Әлеумет

Ел абыройын асқақтатқан күн

Ел абыройын асқақтатқан күн

Бүгін бүкіл әлемнің назары Астанада. Ұлы Дала төріндегі дүбірлі думан ешкімді де елеңсіз қалдырмайтыны анық. Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзі үшін тарихи оқиға саналатын ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатын жіберіп алмас үшін Есілдің жағасындағы еңселі Елордамызға жаһанның әр түкпірінен ағылған жұрттың қарасы көп. Бұл көрме бұрын-соңды ұйымдастырылған халықаралық көрмелерге қарағанда ерекше. Себебі, мұнда жер шарының болашағы жолындағы, адамзат үшін маңызды жобалардың тұсауы кесіледі. 78e597a587390f2003baea8bc+++46f4a5d 9dbe60cb77482549da6d+++b31d654b0351_resize_w__h_1000 1a85aef35562c69f8b23c984ce6e37+++e3_resize_w__h_1000Ал осы ЭКСПО-ның мән-мағынасы мен берер жаңалықтары туралы жалпы ойды бір сәтке санадан ысырып, тарихтың алтын парағын ашатын ғаламат бастамалар алаңының иесі біздің ел екенін бір сәтке сезініп көріңізші. Қандай ғажап күй. Расында, бұл көрме әр қазақтың рухын асқақтатар айтулы шара. Шетелдік меймандар алдында кеудемізді зор мақтаныш кернейді. Тәуелсіздікке күні кеше ғана қол жеткізіп, бүгінде алты құрлықты аузына қаратқан қыран мемлекеттің ұланы болу қандай бақыт?! Иә, ширек ғасыр ішінде қарқынды дамып, әлем таныған Астана күн санап көркейіп келеді. Енді, міне, небәрі бес жыл бұрын шаңы шығып, құлазып жатқан жазық дала бедерінде тағы бір сәулеті таңдай қақтыратын қалашық бой көтерді. Бұл – болашақты қалыптастыратын қалашық, бұл – ертеңгі күн энергиясы бастау алған алаң. Жалпы, барлық ЭКСПО көрмелері – өз маңыздылығы бойынша дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы және қатысу ауқымы бойынша Олимпиада және әлем футбол чемпионаттары сияқты ең танымал спорттық жарыстармен пара-пар. ТМД аумағында алғаш рет өткізілетін бұл ЭКСПО көрмесін көп күттік. Зор жауапкершілікті талап еткен шараға Елбасының тікелей қадағалауымен үлкен дайындық жүргізіліп, бұл аймақ бірнеше жыл бойы алып құрылыс алаңына айналды. Нәтижесінде, халықаралық көрме қонақтарын абыроймен қарсы алатын күн туып, оның ашылу салтанатына көптеген мемлекеттер басшылары мен өкілдері арнайы қатысты. Көрмеде 115 ел мен 22 халықаралық ұйымдар бой көрсетеді. Өз қатысуын растаған елдердің ішінде – заманауи энергетиканың көшбасшылары болып есептелетін дамыған мемлекеттер бар. Алдымен, бұл – Оңтүстік-шығыс Азия елдері – Оңтүстік Корея, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Жапония. Сонымен қатар, энергияның тұтынысы бойынша Қытай мен Үндістан сияқты ірі елдер. Дәстүрлі еуропалық мемлекеттер, Нидерланд, Ұлыбритания, Германия және Франция жасыл технологиялардың алдыңғы қатардағы тобы. Мысалы, 100 пайыз жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін бірінші ел Коста-Рика ЭКСПО-ға қатысады. Сондай-ақ, Америка, Азия, ТМД мемлекеттері де бар. ЭКСПО-2017 жобасы жасыл экономика саласындағы елдердің жетістіктерін көрсетуге арналған тамаша алаң, сондай-ақ ол одан әрі даму үшін мықты серпін береді. ЭКСПО аумағындағы көптеген сәулетті ғимараттар алыстан көз тартады. Олардың ең негізгісі көрме символы іспеттес – «Нұр әлем» сфералық нысаны. Оның диаметрі – 80, биіктігі – 100 метрді құрайды. Павильонның бірінші бөлігінде түрлі және ауқымды ландшафттарды, бай мәдениетті, тарихты, осы күнгі және болашақ Қазақстанды көрсету көзделген. «Жасампаз қуат» аймағына Көрме тақырыбындағы отандық ғалымдардың үздік жобалары, Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғау бастамалары, іске асырылатын және іске асырылған республика өңірлеріндегі «Жасыл экономика» жобалары кіреді. Сондай-ақ, «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильон бар. Онда тұрақты энергия көздері саласындағы жүзеге асқан технологиялар мен жобалар көрсетілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шараның ашылуы алдында көрме қонақтарын, яғни бірнеше мемлекеттер президенттері мен премьер-министрлерін, саяси ықпалды тұлғаларды Астананың жаңа бренді «Нұр әлем» ғимаратында қарсы алды. Көрменің басты нысанымен танысып шыққан меймандар ғимарат алдында естелік суретке түсіп, Конгресс-орталығында өтетін салтанатты жиынға қарай аяңдады. Онда көпшілікті күн, жер, су қуаты бейнеленген театрландырылған инновациялық шоу күтіп тұрды. Бұл бағдарламаның әсерлі сәтін домбыра күмбірі толықтыра түсті. Салтанатты шарада еліміздің Көк Байрағы биікке көтеріліп, мемлекеттік Әнұран орындалды. Содан соң Көрмеге қатысатын барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың туы сахна төріне шығарылды. Осындай бірқатар рәсімдерден кейін Халықаралық көрме Бюросының Президенті Стин Кристенсен сөз сөйлеп, Қазақстан мен Көрмеге қатысушы мемлекеттерге ризалығын білдірді. Жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты мерекемен барша қатысушыларды құттықтап, былай деді: «Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналмақ. Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана 21-қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады. Көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйымы қатысатын болады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймін». Елбасы сондай-ақ Көрме тарихына да тоқталып, мән-маңызын тарқатып айтты: «ЭКСПО осыдан 166 жыл бұрын өткен тұңғыш көрмеден бері әрдайым жаңа идеялардың бесігі болып табылады. Алғашқы телефон, аткөлік, компьютер, жер серігі, атом электр стансасы сияқты жаңалықтың барлығының тұсауы осындай ЭКСПО-да кесілді. Сол үрдісті жалғастырған Астана әлемдік инновациялық орталықтың бірі ретінде танылады деп сенемін. ЭКСПО – ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір», – деп атап өтті. Көпшіліктің көкейінде «Көрме аяқталған соң ондағы ғимараттардың ертеңі не болмақ?» – деген сауал туындауы мүмкін. Бұл ретте: Ұлт Көшбасшысы: «Қалада жаңа әуежай, жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер, мәдени ойын-сауық кешендері салынды. Осының барлығы ЭКСПО-дан кейінгі елдің ортақ игілігіне қызмет ететін болады», – деп түсіндірді. Осылайша, Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін ашық деп жариялады. Ресми бөлім аяқталған соң көпшілік Көрме аумағында мультимедиялық шоуды тамашалады. Айтулы күн құрметіне ұйымдастырылған ғажайып отшашу түнгі аспаннан жұлдыз жауғандай әсерге бөледі. Содан соң жұртшылық кешеннің батыс бөлігінде орналасқан Көрменің ойын-сауық алаңы – Амфитеатрда мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Осылайша, биылғы жылдың ең айтулы оқиғасы айрықша серпінмен бастау алып, ел абыройын тағы бір мәрте асқақтата түсті.

«Ақ жолдың» арнаулы тілшісі Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА Астанадан хабарлайды.