Дала өрті дер кезінде ауыздықталды
Дала өрті дер кезінде ауыздықталды
Кеше облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен көршілес республикалар аумағына өту қаупі туындаған орман және дала алқаптарындағы өрт оқиғасына байланысты Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылының таулы аймағында ТЖД бөлімшелері мен азаматтық қорғау қызметтері бірлесе өрт-тактикалық оқу-жаттығу шарасын өткізді. Кәсіби шеберлікті жетілдіру тәжірибемен де келетіні белгілі. Бұл жолғы оқу-жаттығу жұмысына облыстың жергілікті атқарушы органдары мен азаматтық қорғау, мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметтерінің, «Қазавиақұтқару», «Интергаз орталық Азия» акционерлік қоғамдарының, Жамбыл, Байзақ аудандарының, Ақыртөбе орман шаруашылығын және жануарларды қорғау, «АМО», «Қазавиаорманкүзет», «ЖО әкім аппаратының мамандандырылған базасы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің жеке құрамдары, барлығы 220 адам және 42 техника күші жұмылдырылды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған Тараз қаласының, Жамбыл, Байзақ, Т. Рысқұлов аудандарының әкімдері, тиісті басқармалар мен департаменттер басшылары да бұл істің басы-қасында болды. Кәрім Нәсбекұлы жеке құрамның барлығымен жеке-жеке танысып, олардың атқаратын жұмыстарын қаншалықты білетіндігін сұрап, пысықтап шыққаннан кейін оқу-жаттығу жұмысының барысын арнайы орыннан бақылап тұрды. Аталған аумақта өрттің туындауы болжамдалысымен, одан арғы міндетті шаралар рет-ретімен жүзеге асырылып жатты. Арнайы қызметтер өкілдері тікұшақпен өрттің жайылу аумағын бақылап, бағдарлауға кірісті. Ал өрт болса, батыстан соққан желдің күшеюіне байланысты тау бөктеріндегі жайылымға, сондай-ақ, Қазақстан мен Қырғыз Республикаларының шекаралас аумағы бағыты бойынша тау шатқалына жайылып, шебі де ұлғая түскен. Өрт сөндірушілер топтары да оқиға орнына жедел жетіп, «тілсіз жауды» ауыздықтауға кірісті. Бірқатар соқалы тракторлар борозда тартып, «қауіпсіздік жолағын» жыртуға кірісті. Арнайы сыйымдылықтар арқылы тонналап су да жеткізілді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсететін топ та оқиға орнынан табылды. Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жауынгерлері де адамдарды оқиға орнына өткізбей, сақтандыру үшін қатар-қатар шеп құрып үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, оқу-жаттығу жұмысы өзінің табиғи өрттерді сөндіруде басшылық пен жеке құраммен тәжірибелік машығын жетілдіру, жедел штаб пен арнайы қызметтердің өзара қарым-қатынасын үйлестіруді тиімді ұйымдастыру мақсатына жетті деуге толық негіз бар. Ал жалпы өзара байланысу командалық-штабтық машина арқылы қамтамасыз етілді. Оқу-жаттығуды өткізу барысында телефон байланысы бойынша жаттығуға Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Талас және Шу облыстары бойынша басқармасының жедел кезекшілері де қатысты. Бөлімшелерге қойылған міндеттердің барлығы ойдағыдай орындалды, оқу-жаттығу барысында оған қатысушылардың өзара тиімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде шартты өрт жойылды. Оқу-жаттығу қорытындысында кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді көрсету арқылы талдау жасалынуы да облыстың жергілікті атқарушы органдары мен азаматтық қорғау, өрт сөндіру қызметтерінің алдына жаңа міндеттер жүктегені анық. Шара барысында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстың арнаулы құрамдары алдағы уақытта туындауы ықтимал дала өрттерін сөндіруге сақадай сай әзір екенін атап өтіп: – Бүгін облысымызда дала өртіне байланысты оқу-жаттығу өткізілуде. Бұл іс-шара үстіміздегі жылғы 30 мамырда өткен селекторлық кеңестегі Үкімет тапсырмасына орай ұйымдастырылып отыр. Бұрындары аудандық деңгейде өткізіп келдік, енді облыс көлемінде қолға алынды. Биыл да өңірімізде шөп қалың, өрттің жаздың ыссы күндерінде кез келген уақытта туындауы мүмкін. Оған біз әр кезде де дайын болуға тиіспіз. Осыған байланысты азаматтық қорғау, өрт сөндіру, төтенше жағдай қызметтерінің, бүкіл ауданның ерікті қатысушыларының, ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының, шағын авиация,Ұлттық ұлан, медицина қызметкерлерінің басын қосып жаттығу өткізудеміз. Мақсатымыз – азаматтарымызды қорғау, орман және далалық алқаптар өрттерін қолда бар мүмкіндікті мейлінше тиімді үйлестіре отырып, дер кезінде ауыздықтау. Міне, қазір де өрт сөндіру машиналарымен, шартылдақпен қамтамасыз етілген арнайы топтар «тілсіз жаумен» қызу күресу үстінде. Біздің шекара қызметімен арамызда тұрақты байланыс орнықтырылған. Өрттің орын алғаны жөнінде олардан бізге дер кезінде хабар түседі. Осыған орай шұғыл шаралар қабылдауымызға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының да, төтенше жағдайлар департаментінің де иеліктеріндегі техника жылдан-жылға ескіруде. Оларды жаңалау бағдарламамызда бар. Әзірге олар әлі де пайдалануға толық жарамды күйде, – деді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».