Қаратаудың түлегі қайта оралды
Қаратаудың түлегі қайта оралды
«Тараз» футбол клубының тізгінін қолға алған Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко «Мен тәртіпті талап ететін маманмын» дейді
Бұл «Тараз» футбол клубының жанкүйерлері үшін тосын сый болды десек, артық айтқандық емес. Былтыр бас бапкерді ауыстырғанда болжам айтушылар көп болған. Ал, биыл Арно Пайперс кеткенде, неліктен екені белгісіз «жорамалшылар» үнсіз қалды. Кім білсін, кейбір «жауырыншылар» команданы алға сүйрей алса, жаттықтырушының міндетін атқарып жүрген Нұрмат Мырзабаев тізгінді алуы мүмкін деген соң, босаған орынға кімнің жайғасары белгілі деген шығар. Бірақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жамбылдық клубтың турнир кестесіндегі «жағдайына» қарап, күтпеген шешім қабылдады. «Тараз» тізгіні футболдан олимпиада чемпионы Евгений Яровенкоға сеніп тапсырылды.
Жамбыл жері олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондарының мекені екенін әрқашан мақтан етеміз. Күрес пен боксты айтпағанда, футболдан тұңғыш олимпиада чемпионы да осы біздің Әулиеата өңірінен шыққан. Міне, енді Қаратаудың түлегі отыз жылдан кейін туған өлкесіне қайта аяқ басып отыр. Жай емес, «Тараз» футболшыларының ойын мәнерін өзгертуге келіпті. Жаңадан тағайындалған бас бапкерді облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев «Жастар» стадионының базасында өткен жиында таныстырды. Ғали Нәжімеденұлы «Тараз» командасының қазіргі ахуалын айта келіп, футболшылар мен жаттықтырушылар құрамына үлкен міндет жүктеліп отырғанын жеткізді. Білікті маманды шақырту мәселесінің де осы мақсаттан туындағанын түсіндірді. Жалпы, «Тараз» басқа клубтар секілді шетелден маман шақыртып та көрді. Бірақ, бұл тәжірибе аса жемісті бола қоймағаны белгілі. Таңдаудың Евгений Яровенкоға түсуінің негізгі сыры да осы тәрізді. Негізі, Жамбылдың түлегі команданың болашағына жанашырлықпен қарайды деп сенім артып отырған сыңайлы. «Менің Отаным – Қазақстан, туған жерім – Жамбыл. Сондықтан, Украинада жүргенімде де Қазақстандағы ішкі біріншілікті бақылап, қарап отыратынмын. Премьер-Лига турларындағы кездесулерді арнайы келіп, тамашалаған кезім де болды. «Тараз» футболшылары алдарына әрқашан жоғары мақсат қоя білетін. Команданың сол беделін қайтаруымыз керек. Мен қатаң тәртіпті талап ететін маманмын.Тәртіп болса, жеңістің де ауылы алыс емес. «Астана», «Қайрат» клубтарының ешқандай артықшылықтары жоқ. Біз де сондай бола аламыз. Жай сәйкестік пе, кім білсін? Бүгін «Тараз» өз алаңында «Қайратты» қабылдайды. Екеуі де құрамында мен өнер көрсеткен командалар», – дейді Евгений Викторович. Кезінде жамбылдық «Химик», алматылық «Қайрат», сондай-ақ, «Днепр» (Днепропетровск), «Ротор» (Волгоград), «Нива» (Тернополь), «Конту» (Хельсинки, Финляндия), «Сырыер» (Түркия) деген командаларда ойнаған, КСРО құрамасының сапында олимпиада чемпионы атанған, «Есіл-Богатырь» және Қазақстан жастар құрамасын баптаған тәжірибелі маманның өңір футболына бір пайдасы тиеді деп үміттенеміз. Яровенко бүгінгі күнге дейін Украинадағы «Нефтяник Ахтырка» командасын жаттықтырып келді. «Торпедо» және «Днепр» (Днепропетровск), «Шахтер-3» (Донецк) клубтарында да бапкер болған.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».