- Advertisement -

Ісім өнсін десең, ретін тап

145

- Advertisement -

Елбасымыз: «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ», деп «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында атап көрсеткендей, қазір мемлекетіміз жаңа кезеңге қадам басып отыр. Біздің ауданымыз да Үшінші жаңғыруды табысты өткізуге дайын. Жалпы, 28 Еңбек Ері, бір Кеңес Одағының Батыры, бір Халық Қаһарманы, азулы ақындар мен бірнеше даңқты спортшылар шыққан ауданның тұрғындары Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды жұмыла жүзеге асыратынына сенім мол. Ауданға басшылыққа 2017 жылғы 2 наурыздан бастап Рахматілдә Рахманбердиев келгелі жұртпен тез тіл табысып, істің көзін таба білгеніне қарап осылай дейміз. Мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап өскен, тәжірибесі мол Рахматілдә Сегізбайұлы аудан әкімі қызметіне кіріскелі 100 күннің ішінде ауқымды жоспарларды да бекітті. Барлық округтер мен мекеме, ұйым, кәсіпорын, бизнес құрылымдары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың жұмысымен жіті танысып, жетістіктермен қатар кемшіліктерін саралап, атқарылатын тірліктердің ауқымдылығын нақтылап алды. Бір нәрсені баса айтуымыз керек, ауданда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар өңірдің экономикалық әлеуетін еселеп арттырып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына жол ашып отыр. Ал бұған білікті кадрлар үлкен үлес қосуда.
Жұмыс өнімді болуы білікті кадрларға да байланысты. Билікке деген сенім мемлекеттік қызметшінің жұмысынан басталады. Ұлт жоспарының 15 қадамы мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге бағытталуы да сондықтан. Бүгінде осы 15 міндет біздің ауданда да жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, аудандағы «Б» корпусына жататын 148 әкімшілік мемлекеттік қызметші аттестаттаудан өтті. Нәтижесінде, 143 қызметші атқаратын лауазымдарына сәйкес, ал 2 қызметкер жоғарылатуға ұсынылып, 3-еуінің атқарып отырған лауазымына сәйкес еместігі анықталып, төмендетуге ұсынылды. Тәртіп нығайтылып, талап күшейтілді. Соның арқасында «арқаларын кеңге салып жүрген» қызметшілер қатаң талапқа үйреніп, жауапкершілікті шынайы сезінетін дәрежеге жетті.
Даму көрсеткіштері негізінен индикаторлық көрсеткіштермен бағаланатыны мәлім. 2017 жылдың бес айында ауданда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 133,5 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артты. Ал инвестиция көлемі 3711 миллион теңгеге немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайызға жетіп отыр. Құрылыс саласының көрсеткіші – 595 миллион теңге, 105 пайыз болды.
Жыл өткен сайын төрт түлік мал көбейіп келеді. Оның ішінде құс 158,1 пайызға жетті. Құс етін өндіру 133,8 пайызға, сүт 103,9 пайызға, жұмыртқа өндіру 180,6 пайызға өсті. Сондай-ақ, жергілікті салық түсімдері де болжамнан 4,7 пайызға артық орындалып, бюджет 473,7 миллион теңгеге толықты. Салық түсімдерінің болжамдарын қайта қарау нәтижесінде 50 миллион теңгені жергілікті бюджетке қосымша түсіру жоспарланды.
Аудандағы егіс көлемі биыл 51720 гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1620 гектарға артық. Оның ішінде қант қызылшасына басымдылық беріліп отыр. Өткен жылы тәтті түбір 1355 гектарға егілсе, биыл 2000 гектар жерге орналастырылды. Майлы дақылдар үстіміздегі жылы 4720 гектарға егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 447 гектарға артық.
Кейінгі жылдары егін егу науқанында ағын су тапшылығы сезіліп келеді. Бұл проблеманы шешу жолдарының бірі – суарудағы жаңа технологияларды пайдалану. Ауданымызда тамшылатып суару технологиясы 2016 жылы 802 гектар алқапқа енгізілсе, биыл 902 гектарға дейін ұлғайтылды. Тұрғындардың өтініші бойынша Кеңес, Тегістік ауылдарына баратын каналдарды тазалау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 31 миллион теңге бөлінді.Талас өзенінің жағасын нығайтуға облысымыз 30 миллион теңге қарастырса, аудан аумағынан өтетін Базарбай каналының 17 шақырымын күрделі жөндеуге республикалық қазынадан қомақты қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда.
Елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамту мәселесі бірте-бірте шешімін тауып келеді. Аудандағы 43 елді мекеннің 22-сі табиғи газдың пайдасын көріп отыр. Ал көгілдір отын кіргізілмеген 21 елді мекенге газ тарту үшін биыл жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға облыстық бюджеттен 71 миллион 800 мың теңге бөлінді.
Таза ауызсу – денсаулық кепілі. Бүгінгі таңда ауызсумен 17 елді мекен қамтылған. Үстіміздегі жылы Мырзатай, Абай, Тегістік ауылдарына су қабылдау имараттары және су құбырлары құрылысының нысандарына жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып, республикалық, облыстық органдарға қаражат бөлу туралы өтінім берілді. Сарыкемер және Байзақ ауылдарының ауызсу жүйесінің жобалық жұмыстары қайта қолға алынуда.
