Мәдениет

МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР

МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР

Отбасы – шағын мемлекет десек, мемлекетіміз сол шағын мемлекеттерден құралады. Ал шағын мемлекеттер мықты болса, еліміз де қуатты болмақ.

Елбасы Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланып, биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мақсат – адамгершілік құндылықтарды және неке мен отбасының жағымды образын қалыптастыру, отбасы мәртебесін көтеру. «Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз», – деген еді Мемлекет басшысы аталған конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімдерінің бірінде. Конкурстың үш кезеңнен: аудандық (қалалық), облыстық, республикалық тұратыны белгілі. Биыл дәстүрлі жобаның бірінші кезеңіне – аудан, қала әкімдіктерінен барлығы 44 отбасы ұсынылыпты. Екінші кезеңде арнайы комиссия жеңімпаз отбасыларды анықтап, марапаттады. Арнайы комиссия мемлекеттік органдар, облыс әкімдігі басқармалары, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен ардагерлер ұйымы және ҮЕҰ өкілдерінен құрылған. Сонымен облыстық кезеңде бас жүлдеге – Әбілдаевтар отбасы (Талас ауданы), бірінші орын – Арыстанбаевтар отбасы (Меркі ауданы), екінші орын – Өнербековтер отбасы (Жамбыл ауданы), үшінші орынға – Владимир Эбельдің отбасы (Сарысу ауданы) лайық деп танылды. Бас жүлдені иеленген жеңімпаз отбасына – 500 мың, өзге де отбасыларға сәйкесінше – 400 мың, 300 мың және 200 мың теңгенің техникалық бұйым сатып алуға арналған сертификаттары табыс етілді. Конкурстың республикалық кезеңіне қатысу үшін Әбілдаевтар мен Арыстанбаевтар отбасыларының құжаттары Астана қаласына жіберілмек. Келесі кезеңде әр облыстан жеңімпаз атанған 32 отбасының 16-сын арнайы комиссия финалға жіберу үшін іріктеп алмақ. Ал конкурс финалында үздік отбасы смс-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті дауыс беру жолымен анықталмақ.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».