- Advertisement -

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМГЕ – ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

168

- Advertisement -

Әндия Бейсенқұлова,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» облыстағы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуда ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлін өзгертудің маңыздылығына тоқталып, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды міндеттегені белгілі. Ол үшін оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігін де ескерткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында біздің институт орта білім мазмұнын жаңартуды қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктіліктігін арттырудан бастап отыр.
Жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру да өте маңызды. Оқыту әдістерінің кез келген түрін жандандырып, тәжірибеде қолдану мұғалімнен әдіскерлік шеберлік пен шығармашылық ізденісті талап етеді. Қазіргі жүйе оқушылардың үлкен өмірге, жаңа әлемге бейімделуін қажетті білімді өз бетінше алуға, қабілетін дамытуға негізделген. Дегенмен, қай кезеңде, қай қоғамда да жеке тұлғаның қалыптасуы ұстазға байланысты болған. Сондықтан жас жеткіншектің қабілет-қарымын ашу мұғалімге жүктеледі. Яғни, өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – педагогтың міндеті.
Жаңа бағдарлама мұғалімдерге қазіргі заманғы оқыту әдістерін жеті модуль арқылы ұсынады:
1.Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер.
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай білім беру және оқыту.
7. Білім берудегі басқарушы және көшбасшылық.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткендей, біз ел экономикасын еселеп арттыру үшін барлық салаға IT технологияны енгізуіміз керек. Білім беру жүйесіне де жаңа технологияларды енгізу аса маңызды әрі оны оқытуда кеңінен қолдану әдістерін жетілдіре түсу қажет. Мұғалімнің шеберлігі жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін арттыра алмаса, берген білімі күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Өз білімінің нәтижесінде оқушы бойында сын тұрғысынан ойлау, білімін шығармашылықпен пайдалана білу, зерттеушілік, топта және жеке жұмыс істей білуі, қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білу дағдылары қалыптасады. Мектеп бағдарламасына кіріктірілген пәндерді енгізу оқушының жалпы дамуына және тақырыпты сабақта тереңірек зерттеп, әлем туралы тұтас ұғымының қалыптасуына септігін тигізеді.
Біліктілікті жетілдіру курстарында жаңартылған оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту техникалары үйретіледі. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажет дағдыларды қалыптастырғысы келетін мұғалім тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, осы мамандықты құдіретті деп санайтын білімді педагогтар ғана жұмыс істей алады.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support