- Advertisement -

«Румыниядағыдай фестиваль Таразда да өтсе деп армандаймын»

96

- Advertisement -

Болат Бекжанов,
облыстық қазақ драма театрының директоры:

Облыстық қазақ драма театры Румынияның Тырговиште қаласында өткен «Babel fest» халықаралық театр фестивалінен олжалы оралды. Белгілі режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «Қыз Жібек» спектаклі аталмыш өнер аламанында «Ең үздік танымал спектакль», «Ең үздік дала спектаклі» номинациялары бойынша жеңімпаз атанып, құрметке бөленді. Әлемнің 23 елінен барған танымал театрлар жамбылдық ұжымның өнеріне қол соғып, таңдай қағыпты. Шекара асып, Еуропаға өнерлерін көрсетіп қайтқан театр актерлерін жетістігімен құттықтаймыз! Фестиваль туралы театр директоры Болат Бекжановпен аз-кем тілдескен едік.

– Болат Үмбетәліұлы, халықаралық фестивальге қатысу үшін ұйымдастырушы ел тарапынан белгілі бір талаптар болатыны мәлім. Сіздер бұл театрлардың аламанына қалай қатыстыңыздар?
– Ең алдымен интернеттен Румынияда әлемдік деңгейдегі «Babel fest» фестивалі өтетінін білдік. Тырговиште қаласында бір ғана театр бар екен. Дегенмен Тырговиште тарихы тереңнен тамыр тартқан ежелгі шаһарлардың санатына жатады. Фестивальді қала басшылығы ұйымдастырады. Тарихи шаһар болғандықтан мұнда туристер ағылып жатады. Фестиваль арқылы туған жерлерін әлемге насихаттауды жөн көретіндей. Интернеттен хабарландыру көрген соң оларға шықтық. Ұйымдастырушы тарап қойылымның бейненұсқасын, фотосуреттерді жіберуімізді өтінді. Кейіннен олар бізге хабарласып, «Қыз Жібек» спектаклі фестивальдің ауқымына сай екенін айтып, шақырту жіберді. Олар тамақтану мен жатын орынды қамтамасыз етті. 23 елден театрлар келді. Осы өнер додасына қатысуымызға ықпал еткен облыс әкіміне, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығына рахмет айтамыз. Германия, Франция, Италия, Македония, Ресей, Иран, Молдова, Оңтүстік Корея, Алжир секілді театр өнерінде орны бөлек елдер шараға қатысты.
– Өзге елдердің мықты театрлары келгенін білген сәтте қобалжыған жоқсыздар ма?
– Иә, әлгі театрларды көргенде қалай болар екен деп қобалжыдық. Ашылу салтанатында театрға дейінгі жолда театрлар шеруі болды. Жол бойы отшашу қойылған. Қала тұрғындары барлық театрларды барлап тұр. Дайындықпен барғанбыз. Акапеллоның элементтерімен «Керім-ау айдайды», «Айттым сәлем Қаламқасты», «Қара жорға» биін әзірлеп барғанбыз. Ұлттық киіммен шықтық. Мұнда ирандықтар музыкалық аспаптармен азан-қазан қылды. Өзгелер де дүбірге бөледі. «Мыналар бізді басып кететін болды» деп ойлағанбыз. Жоқ, халық бізге ерді. Билеген сәтімізде қосылып биледі. Өзге театрлар да бізге қызығып қарады. Бәрі біздің қойылымға келді. Қорытындысында екі номинация бойынша жүлде алып, топ жардық. «Құдай-ай, тым болмаса атымызды атап кетсе екен» деп отырғанбыз. Сөйтсек, ең бірінші «Қазақстан» деген сөзді айтты. Төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Жеңімпаз ретінде 1500-1600 еуро берді.
