Спорт және туризм

«Астана арландары» «Куба қабыландарымен» шайқасады

«Астана арландары» «Куба қабыландарымен» шайқасады

Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымында да жарқын өнер көрсеткен «Астана арландары» жартылай финалда Ұлыбританияның «Бритиш Лайнхартс» командасынан айласын асырғаны мәлім. Енді қазақстандық команданың боксшылары ақтық сында «Куба қабыландарымен» күш сынасады. «Куба қабыландары» командасы да «Астана арландары» секілді қарсыластарын 7:3 есебімен тізе бүктірді. Колумбия боксшыларымен қолғап түйістірген олар алғашқы кездесуде қарсыластарына 2:3 есебімен есе жібергендеріне қарамастан, қарымта кездесуде 5:0 есебімен айқын басымдылық танытты. «Астана арландары» дәл осы «Куба қабыландарын» ақтық сында тізе бүктіріп, топ жарғаны әлі есте. Оның үстіне «Куба қабыландары» ағымдағы жылы екі мәрте жеңіліске ұшырады. Екеуінде де Колумбия боксшыларына тізе бүкті. Ал «Астана арландары» бір ғана жеңілістің ащы дәмін татқан болатын. Ендеше, қазақстандық команда бар күш-жігерін сарқа жұмсаса, доданың үш дүркін жеңімпазы атанатын мүмкіндік бар. Оның үстіне «Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков финалда ұлттық құраманың боксшылары көмекке келетінін айтқан-ды. Кубалықтардың құрамында тәжірибелі боксшылар көп екенін ескерсек, «Астана арландарына» ұлттық құраманың кейбір боксшылары көмектессе нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, 91 келідегі Василий Левитті жанкүйерлер ақтық сында көргісі келеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».