрініп тұрды. Термешілік өнерден де біздің өңір жастары кенде емес екен. Жуалылық Мәлік Мықтыбеков, сарысулық Жанарбек Әбдірахманов, тараздық Еркебұлан Оразымбетов бар шеберліктерін ортаға салды. Дегенмен, Талас ауданының атынан шыққан Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-курс студенті Айдос Оңғарбайдың бұлбұл үні барша қауымның көңілін елжіретіп, толқытып, тербетіп жібергендей еді. Дәстүрлі ән өнерін де көпшілік сағынып қалған екен. Үкілі домбыра ұстаған әншілерді жұртшылық сілтідей тынып тыңдады. Меркілік Мадияр Шалабаев, тараздық Ерлан Ибаділдаев, Сұлужан Әбенова, таластық Айжамал Дәуталиева өнерге өздерінің де таласа алатынын дәлелдей білді. Сонымен, қазылар алқасының шешімі де шықты. Алдымен қазылар алқасының төрайымы Ардақ Балажанова сөйлеп, байқау барысы, өнерпаздардың деңгейі жайлы ой-пікірін айтып, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Жеңімпаздардың есімі конвертке салынып, көпшілік алдында жария болды. Сонымен, дәстүрлі ән бағыты бойынша жеңімпаз атанған тараздық Сұлужан Әбенованы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев марапаттаса, күй бағыты бойынша топ жарған тараздық Тоғжан Шағырбаеваға дипломды белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев табыстады. Термешілер бағыты бойынша жеңімпаз атанған таластық Айдос Оңғарбай республикалық байқауға берілетін жолдама мен арнайы дипломды облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепбергеннің қолынан алды. Үздік деп танылған өнерпаздар республикалық телебайқауға қатысуға мүмкіндік алды. Бұйыртса, алдағы күндерде Астананың төрінде бақтарын сынап, облысымыздың атынан өнер көрсететін болады.

Есет досалы, «Ақ жол».