Тұрмыс жағдайы түзелгенінің көрінісі шығар, ауданда табиғи өсім байқалады. Қазіргі таңда аудан бойынша 7 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Мырзатай ауылында 15 гектар, Жетібай ауылында 10 гектар, Қостөбе ауылында 20 гектар жер алқабына инфрақұрылым жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар, жерге мемлекеттік актілер әзірленді. Ендігі жерде, мемлекеттік сараптамадан өткізу шаралары жүргізілмекші. Бәйтерек, Сарыкемер, Үлгілі, Бурыл, Ботамойнақ ауылдарының шекараларын кеңейту мақсатында жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстар 5 мыңнан астам азаматты тұрғын үйге арналған жер учаскесімен қамтуға мүмкіндік беретін болады.
Білім беру және денсаулық сақтау салалары алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге айрықша көңіл бөлінген. Үстіміздегі жылы Байзақ ауылында 300 оқушыға арналған орта мектептің құрылысы басталды. Жаңа білім ордасына 2017 жылы Ұлттық қордан 535,9 миллион теңге, облыстық бюджеттен 64,6 миллион теңге бөлінген болатын. Соның бүгінде 152,0 миллион теңгесі игеріліп, 2018 жылы мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ақшолақ ауылында 120 оқушыға, Бурыл ауылында 300 оқушыға арналған орта мектептер құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталуға таяу.
Ауданда 30 балабақша (оның 27-сі мемлекеттік, 3-еуі жеке меншік) және 6 шағын орталықта 3541 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі мекемелерге баратын балалар санының өсуіне байланысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Сарыкемер ауылындағы «Еңлік», «Балапан» және Мырзатай ауылындағы «Ерсән-Жәнай» бақшалары ашылып, кезек санын 200-ге азайтуға мүмкіндік туды. Қазір Сарыкемер ауылында 125 орындық балабақша салынып жатыр. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде Сеңкібай ауылынан 50 орындық, Сарыкемер ауылынан 50 орындық, Қызыл жұлдыз ауылынан 75 орындық, Бурыл ауылынан 50 орындық балабақша ашамын деп ниет білдіріп келгендерге кеңестер беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қазір ауданда қатты отынмен жылытылатын білім мекемелерін табиғи газға қосу жұмыстары жалғасын табуда. Құмжота ауылындағы Ы. Алтынсарин және Талас ауылындағы Н. Гоголь атындағы мектептердің қазандықтары газға ауыстырылды. Бұған қоса биыл 8 білім беру нысанының қазандықтарын газға арнап, қайта жарақтау жұмыстары үшін құжаттар дайындалуда.
Бастапқы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта Кеңес, Жақаш, Қостөбе ауылдарында фельдшерлік тіректердің іргесі қаланған еді. Аталған нысандардың құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.
Саламатты өмір салтын ұстанатындар Сарыкемер ауылында спорт кешені салынып жатқанын естіп қуанып жүр. Бұл нысан іске қосылса, жасөспірімдер көбірек спортқа бет бұрары анық. Жастар демекші, ауданда мәдениет саласы да назардан тыс қалмағанын айта кету керек. Қазір аудандық Мәдениет үйінде, Көктал, Дихан және Суханбай ауылдық клубтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны – соның дәлелі.
Кәсіпкерлікті өрістету, өндірісті дамыту бағытындағы ізденіс табысқа жетелеуде. Дегенмен, Қызыл жұлдыз ауылында орналасқан «Рола-7» және Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулиеата-Феникс», «Жамбыл Құс» серіктестіктерінен басқа ауданымызда ірі-ірі өндіріс орындары жоқтың қасы. Сондықтан қазір ауданға инвестиция тарту мәселесіне баса көңіл бөлінуде. Бұл бағытта кәсіпкерлермен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесі шығар, Үшбұлақ ауылында газ жинақтау кәсіпорнының құрылысы басталыпты. Ал Ақшолақ ауылында кедендік рәсімдеу орталығының құрылысына тиісті жер телімі беріліп, инвесторлармен кедендік рәсімдеу орталығын салу жұмысы қолға алынды.
Ауданымыз негізінен аграрлық аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығындағы жобаларға көп көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Дулат» шаруа қожалығының бордақылау алаңында 3000 ірі қара малы бордақылануда. Жаңатұрмыс ауылында 85 гектар жерге қарқынды алма бағын отырғызу, Ақшолақ ауылында 9 гектар жерге көкөніс сақтау қоймасын салу, Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас стансасында 6 гектар жерге 1000 қоян өсіретін ферма салу қолға алынуда. Алдағы уақытта да өндірілетін өнімнің көлемін молайтып, сапасын арттыру, қосымша кіріс көздерін іздестіру, өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Есіркеп Серікбайұлы,
ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support