- Advertisement -

Көңілді күпті еткен сынақ

102

- Advertisement -

Талаптары өзгерген

Жыл сайын осы кезде ҰБТ туралы гу-гу әңгіме қызып жататын. Бізге солай сезіле ме, әйтеуір биыл біршама саябыр тапқан секілді. Бұған бір жағынан түлектердің мектепте мемлекеттік емтихан тапсырып, қолдары босамағаны әрі жылдағыдай бірыңғай тестілеудің 1-10 маусым аралығында емес, кешірек 20 маусымда басталатыны себеп болғандай.
Әр жылы тестілеу сұрақтары жаңартылып, сынақты өткізу тәртібіне біршама өзгерістер енгізіліп отырғанымен, негізгі форматы сақталып қалатын. Ал биыл Білім және ғылым министрлігі бірыңғай жүйеге толықтай «төңкеріс» жасады. Он екі жыл бұрын мектеп бітірушілердің қорытынды аттестациясы мен жоғары оқу орнына түсу емтихандары біріктіріліп, тестілеу енгізілсе, енді міне, екеуін қайта бөлді.
Сонымен, ҰБТ республика бойынша 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Ерекшелігі талапкерлер енді 3 міндетті, 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 50 минут. Жалпы, 120 сұрақ беріледі. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл.

Бұл жерде қосымша 20 балл қайдан шықты деген сұрақ туындауы мүмкін. Міндетті 3 пәннен келетін сұрақтарда берілген бес жауаптың біреуі ғана дұрыс болса, бейінді пәндердің екеуінде де 10 сұраққа көп жауаптың ішінде дұрыс деп көрсетілген бірнеше жауапты белгілесе екі балл қосылады дейді мамандар.

Тестілеу пункттері сынақ
өткізуге дайын ба?

Биыл ҰБТ форматы жаңарғанымен, сынақ бұрынғыдай облыстағы 10 бірыңғай тестілеу пунктінде өткізіледі. Мамандар қазір барлық пункт сынақ өткізуге дайын дейді.
Аудандарда мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуін ұйымдасқан түрде өткізу үшін олардың тамақтануына, тасымалдауына және жатын орнына 9 миллион 316 мың 643 теңге жоспарланған. Ал Жамбыл, Мойынқұм аудандары тасымал мен тамақтандыруға демеушілер іздестіру арқылы қаржы қарастырған. Жалпы, облыста ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын 6136 мектеп бітірушінің 2991-і, яғни 48,7 пайызы тасымалдауды қажет етеді.
Министрліктегілер енді ҰБТ кезінде бұрынғыдай айқай-шу орын алмайды деп сендіріп отыр. «Себебі, оқушылар аттестат алып қойды, үздіктер де ешқандай қобалжусыз мемлекеттік емтихан тапсырып, «Алтын белгіге» лайық екенін дәлелдеп шықты. Енді алаңсыз тест тапсыра берулеріне болады. Шекті деңгейдегі балды ала алмай қалған жағдайда екінші және үшінші мүмкіндік берілетіні де түлектердің бойындағы психологиялық үрейді сейілтеді», – дейді мамандар.

Сұрақтар үш рет сараланған

ҰБТ-ның жаңа форматы халықаралық тәжірибелерді талдау нәтижесінде әзірленіпті. Жоғары оқу орнына түсу емтиханы мен бітіру емтихандары бөлек өткізілетін мемлекеттердің тәжірибелері алдын ала зерттелгенін айтады сала қызметкерлері. Ең бастысы – ҰБТ тапсырмаларының мазмұны оқу қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық құзыретін, яғни функционалдық сауаттылықты анықтауға көзделген.
Жаңа форматтағы тест жауабын енді бұрынғыдай жай жаттап алу мүмкін емес. Өйткені, онда ойлау да, ойын жеткізе алу да, талдауды қажет ететін тапсырмалар да бар. Дегенмен, оқу сауаттылығын тексеру үшін дайындалған сауалдардың кейбірі қоғамда дау туғызғанымен, басқасы түлектер үшін қиындау соға қоймас. ҰБТ кезінде басылымдарда жарияланған тест үлгілерінде көрсетілгендей «біртүрлі» сұрақтардың кездесер-кездеспесін білмейміз. Бізге белгілісі – тест тапсырмаларына үш рет сараптама жүргізілгені ғана.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, барлық тапсырмалар тестология талаптарына сәйкес дайындалып, қайта тексерілген соң ғана Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында қабылданыпты. Осы орталықтың сайтында әдістемелік нұсқаулықтармен қатар тест тапсырмалары да қосымша жарияланған. Сондықтан талапкерлердің тауын шағатындай жағдай болмайды деп ойлаймыз. Қалай десек те, енді тестілеудің жаңа форматында кемшілік шықса, ҰБТ-дан кейін бір-ақ анықталады.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support