- Advertisement -

Өзекті мәселелер талқыланды

97

- Advertisement -

Облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып, жүргізді. Оған барлық аудан әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары электронды байланыс арқылы қатысып отырды. Күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров басқарманың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату тәжірибесі туралы хабарлама жасады.
Хабарламашының айтуынша, жұмыс І жартыжылдыққа бекітілген медиа-жоспарға сәйкес жүргізіліп, өткен жылы облыстық газеттерге 124 материал жарияланса, биыл бес айда 67 мақала жарық көрген. Қалалық және аудандық газеттерде өткен жылы 618 діни материал жарияланса, осы жылдың 5 айында 200-ге жуық мақала оқырман назарына ұсынылыпты. Дін саласын ақпараттандыру бойынша Байзақ, Талас аудандары белсенділік танытып отырса, Шу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Сондай-ақ, ол облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасымен өзара байланысып, тиянақты жұмыстар жүргізіп отырғандарын, әлеуметтік желінің көмегін пайдалануда да едәуір ілгерілеушілік бар екеніне тоқталды. Басқосуда дінтанушы мамандардың тапшылығы, облысымызда небәрі 40 дінтанушы маманның бар екендігі өзекті мәселе ретінде айтылды.
Жиында Рахия Сейітбекқызы баспасөз құралдары дін туралы материалдарды шағын түрде мағынасын ашпай жазатынын, бұл әсіресе аудандық газеттерге қатысты жайт екенін ескертіп өтті.
Келесі кезекте сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қалада көптеген бұқаралық ақпарат құралдары тіркелгеніне, шаһардың ақпараттық саясаты «Жамбыл-Тараз» газеті арқылы жүзеге асып отырғанына, бұл мақсатқа биыл жергілікті бюджеттен 30 миллион 450 мың теңге қаражат бөлінгеніне, келесі жылдан бастап газетті аптасына екі мәрте шығару көзделіп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, биыл қаланың тыныс-тіршілігі жайлы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында – 23, облыстық басылымдарда 47 мақала жарияланған. БАҚ-та жарияланған сыни мақалаларға қалалық ішкі саясат бөлімі талдау жасап, жауап қайтарып отырады екен. Жыл басынан бері Тараз шаһарына қатысты 5 сыни мақала жарияланса, қазір көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан көрінеді. Бұл ретте Рахия Сейітбекқызы Тараз қаласы әкімінің сайтында тұрғындар тарапынан қойылған 24 сұрақтың 10-ына неліктен жауап қайтарылмай отырғанын сұрады. Қала әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға уәде берді.
Облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген мерзімді басылымдардың оқырманмен байланысын арттыру, тиімділікке ұмтылу жөнінде, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл мерзімді басылымдардың оқырманға дер кезінде жетпейтіні, кешігіп баратыны, бұл тұрғыда пошта қызметі жүйелі жұмыс істемейтіні туралы сын-ескертпелерін айтып, мәселе көтерді.
Жиынды Рахия Тұрмаханбетова қорытындылап, көтерілген ұсыныс, ескертпелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Сондай-ақ, жиында мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдастырылған шараны дер кезінде сайттарға орналастыру, ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты жақсарту, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарын кеңінен насихаттау туралы Қоғамдық кеңестің ұйғарымы қабылданды.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support