Мәйіті бүлінбеген Мәшһүр Жүсіптің жұмбағы неде?
Мәйіті бүлінбеген Мәшһүр Жүсіптің жұмбағы неде?
Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған қасиет иесі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ғұламаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеумен келе жатқан өз ұрпағы Әсет Пазыловтың еңбектеріндегі мынадай мәліметтерді alashainasy.kz сайты жариялапты. Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы – әлі күнге дейін жұмбақ. Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: «Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады», – деп өсиет етеді. Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса, басқа әулиелер немесе бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен... Тіпті топырақтың құнарлылығын да алға тартатындар бар. Қалай десекте, Мәшһүрдің денесін қойған жерге күн сәулесінің қаншалықты көлемде түсетіні мен зиратының басынан шығатын, биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр жалпақ ақ тасты қабырғаға ілгізуі жұмбақ күйінде қала бермек. 1927 жылы дүние келген Қалиұлы Қаратай Ескелді де Мұхаммед Фазылды көргенін баяндап берген болатын. «Мен және 1926 жылы дүниеге келген Ермек, Қанапия деген екі бала жаяу Ескелдіге келдік. Келсек, мұғалім /Мұхаммед Фазыл/ күрең биесін жегіп келіп, енді кіріп жатыр екен. Есіктен кіргенде бұрышта пеш тұр. Оның бойында насыбай үккіш тұрды, қалғандары есімде жоқ. Мұғалім құран оқыды. Берген ақшамызды алмады. «Біз әдейі келдік қой, атамыздың жатқан жерін, түрін көрейікші», – деп өтіндік. Сонда мұғалім: «Әй, болмадыңдар ғой, көңілдерің қалмасын», – деп, адам бойы қазылған төменгі жаққа сатымен түсіп, шам жақты. Ешқандай да қақпақ көрмедік, шаммен төмен түсетін жер, ортада тұрса керек», – деп Қаратай ақсақал сыр шерткен болатын. Ал 1921 жылы дүниеге келген Серік Аманжарұлы «...Қасенғали ...төмен түсіп, шамның жарығымен атаның үстіне ақ жаптық. Мен көрейінші деп өтіндім... Содан бірінің үстіне бірін жаба берген ақ маталарды дененің ортан беліне дейін көтердік. Сонда алғашқы жабылған ақ маталардың қурап жерге түсіп жатқанын көрген Мұхаммед Фазыл «күнә болар, жерден жинап алайық», – деді. Біз солай істедік. Жарықтық, атамыздың бет-бейнесі сол қалпы жатыр. Бейне ұйықтап жатқан жан тәрізді...» – деп сөзін аяқтаған болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлының әңгімесіне құлақ түрелік. «Бала кезден есімде, 1947-1948 жылдар болар, бейіт ауыз үйден, төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Қараңғы. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Мен баламын. Алдын ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып берем. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, «былпылдап, жұмсақ жатыр. Тек бақайының тырнақтары түсіп қалған екен», – дейді. Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйiндiк Көпеев марқұм да өз естелігінде: «1946 жылы Сәбит Мұқанов келiп, қабiрдiң iшiне түскен едi. 1950 жылы өзiм де түсiп, денесiн сипаған едiм, сонда жадағай жерде жатса да, бiртүрлi хош иiс шығып тұрды. Ешбiр құрт-құмырсқа, көрдi жайлап алатын сасық күзен, тышқанның iзi бiлiнбедi», – деп жазған болатын. 1930-1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт, аштық жайлағаны мәлім. Осы аштықты болжай білген Мәшһүр Жүсіп өлерінен бір жыл бұрын өзінің асын бергізіп, жаназасын оқытып, жоқтау айтқызған екен.