Мақсат – отансүйгіш азаматтар тәрбиелеу
Мақсат – отансүйгіш азаматтар тәрбиелеу
Мәскеу Ноқрабеков, «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Елбасының «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің мәдени өсуінің нақты бағдарламасы деп білемін. Әсіресе мені қатты қуантқаны, ойыма қанат бітіргені – «Туған жер» бағдарламасы. Біраз жыл болды, бүгінгі ұрпақты өз Отанын, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу туралы айтып та жүрмін, жазып та жүр едім. Осыдан екі жыл бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Тұрар Рысқұлов ауданындағы туған ауылымда жастардың ауылдың тарихын, өткенін білуі үшін ауыл әкімі С. Иманбаевтың, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Секербековтің бастауымен ауыл ортасында тұрған Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштің бір жағына соғыстан аман-есен елге оралып, еңбек етіп, қайтыс болған соғыс ардагерлерінің тізімін анықтап, аты-жөнін мәрмәр тасқа жазып, оның Жеңіс күні ашылуына атсалысқан едім. Келесі жылы соғыс кезінде тылда еңбек етіп қайтыс болған ер-азаматтардың тізімі ескерткіштің екінші жағына мәрмәр тасқа жазып орнатылды. Енді биыл соғыс жылдарында тылда еңбек еткен қыз-келіншектердің тізімін анықтап, олардың да аты-жөнін тасқа жазып орнатуды ауыл әкімдігі қолға алып отыр. Сонымен қатар жастарға үлгі-өнеге боларлық кішкентай ауылдан шығып, үлкен жетістіктерге жетіп, қызмет атқарған ер-азаматтар мен қыз-келіншектер туралы мәліметтерді жинақтап, әрбір жеке адамға арналған стенд орнатып, онда ол кісілердің өмірбаяны, алған марапаттары, жеткен жетістіктері мен суреттерін іліп, мектептің ішінен жауынгерлік және еңбек даңқы залын аштық. Енді ауыл балалары соғыс жылдары жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, екі рет Ленин орденімен, «КСРО-ның ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталған, И. Сталиннің Алғыс хатын алған К. Мұсабекованы, соғыс ардагері, партия совет қызметкері болған Н. Шоқытбаевты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, әкелі-балалы Совет және Бақытжан Әлімқұловтарды, академик Темірбековті, Қазақ ССР Жоғарғы сотының мүшесі болған Ө. Ажихановты және Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы, колхоз басқарған Б. Бақашовты білетін болды. Елбасымыз өзінің мақаласында ата-бабаларымыздың ұлттың болашағы үшін келер ұрпақты қорғап, ұлан-ғайыр аймақты мирас етіп қалдырған ерлік істерін паш етіп, жастарға патриоттық тәрбие беру аға ұрпақ міндеті екенін айтты. Өткенді бағаламай, болашақты болжау мүмкін емес. Сондықтан Елбасының мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының көмегіне сүйене отырып, бүгінгі жастардың өз Отанын сүйетін азамат болып өсулеріне көмектесу, үлкендердің міндеті деп білемін.