- Advertisement -

Мойын омыртқа немесе қалжаның қасиеті

5 054

- Advertisement -

Тұңғыш ұлымыз дүниеге келген соң, бір ерлік жасағандай көңіліміз тасып, баламызды бауырымызға алып, үйде мәре-сәре болып отырғанбыз. Перзентханадан шыққанымызға да бүгін бірінші күн еді. Бір кезде есіктің қоңырауы безілдеп сала берді. Жұбайым есікке қарай жүгірді. Өзінің анасы екен. Сампылдап сөйлеп кіріп келе жатыр. «Ей, неге тым-тырыссыңдар?! Балалы болған жалғыз сендер болсаңдар да. Алдымнан шықсаңдар қайтеді?!.».
Иіліп сәлем салып, жымиып амандасқан маған қолындағы үлкен дорбасын нұқып беріп: «Мә, мынаны ал! Қалжа сойып келдім. Ентігімді басқан соң етті өзім жайғаймын», – деді. Бірақ, немересін көруге әлі асықпады. Дәу сөмкені дәліздің шетіне қарай ысырып қойдым да, бөлмеме кіріп кеттім. Жаңадан босанғандықтан, ұзақ тұруға, жүруге мүмкіндігім де жоқ оның үстіне. Ас үй жақта баласы мен анасы дабырлап бірдеңе жасап жатыр әйтеуір. Тағы есіктің қоңырауы басылды. Бұл жолы «кім болды екен?» деп отыр ем, анамның сыңғырлаған даусы естілді. Көріспегелі көп болған, еріксіз қуанып бөлмемнен атып шықтым. Анам бала жататын үлкен арба сатып ала келіпті. Бір қолында шайға қажетті оны-мұны салынған сөмкесі де бар. Аналарымыз келіп бір мезетте арқа-жарқа болдық та қалдық. Анам ең жақсы көретін кенже қызының баласын көруге асығып, бірден менің соңымнан ерді. «Тфәй, жаман бала» деп айналып-толғанып жиен немересіне бәйек болып жатыр. Екі анамыз да көп балалы. Мен соған қуанып тұрмын. Әсіресе, менің анам жаңа туған сәбиге өте сергек қарайды. Оған арнайы бөлме дайындатады, жеке тазалық үшін қажетті заттарды баланың өзіне деп жаңадан арнайы алдырады. Келінін кемінде он күн орнынан тұрғызбай, жаңа сойылған қойдың етімен қалжалайды. Біздің бейқам отырған кейпімізді көріп: «Балаға ештеңе дайындамағансыңдар ма?» – деді. Мен енді алатынымызды айттым күмілжіп. «Е-е, ең бастысы қалжа ғой. Қой сойылыпты. Енді соның мойын омыртқасын ыстықтай тісіңді батырып, жақсылап жеп алсаң, тез аяққа тұрып кетесің», – деді. Баланың шаруасымен айналысып жүріп анамның сөзіне «иә, иә» деп бас шұлғып қоямын.
Бала күнімде өзім сүйек мұжығанды жақсы көретінмін. Ол кезде көбіне салалы еті мол жіліктерге қарай ұмтылушы едік қой. Кейде омыртқа бұйырып қалса, бұртиып өкпелеп қалатынмын. Жаңа анам мойын омыртқа дегенде, оның мүжілуі қиын ғой, оның үстіне осы сүйкімсіз сүйекті жаңа босанған әйел неге бөлшектемей, тұтастай жейтін болды екен деп ойлап кеткем. Анам ойымды оқып қойғандай, алдындағы әңгімені қайта жалғап: «Мойын омыртқаны бөлмей жесең баланың да мойны тез қатаяды. Әйелдің де белі тез қалпына келеді», – деді.
– «Онда апамыз мойын омыртқаны салып, етті асып та қойған шығар», – дедім. Баланы ұйықтатып, анам екеуміз қонақ бөлмеге қарай жылжыдық. Ас үй жақтан тарсылдаған балтаның даусы естілді. «Не болып қалды?» деп жүгіріп келсек, енем әлгінде ғана біз қасиеттілігін сөз етіп отырған мойын омыртқаны дәу балтамен парша-паршасын шығарып, бөліп жатыр екен. Анамның көзі шарасынан шығып: «Құдағи, не істеп жатырсыз? Алдағы қалжаға сойған қойдың мойын омыртқасы ма?!.». «Иә, сол ғой, ет асуға кеш болып кетті. Осы омыртқадан сорпа істеп берейін деп қамданып жатқанмын», – деді бейқам кейіпте. «Әр елдің салты басқа…» дегенді іштей топшылаған анам: «аа-аа» деп аңтарылып, қонақ бөлмеге кетіп қалды. Сонымен беліміз бен ұлымызды қатайтамыз деп отырған мойын омыртқам көз алдымда майдаланып, сорпаға дәм кіргізу үшін қазанда қуырылып жатты… Өзіміз оңаша қалған бір сәтте. «Апа, сіз сегіз құрсақ көтергенсіз. Мен сізді сегіз мойын омыртқа жеген шығар деп ойладым», – дедім әзілдеп. «Мойын омыртқа түгілі, арнайы қалжа да жеп көрмегенмін мен. Ал сен мойын омыртқаға қадалып алдың. Өсетін бала мойын омыртқасыз-ақ өседі. Қататын бел, мойын омыртқасыз-ақ қатады. Сенбеймін өз басым сондайға», – деді зілденіп. Енем өзі ер мінезді қатал кісі. Қанша ұмытайын десем де, мойын омыртқаның көз алдымда майдаланып кеткенін, оны бүтіндей жей алмай қалғаным есімнен кетпей қойды. Қырсыққанда, белім де қатаймай, күннен-күнге жүрісім де ауырлай бастады. Неше түрлі ем-дом жасадым. Бірі көмектеспеді. Титтей салмақ түссе болды әлі күнге ауырып, сыздап тұрады… Өзім сол мойын омыртқаны сүйкімсіз сүйек деуші едім кезінде. Енді қарашы қалай зар болғанымды. Алла адамды осылай әрбір нәрсенің қадірін білуге үйретеді екен ғой, кім білген?!
…Арада бірнеше жыл өтіп, екінші рет ана атандым. Белімнің ауырғаны одан сайын өршелене түсті. Әдеттегідей қалжаға қой сойылды. Алдында есем кеткен мойын омыртқаны бұл жолы бөлмей-жармай ыстықтай, тісімді басып тап-таза етіп мұжыдым. Сенесіздер ме, тез қатайдым, белімнің ауырғаны да басылды. Халқымызда «қырық күн қалжа» деген тіркес бекерден айтылмаса керек. Қалжаның өз қасиеті бар екен біле-білгенге. Келіннің белі қатайып, денсаулығы мықты болса, сіздің ұрпағыңыздың өскені емес пе?! Осыны ескерейікші!

Фариза Жорабекқызы,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support