«Таңдайына бұлбұл ұя салған»
«Таңдайына бұлбұл ұя салған»
Айтыскер ақын Ұлбике Жанкелдіқызының ауыр тағдыры мен шығармашылығы хақында
Өтеген Жаппархан, Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет қайраткері.
Жасыратыны жоқ, ақындық, айтыскерлік өнер туралы сөз болғанда сан ғасырдан бері бұл өнер көбіне тек ер кісілерге тән деп, соларға теліп, әйелден шыққан таланттар тасада қалып келді. Оларға салғырт қарадық. Бұл баяғы әйелдерді кемсітетін қиқар көзқарастың салдары еді. Айтыс – ақын, жыраулардың шабытын шыңдап, талант көзін ашатын бірден-бір өнер қайрағы. Ол сан ғасырдан бері өлмей, ұмытылмай рухани қазынаның сүбелі қайнар-бұлағы болып келеді. Сыпыра, Асанқайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиенбет сияқты жыраулар да кезінде қыз-келіншектермен айтысқандай көрінеді маған. Тіпті, ақындар шабыты қысқанда өз әйелімен, атымен, тазысымен, ұшқан құспен де айтысып, көбіне екі жақтың да рөлінде өзі ойнап, өзі шығарып, көңілін демдеп отырған. Оған Кете Жүсіптің өз әйелі Күзенмен, Мансұр ақынның бесіктегі қарақалпақ қызы Дәмемен айтысын мысалға келтірсек сөзіміз дәлелдене түседі. Ақындар айтысы туралы әңгіме қозғалғанда бұл өнердің ту ұстаушылары ретінде Күйкентай, Шәріпжамал, Дәме, Ұлбике, Тыныштық, Шәкей, Қарлығаш, Ақсұлу, Ақбала, Рысжан, Сара, Болық және Шәбия сияқты («Айтыс» кітабы, 2 том) айтыскер әйелдердің есімін айтпай кету әділетсіз болар еді. Бұл тұста Сара Тастанбекқызының есімі алдымен ауызға оралады. Рас, оның жарты өмірі қапаста, қайғы-қасірет қамауында өткен. Оның айтысы көп таралған, аңызға айналған, әр кезеңдерде өз бағасын алған-ды. Қазақта Сарамен тағдырлас, таланты деңгейлес, бірақ зерттелуі, насихаты әлі кемшін түсіп жатқан бір айтыскер ақын бар. Ол – Сырдан шыққан Ұлбике Жанкелдіқызы. Ұлбике Сарадан жарты ғасырдай бұрын Қызылорда облысы Қараөзек бойында 1825 жылы дүниеге келген. Әкесі Жанкелді мен анасы Жаңыл да өнерпаз, бірқағары бар жандар болған. Әсіресе анасы әншілігімен төңірекке жақсы танылыпты. Демек, Ұлбике бойындағы таланттың өте ерте оянуына ата-анасының ықпалы зор болып, олар перзент жүрегіндегі жалынды өшірмей, үнемі үрлеп отырған. Ол туралы Ұлбике өз өлеңінде былай деп жырлайды: «Моншағымның әр тасы бір өлеңді, Бесігімде үйренгем мен өлеңді. Балапандай кезімде қайран шешем, Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді». Ұлттық дәстүрмен Ұлбике шыққан шежіре-текке үңілсек, ол Үйсіннің, Ошақтыдан тараған Аталығының қызы. Сыр бойында туылғанымен топырақ Жамбыл облысындағы Талас өзені бойынан бұйырады. Академик Мырзатай Жолдасбековтің айтуы бойынша Ұлбикенің бойжетіп, сылана бастаған шағында Ошақтының Есмырза деген беделді биі әулетін бастап Әулиеата маңына қоныс аударады. Олардың ортасында Ұлбикенің әкесі Жанкелдінің де отбасы болған. Ел ішінде «Ұлбикені топырақ тартты» деген аңыз әңгіменің шығуы да міне, осыдан. Ұлбике Жанкелдіқызын ән-жыр өлкесіне жастайынан жетелеген «Сыр елі – жыр елі» атанған аймақтың шабыт қоздырар киелі қасиеті еді. Өйткені, ол есейіп, етек жаба бастаған шақта Сыр бойында жыршылық өнер, ақындар сайысы дүрілдеп тұрған болатын. Ұлы дарияның бойын ен жайлап отырған халықтың әр күні ән-жырсыз, ақындар айтысынсыз өтпейтін. Ондай думандарға әке-шешесі Ұлбикені қалдырмай апарып жүреді. Сөйтіп, олар ақыры қызын шабыт қысқан топтан «арашалап» ала алмай қалды. Қайран ата-ана алғашында қыз өнерін мақтан тұтқанымен перзентінің тәтті тілі оның түбіне жететінін қайдан білсін… Ұлбикенің бағы жанып, талант отының тұтануына Сыр бойындағы жыршылық өнердің әсері болды. Әлгінде айтқанымыздай, ауыл ішінде жаяу ақын жігіттермен сөз қағысып, ән салып, қара үзіп жүрген ақын қыздың шабысы елдегі сүбелі сүлейлерді де елең еткізіп, олар да оза шауып жүрген Ошақтының қызын сынамақ ниеттері болады. Сөйтіп жүргенде Ұлбикемен жыр сайысына ең алдымен Қарақалпақ елінен келген Жанкел деген кедей жігіт түседі. Қараөзек өзенінің сол жағында осы сәтті күтіп жүрген Жанкел өзеннің оң жағасында сиыр сауып отырған Ұлбикеге былай деп өлең айтады: Топ қамыс, топ-топ қамыс сайда болар, Көп жылқы, қоралы қой байда болар. Аржақта сиыр сауған Ұлбикежан, Өткелі Қараөзектің қайда болар? Жігіт даусын естіген Ұлбике сиырдың бауынан басын көтеріп, бірден былай деп жауап береді: Аржақта Жанкел отыр қардай борап, Нағып жүр әкең байғұс алдыңды орап? Бара ма малың өтпей сорлы кедей, Өткелін Қараөзектің менен сұрап? Жанкел: Әңгіме табылады құрағанға, Өзіңдей жақсылармен ұнағанда. Байталдай шапқа түрткен шамдандың ғой, Өткелін Қараөзектің сұрағанға. Ұлбике: Жігітім, біздің байтал тарпаң еді, Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді. Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа, Жанкел-ау, жүресің де байқап енді. Бұл айтыс та екеуара сөзжарысқа, жоғарыдағы үзінді келтірілгендей бір-бірінің мінін бетіне басып, қызықты, ойнақы юморға құрылған айтыс болады. Қайымдасу үстінде өз сөзінен ұсталып, Ұлбике жеңіледі. Бірақ, бұрынғы ауыл арасындағы қалабай қалжыңнан гөрі ұстамды, күрделірек болғандықтан Ұлбикені ширатып, тұсауын кескен нағыз тартысты айтыстың бірі осы болған еді. Ұлбикенің ақындық жолдағы алғаш бетін ашып, тұсауын кескен, ұстараның жүзін жанығандай қайраған, талантын танып, батасын берген қожа руынан шыққан, Сыр бойына танымал ақын Күдері Еркөшекұлы еді. Ұлбикемен алғаш айтысқа шыға бастағанда ол қырықты алқымдап қалған егде кісі екен. Ұлбикемен сөз жарастыра бастағанын естіген әкесі Күдеріге «Балам, Ұлбикемен айтысу үшін Бұхараға барып үш жыл оқып кел, әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың» депті деген аңыз бар. Мұның өзі Ұлбикенің тапқырлығының, шешендігінің, ой-өрісінің кеңдігінің, ақындық алымдылығының дәлелі. Бұл айтқанымызды шегелей түсетін айғақтар, Ұлбикенің бағасын үстемелей түсетін бұрын-соңды өткен сөз зергерлері айтқан әлденеше тұшымды мысалдар көп. Мысалы, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетұлы: «Күлдіреп Күдері өтті Таспаменен, Айтысқан талай жүйрік қасқаменен. Айтысып Ұлбикемен бәсі түскен, Тең таппай теңесуге басқаменен», – деп Ұлбикенің ақындығын айшықтай түседі. Бүтін оңтүстік өлкесіне ақындығымен, оған қоса жыршылық, әншілік өнерімен жіті таныс Мәделіқожа да Ұлбикенің ақындығы мен көркіне қайран қалып: «Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі, Қысылса да аузына сөз түседі. Өлең айтып отырған Ұлбикенің, Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі», – деп жырға қосқан. Қысқасы, Ұлбике айтыс ауылына аз уақыт ат шалдырғанда өзінің ерекше көркімен де, шешендік шеберлігімен де тамам жұртты тамсандырған. Оған сол тұстағы өлең сөз сүлейлерінің көпшілігі жыр арнап, ақындығы мен