- Advertisement -

Ұлы ана ұлықталған қойылым

77

- Advertisement -

жақында ғана өмірден озған белгілі қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург Арғынбай Бекбосынның екі кітабының тұсаукесері болып, «Домалақ ене» драмасы сахналанды

Алаштың айтулы ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын көзі тірі болғанда елінің ортасында 80 жылдық мерейтойын тойлап отырар еді. Артында хаты, болашаққа айтар даты қалған, өмірін өлеңмен өрнектеп, әдебиетте де, журналистикада да өзіне тән биігін бағындырған, шығыс әдебиеті мен мәдениетін, философиясын бойына тең жиып өскен қарымды қаламгердің 80 жылдық торқалы тойы жұрт назарынан қалтарыс қалған жоқ.Изображение-cert0006-046 IMG_2980 IMG_1362Қылышынан қан саулаған кеңестік кезеңнің өзінде алаштың арда тұтар азаматтары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтарға газет арқылы араша сұраған атпал азаматтың атқарған азаматтық ісі жас буын тілшілерге өнеге болса, ізін басқан шәкірттері үшін сол бір кезең естен кетпес, сағынышты шақ.
Облыстық қазақ драма театрының фойесінде Арғынбай ағаның шығармашылығын дәріптеген салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда қарымды қаламгер, білікті азаматтың кітаптарынан көрме қойылып, «Алаш» баспасынан жарық көрген қос бірдей кітабының тұсауы кесілді.
Жиында алғаш сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Арғынбай Бекбосынұлының есімі бүгінгі таңда сөз қадірін өз қадіріндей бағалаған, жүрегіне әдебиеттің сәулесі қонақтаған қазақ жұртының жүрегінен ешқашан өшпейтінін, оның тағылымға толы ғұмыры, азаматқа тән күрескерлігі жастар үшін әрдайым үлгі екенін айтып өтті. Бұдан соң сөз сөйлеген «Алаш» баспасының директоры Нұрлан Түйебаев қабырғалы қаламгердің қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз еңбектеріне айрықша бағасын берсе, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы оның қаламгерлік қыры туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Арғынбай ағаның тұсауы кесілген «Тағдыр етсе Алла», «Фәнилік драма» кітаптарының дизайнының ерекше көркемдікпен жасалғанын сөз етті. Сондай-ақ, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық филиалының төрағасы Амангелді Кәрентаев жазушының ұлт мәдениеті үшін атқарған абыройлы істерін айрықша атап өтіп, ұлының кеудесіне «Д. Қонаевтың 105 жылдығы» медалін тақты. Соңынан қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев пен облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабаев жазушының «Алаш» баспасынан жарық көрген «Фәнилік драма» және «Тағдыр етсе Алла» кітаптарының тұсауын кесті. Іс-шара соңы белгілі режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «Домалақ ене» символикалық драмасымен жалғасын тапты.
«Домалақ ене» қойылымы басталмас бұрын облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов сөз алып, Арғынбай Бекбосынның қоғамдағы орны, азаматтық бейнесі, шығармашылық жолы туралы ойын білдірді. Ұлы ана образы ұлықталған қойылымды жұртшылық қызыға тамашалады.
Қойылым алдында көпшіліктің сұрауымен ардақты қаламгердің талантты композитор Мэлс Өзбековтің рухына бағыштап, Дүйсенәлі Бықыбаевтың әніне жазған «Мэлстің соңғы әні» шығармасын белгілі әнші Оңал Азаматова бебеулете шырқап, тыңдармандардың жүрегін елжіретті.
Символикалық драма туралы газетімізде бұған дейін толыққанды жазылған болатын. Десе де, драмада Домалақ ененің бейнесі басты картинада болғанымен, Бәйдібек бабаның образы, тұлғалық болмысы да қатар жүруі керек еді. Екеуінің де даналық, даралық келбеті қатар ашылып отыруға тиіс болатын. Алайда, әулиелік қасиеті басым Нұрилә ана мен Бәйдібек бабаның образынан гөрі қаһарлы Әмір Темірдің образы басым түсіп жатты. Бәлкім, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі актер Кенен Ақүрпековтің шеберлігі өзге актерлерден асып кетті ме, әлде өзіне жүктелген міндетті шебер орындап шықты ма, әйтеуір күллі актерлік ансамбль Әмір Темірдің рөліне жұмыс істегендей әсер қалдырды. Ал қойылымның атауына қарасақ, негізгі планға Домалақ ене мен Бәйдібек баба образы шығуы тиіс еді… Кененнің Темірдің жүрісін, іс-қимылын, тіпті насыбай атқандағы әрекетін ерекше келтіруі – оның өз ісінің нағыз маманы екенін айғақтаса керек.
Сахна декорациясы бай болмаса да, қойылымға сай болды. Бәйдібек бабадан тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел екенін ескерсек, сахна ортасындағы ұршыққа байланған жіптер – сол дәуірдегі ұрпақ өмірінен, дәуірдегі шиеленісті оқиғаларда ұршықтың қалай иірілетінін байқатып отырғандай әсер сыйлады. Расында да жаугершілік заманда адам тағдыры – ұршықтағы жіп тағдырындай. Әрине, қойылымның желісі жақсы сақталған. Әрі спектакльге таңдалған хореография, музыка, киім – сол бір дәуірмен үндес шықты. Қара Хайдардың рөлін сомдаған Мәмбет Қожалиев те, Бәйдібектің рөліндегі Мәлік Ақүрпеков те, өзге де актерлер алдағы уақытта Әмір Темір образынан кем түспесе деген ойдың жетегінде кеттік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support