- Advertisement -

«Тұман» ән жинағының тұсауы кесілді

163

- Advertisement -

 Белгілі әнші, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматованы жамбылдық жұртшылық жақсы таниды. Республикалық «Шырқа, даусым!» байқауының бас жүлдегері, көптеген халықаралық, республикалық ән аламандарының жүлдегері, таңдайына бұлбұл ұя салған әншінің сиқырлы саз бен еркелік назға толы әндерін тыңдармандары сүйіп тыңдайды.

Ән әлемінде өзіндік үні бар әншінің «Тараз Холл» мейрамханасында «Тұман» атты жаңадан жарық көрген ән жинағының және қырғыздың «Сарыой» атты халық әніне түсірілген бейнебаянының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жинаққа әнсүйер қауымға етене таныс «Дүние-ай», «Еркелетші», «Сарыой», «Есіңе мені алғайсың» секілді тамаша дүниелермен қатар, әнін Дүйсен Бықыбаев, сөзін Жанна Асылбекова жазған «Тұман» шығармасы және өзге белгілі әндер енгізілген. «Тұманның» тұсауы кесілген шараға өңір өнерпаздары мен әншінің достары, аға, әпкелері көптеп жиналды.
Шарада алғаш сөз алған мәдениеттанушы Әлібек Әмзе өнер иесінің өзіндік ерекшеліктеріне, ән әлеміндегі ізденісіне, еңбекқорлығына жоғары баға беріп, шығармашылығына толайым табыс тіледі. Мұнан соң сөз алған облыстық филармонияның басшысы Сейітқасым Түктібаев та ізгі тілегін арнады. Осылайша әншінің «Тұман» жинағының тұсауы кесілсе, кейіннен облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген сөз сөйлеп, әншінің өнер әлеміндегі орнына айрықша тоқталды. «Талантты қарындасым орындайтын «Дүние-ай» секілді әндер Оңалдың әдемі даусына сай жазылғандай. Өнерде өресі биік Оңалға тек табыс тілеймін», – деді ол. Сондай-ақ, Мейрамбек Төлепберген әншінің «Сарыой» атты жаңа бейнебаянының тұсауын кесті.
«Бұл ән жинақты екі ай бұрын Алматы қаласындағы «Дастан» студиясынан шығардық. Оған 19 ән еніп отыр. Алдағы уақытта тек домбырамен орындалған дәстүрлі ән, терме секілді шығармалардың басын қосып, жаңа альбомымды жарыққа шығаруды қолға алғалы отырмын. Ал бейнебаянды Ыстықкөл жақтағы Сарыой деген жерде түсірдік. Жамбылдың клипмейкер жігіттері айналысты», – дейді облыстық филармонияның әншісі Оңал Азаматова өз ойымен бөлісіп.

Табиғат Мұсылманқұл,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support