Бірлескен істе береке бар
Бірлескен істе береке бар
Бірлесе, қауымдаса тірлік ету – нарық талабы. Осы тұрғыда ауыл тұрғындарының бірігу арқылы кооператив құруының орны айрықша. Бұл ретте, Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да аз емес екенін айта кету керек. Мәселен, аталған бағыт бойынша кооперативке бірігемін деген шаруаны несиемен қамтамасыз ету сынды зор мүмкіндіктер берілуде. Оған Мемлекет басшысының биылғы жылдың басты құжатында көрсетілген «Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» деген сөзі дәйек бола алады. Шу ауданының Қонаев ауылында «Берекелі – 2016» кооперативі құрылды. Кооперативті ұйымдастырған – бұған дейін егін егіп, мал өсіру арқылы жеке шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған іскер азамат Дінмұхамед Әлімқожаев. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылған кооперативтің негізгі мақсаты – мал бордақылаумен айналысып, ет өндірісін жолға қою. Қай істі болмасын үйіріп әкететін іскер азамат Дінмұхамед шағын шаруа қожалығын кеңейтуді біраздан бері ойлап жүрген болатын. Алғашында өзіне тиесілі егістігіне егін егіп, қолдағы бар малын баққаннан тіршілігі дүрілдеп кетпесін түсінген болуы керек. Мемлекет тарапынан кооператив құруға, ауыл шаруашылығына, оның ішінде отандық ет өндірісін дамытуға айрықша көңіл бөлінуі оны ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс атқаруға итермелеген. Қазіргі таңда кооператив мүшелігінде 20 жеке қосалқы шаруашылық бар. Олардың әрқайсысы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» мекемесі арқылы 6 пайызбен 4 миллион теңге көлемінде несие алған. Жалпы 20 адам 63 миллион 900 мың теңге несие алып, осы шаруашылықтарда 336 ірі қара мал бордақылануда. Кооператив мүшелері аталған қаржыдан малды күтіп-баптауға арналған жемшөп қорын жасақтауға 12 миллион теңге бөліпті. Әзірге ішкі нарық көлемінде жұмыс жасауда. Дінмұхамед Әділханхожаұлының айтуынша, бір-екі жылдың шамасында мал басын екі есеге көбейтіп, ет өндіретін ірі фабрикалармен бірлесе жұмыс жасамақшы. – Жеке шаруашылықтар аз ғана малымен үлкен фабрикаларға немесе шет елдерге ет өткізе алмайды. Осы орайда, қолда бар ірі қараның етін біріктіре отырып, етті кең көлемде өткізуде кооператив құру таптырмайтын мүмкіндік болып тұр. Осыны бірден түсінген ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып жұмыс істеуді қолға алдық. Жуырда Солтүстік Қазақстаннан ет бағытындағы қазақтың ақ бас сиырын алып келуді жоспарлап отырмыз, – дейді кооператив жетекшісі. Ол үшін қазірден бастап бірнеше фабрикалармен келіссөздер жүргізіп қойған екен. Одан бөлек, ірі қараны етке өткізу үшін «Берекелі-2016» кооперативі аудандағы базарлармен де келісімшарт жасасқан. Мемлекет беріп отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған шулық шаруалар қазірдің өзінде қора-жайларын кеңейтіп, мал басын көбейтуге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні шаруалардың арасында өзара ережелері жасалып, онда жұмыс жүргізудің бүкіл жүйесі қамтылып отыр. Бордақыланатын мүйізді ірі қараның денінің саулығы мен тазалығы тұтынушыға жеткенше мамандардың бақылауында болады. Осыған орай тұрғындар тұтынатын ет сапалы болу үшін малдың бабымен қатар, адал сойылуы да маңызды екенін айта кеткен жөн. Осыны ескерген «Берекелі-2016» кооперативінің мүшелері Қонаев ауылынан мал соятын арнайы орын ашпақшы. Алайда, кооператив жетекшісі тиісті құжаттардың дұрыс тіркелмегендігінен, мал сою алаңын ашуда бірқатар мәселелер туындап жатқанын айтады. Десе де, бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін тауып, мал сою орнының құрылысын қолға алатындарын жеткізді. Бірлесе жұмыс істеу көлемді әрі тиімді. Мемлекет арқылы қаржыландыру оңтайлы және жүйелі болу үшін бірігу – бүгінгі таңдағы үлкен қажеттіліктің бірі. Үлкен шаруашылық көлемді жұмыс тындыратынын да естен шығармаған абзал. Кооперативке біріккен тұста шаруа қожалықтарының дербестігі өзінде қалады, малына, жеріне, есеп шотына, үйіне, қорасына ешкім соқтықпайды. Бүгінде шаруалардың басты қаупі осы ғана. Бірігер алдындағы басқосуларда басын ашып алатын нәрсе де – осы. Кооперативтер аграрлық несиелерді, мал шаруашылығы өнімдеріне, мал азығын дайындауға берілетін субсидияларды оңай алады. Расында, ауыл шаруашылығы жұмысында шыңдалған, есепті де білетін кадрлардың қажеттілігі, олардың басын қоса білсе, елге пайдалы шаруалармен шұғылдану мүмкіндігі артары сөзсіз. Міне, осының барлығын ескеріп, алақандай ауылдағы іскер азаматтардың басын қосу арқылы кооператив құрған Дінмұхамед Әлімқожаев өзінің ғана емес, бірнеше шаруа қожалықтың шаруасын шалқытып отыр.
Шу ауданы.
Ерғали қартайған, «Ақ жол».