- Advertisement -

Сапа қадағалауды қамтамасыз етеді

85

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолды мемлекеттің бет-бейнесіне текке теңеген жоқ. Шетелдіктер біздің әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің деңгейін жолға қарап та бағалайды. Сондықтан да кейінгі кезде елімізде автомобиль жолдарын жөндеу, әлемдік халықаралық стандарт талабына сай жол салу үшін мемлекет қыруар қаржы бөлуде. Әлбетте, атқарылған қандай жұмыс болса да әуелі сапасы арқылы бағаланады. Ел Үкіметінің 2005 жылғы 29 желтоқсандағы №1305 «Автомобиль жолы сапасын арттырудың бірқатар мәселелері туралы» Қаулысын жүзеге асыру мақсатында облысымызда осыдан он жыл бұрын «Жамбыл жол зертхана» мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы – Қазақстан Үкіметі. «Жамбыл жол зертхана» мемлекеттік мекемесі – облысымызда жол құрылысына қолданылатын материалдарға және жөндеу құрылыс жұмыстары сапасына бақылау жасайтын мемлекеттің бірден-бір өкілі.
Мекеме негізінен автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде құрылыс материалдарының сапасына және атқарылған жұмыстарға сараптама жасайды. Жол құрылыс материалдарының стандартқа сәйкес болуын, атқарылған жұмыстың нормативтік-техникалық құжаттардан, жобадан ауытқымауын қадағалайды. Бақылаудың аспаптық әдісін қолдану арқылы жол жұмысы сапасына тұтас немесе таңдап сараптама жүргізеді. «Жамбыл жол зертхана» мемлекеттік мекемесі мамандары белгіленген міндетті орындау үшін жол шаруашылығы саласында салынып және қайта жарақтандырылып жатқан нысандардағы құрылыс материалдары және жұмыс сапасын белгіленген заңдылық тәртіппен қарсылықсыз кіріп, тексеруге құқылы.
Іс тетігін қашанда білікті мамандар шешеді. Мекемеде уақыт талабына сай соңғы үлгідегі сараптама жасайтын 60 жабдық орнатылған. Олар өткен жылы соңғы үлгіде жабдықталған MERSEDES-BENS-223е0 автокөлігін сатып алған. Мамандар «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Жамбыл филиалының тексеруі мен сынағынан өтіп, арнайы куәлік алған. Қазір зертханада 8 маман жұмыс істейді. Олардың барлығының жол саласында жұмыс тәжірибесі мол. Біраз мамандар жыл сайын «Қазжол Жоба» АҚ-да біліктілігін жетілдіру курстарында оқып, арнайы сертификаттар алады. Ұжымда өзгелерге өнеге көрсетіп жүрген құрылыс материалдары бойынша инженер Марат Балқыбеков пен Виктор Измайловтың есімдері ерекше құрметке лайық.
Мекемені жол саласындағы кәсіпорындарда отыз жылдан аса басшылық қызмет атқарған білікті маман, тәжірибелі жолшы, «Құрметті жолшы» төсбелгісінің және «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері Мырзахмет Ибрагимов басқарады. Мырзахметтің басшылығымен мекемеде ауқымды істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. «Жамбыл жол зертхана» облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жол құрылысында кемшіліктер мен жобадан ауытқушылық анықталса, шұғыл тапсырыс берушілер мен инженерлерге хабарлайды. 2016 жылы республикалық мәндегі автожолда ағымдағы жөндеу және күтіп-баптау бойынша мамандар 132 рет жолға шығып, 51 рет сынама алып, сараптамадан өткізген.
Суық асфальт-бетон төсемі, шұқырлықтарды өңдеу жұмыстарын өндіріс талаптарына сәйкес орындамаған 2 мердігерге ескерту жасалған. Республикалық мәндегі орта жөндеуден өткізілген автомобиль жолдарына 23 рет жолға шығып, жол-құрылыс материалдарынан 24 сынама алып, сараптама жасаған. Тексеру барысында 3 кемшілік анықталып, оларды шұғыл жоюға мердігерлерге тапсырма берілді. Мамандар сондай-ақ Қырғыз Республикасына батыстан кіру автожолының 19,7-32 шақырымында тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жедел жоюға ықпал еткен. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне 27 рет жолға шығып, 8 рет сынама алып, сараптама жүргізген. Анықталған кемшіліктер мердігерлерге көрсетіліп, шұғыл жойылған. Өткен жылы жергілікті мәні бар трансферттер есебінен қаржыланған 48 жол бөлімін қадағалаған. Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен (трансферттер) 1,220 миллион теңге бөлінген 21 жол бөліміне тексеру жүргізген.
Зертхана мамандары құрылыс материалдарының сапасын арнайы жабдықтар арқылы тексереді. Сонымен қатар олар облыста жол саласы бойынша құрылған комиссия құрамында жұмыс сапасын тексеруге жиі шығып тұрады. Мекеме мамандары үстіміздегі жылы «Қордай асуын айналып өту» автомобиль жолының 40 шақырымында, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» және «Отар-Ұзынағаш» автомобиль жолында қадағалау жұмыстарын жүргізетін болады. Жұмыс барысында орын алған кемшіліктер анықталып, мердігерлерге оларды шұғыл жоюға ескертулер берілуде. «Осындай тұрақты қадағалаулардың нәтижесінде кемшіліктер дер кезінде түзетілуде», – дейді «Жамбыл жол зертхана» мемлекеттік мекемесінің директоры Мырзахмет Ибрагимов.

Ақылжан мамыт,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support