Фестивальдің мақсаты – тілсіз түсінісу. Музыкада шекара жоқ. Театрда сөз болатындықтан тілсіз түсінбейміз деген түсінік бар ғой. Мұнда бірінші кезекте режиссердің философиялық танымы, ойы, актерлердің іс-әрекеті, қимылы, шеберлігі, сондай-ақ музыкамен, бимен оқиғаны ұғынықты етіп беру. Өйткені онда өзге ұлт өкілдері отырады. Олар әрекеттен, музыкадан, биден, эмоциядан оқиғаны ұғады. Мәселен, маған 3 қыз өнер көрсеткен испандық театрдың актрисалары ұнады. Олар музыкамен тілдеседі. Айталық, ұрысқан кезде музыка шарықтау шегіне жетеді. Қысқасы, оқиғаны музыкамен, әрекетпен бейнелейді. Өте қызық. Кәрістердің, ирандықтардың да қойылымы ұнады.
– Неліктен екі номинация бойынша біздің театрды таңдап, жеңімпаз ретінде таныды деп ойлайсыз? Сегіз номинацияның екеуінде топ жару деген былайынша айтқанда бас жүлде алу ғой…
– Бізді жеңімпаз деп тануының мәнісі меніңше мынада. Бүкіл Еуропа қазір жалаңаштанып бара жатыр. Мәселен, бір театрлар моншадағыдай жалаңаш жүгіріп жүр. Осының бәрінен Еуропа жалыққан сыңайлы. Бізге таңғалғаны – ұлттық болмыс, ұлттық колорит деп ойлаймын. Бізде экзотика жоқ, бірақ ұлттық дәстүр, сана, таным сақталғанын олар жоғары бағалады. Әр театрдың қойылымынан соң пати өтеді. Сол күні бізге венгерлер де, басқа театрлар да риза болысты. Бүкіл театрлар бізге қызығушылық танытты. Әсіресе венгрлер қатты қызықты. Қысқасы, фестивальде ұлттық хореография, ұлттық киім, ұлттық болмыс жеңді деп пайымдаймын. Актерлеріміздің бәрі де өз рөлдерін жоғары дәрежеде сомдап шықты.
– Сыртқа шығу бір жағынан тәжірибе алмасу, екінші жағынан таным көкжиегін кеңейтеді. Мәселен, шетелдік театрлар, режиссерлер біздің «Қыз Жібекті» сахналауға тырысуы ықтимал. Ал біздің режиссерлер мен актерлер де олардан өздеріне бірнәрсе алғысы келеді ғой…
– Расымен де солай. Тіпті олар өздерінің ұлттық болмысын, дүниетанымын танытатын қойылымдар қоюға талпынатын болар. Біз де бір дүниелерді көрдік. Режиссер де, актерлер де көкейлеріне көп нәрсені түйіп қайтты. Олар: «Мен мына спектакльде былай ойнасам болады екен ғой» деген ойда болды. Оны тәжірибеде пайдаланады әлі.
– Бұрын Ақыртасты амфитеатр етсек деген ойыңызды айтып едіңіз. Румынияда музейде, театрда және өзге де жерлерде қойылымдар қойылғанын айттыңыз. Фестиваль де елге жарнама. Неге Таразда осындай халықаралық фестиваль өткізбеске?
– Әлемде әлі күнге дейін сақталған тарихи қалалар сирек қой жалпы. Қазақстанда жалғыз Тараз бар. Сондықтан мен жол бойы бізде тарихи спектакльдердің халықаралық фестивалін өткізсек деп армандап келдім. Бұл бірінші туризм кластерін дамытуға әсер етер еді. Әлгіндей 23 елден театрлар келсе, олар еліне айтып барады. Бұл да жарнама. Сосын келесі келген азаматтар Таразды көргісі келіп тұрар еді. Осындай фестивальді өткізуге қалталы азаматтар қолұшын берсе, тіпті тамаша болады. Мемлекет қалайда қолдайды ғой. Мәселен, Румыниядағы америкалық автокөлік шығарушы компаниялар фестивальге демеушілік жасапты. Шіркін, бізде де осындай өнер аламаны өтер ме еді?!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support