- Advertisement -

Тарихи нысанның келбеті өзгерді

96

- Advertisement -

Ұлы Жібек жолының бойында, Тараз қаласының шығысында 45 шақырым жерде орналасқан Ақыртас сарай кешені бүгінгі әлемге танымал тарихи орындардың бірі. Қалашықта «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде зерттеу жұмыстары одан әрі жанданып, тарихи кешен жанынан 2008-2009 жылдары «Ақпараттық-ғылыми орталық» ғимараты бой көтеріп, жұмыс жасайды.
Десек те, тарихи нысанға баратын жолдың жоқтығы осы уақытқа дейін жанға батып келгені рас. Осы мәселені мекеме басшысы Т.Молдақынов талай мәрте жоғары мінберлерде айтып, көтеріп келген болатын. Мәселе өткен жылы облыс әкімі К.Көкірекбаевтың тікелей араласуымен оң шешімін тапты. Осылайша, былтырғы қараша айында Ақыртасқа апаратын жолдың құрылысы басталып та кетті. Бүгінде бұл жұмыстар қызу жүргізілуде.
– Елордамызда салтанатты жағдайда ашылған халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін туристердің тарихы тереңде жатқан киелі өңірімізге де ат басын бұратыны сөзсіз. Осыған орай, құрылыс қарқынын жеделдетіп, жол жөндеу жұмыстарын үстіміздегі жылдың маусым айында мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді жол салушы мамандар. Қазіргі таңда жол бойында темір-бетон құбырларын орнату аяқталып, асфальт төсеу басталуда. Жұмысшы күші мен техника жеткілікті. Қаражат та уақтылы аударылуда. Жолдың сапасын бақылаушы компаниялар жолды өз назарларында ұстап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін қалашықтың негізгі бөлігінде ежелгі қалашық аумағын аралайтын ішкі арбат жиектері қайта жөнделіп, ретке келтірілген болатын. Сонымен қатар «Ақыртас» сарай кешеніндегі ақпараттық-ғылыми орталықта музейлендіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Музейдегі экспозицияға 100-ден астам Ақыртас қалашығынан табылған қыш-су құбырлары, керамикалық ыдыстар, тиындар, шырағдандар, басқа да жәдігерлер қойылды.
Ақыртас кешені ЮНЕСКО әлемдік мұра комитетінің шешімі бойынша 2014 жылдың 22-24 шілде айында Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Кешенде атқарылып жатқан қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарының барлығы дерлік ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу аясында жандана түсуде. Туристік бағыт тізбесіне енген тарихи нысан осылайша меймандарды жаңа бет-бейнесімен қарсы алмақ.

Алмас МҰХТАРОВ,
ҚР МСМ «Ежелгі Тараз ескерткіштері»
ТМҚМ бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support