ақылдылығын кестелеген. Жә, ақын қыздың талантына бас июшілердің ол туралы жүрекжарды лебіздерін Нартай ақынның сөзімен түйіндейік: «Сұлудың құралайдай сәні қалды, Шырындай өнерінің мәні бар-ды. Содырдың сойылынан мерт болса да, Ұлбикенің өлмейтін әні қалды!» …Ұлбикенің айтыстағы талантын ұштап, тұсауын кескен Күдері қожа Еркөшекұлы деген болжам да жиі айтылады. Жаны бар сөз. Өйткені, бұлардың ауылы қоңсылас болған. Ұлбикенің әкесі мен шешесі қызын сол кезде атағы дүрілдеп тұрған Күдерінің алдына апарып батасын алады. Қыз өсе келе ұстазымен де бірнеше рет айтысады. Бір деректерде екеуі екі рет айтысыпты делінеді. Шәкіртін сынау үшін әуелі «бәлені» Күдеріқожа бастаған. Күдері кездесе қалса оны сөзбен қағытып, сынап жүреді екен. Келе-келе қайсысы бұрын көрсе, сол өлең тиегін ағытып қоя беретін болған. Аяғы үлкен айтысқа ұласқан. Бірақ ол кезде Ұлбике тым жас болған соң Күдеріқожаның өзі әдеп сақтап, ол айтыстардың тарауына қарсы болған. Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша Ұлбике Күдеріден басқа Майлықожамен, Мәделі, Таспақожамен, Сералықожамен, Жанкелмен, тағы да басқа жігіттермен де қайымдасқан. Осы жерде дала академигі Мәшһүр Жүсіптің тоқтамына жүгінейік: «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. «Қайым» өлеңінің басында Күдеріқожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардыкі мақал, тақпақ…». Ендеше қайымға кезек берейік: Күдеріқожа: Ата-бабам шынжыры қойылған қол, Қожа келіп тұрады оң менен сол, Әшейін-ақ бір айтқан сөзің шығар, Ақылы бар баланың айласы мол, Ата-бабаң пір тұтып қожа қылған, Не себепті қожаға тимейді жол?
Ұлбике: Аулақ тарт қожа болсаң, кеселіңді, Осы жолы қайтарамын меселіңді. Ат мініп, біздің елден тон киген соң, Сатқансың қашқарлыққа есегіңді. Жеп едің ел қыдырып сынық малта, Айтамын әлі талай өсегіңді. Қожеке, пайғамбардың атын сатып, Алмай ма құдай сенің есебіңді?
Енді жоғарыда келтірген Қарақалпақ жігіті Жанкелмен сөз қағысынан тағы бір үзінді келтірейік: Ұлбике: Жанкел-ау, біздің байтал тарпаң еді, Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді. Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа, Жанкел-ау, жүресің ғой байқап енді.
Жанкел: Әрине, Сіздің байтал тарпаң еді, Көңілім байтал мінсем тарқар еді. Асаудың шоқтығынан бір ұстаса, Кеудесін кедей сонда тартар еді.
Күдері бастап, Ұлбикемен қағысқан Таспақожа, Мәделіқожа, Сералықожа, Жанкел секілді ақындар ақын қызға әртүрлі тақырыпта сұрақ қойып, оны ойдан, сөзден жаңылыстырмақ болған. Бірақ, Ұлбике бәріне ұтымды жауап беріп, өзінің ой-өрісін, өресінің биіктігін байқатқан. Жоғарыда Ұлбикенің атақты ақын Сарамен тағдырлас екенін айтқанмын. Оған дәлел – екеуі де малға сатылып, теңін таппай, бірі бүкірге байланып жастық шағы жылаумен өтсе, екіншісі содыр күйеудің қолынан мерт болған. Олар заман дәстүрінің құрбандары еді. Ол қорлықтарын екеуі де зар қылып жырлап өткен. Сарадан жарты ғасырдай бұрын туған Ұлбике сол кездегі әйел теңсіздігін былайша жырлап, зар жылады: Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар, Таулы, тасты, шөл дала, құз-жары бар. Қайда барсам жолымды кес-кестейтін. Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар. Ташкеннен алып келген сырнайып-ты, Жөнін білген тартады желқайықты. Ақ шәйі мен көк шәйінің қиығындай, Өзіме таба алмадым лайықты… Ал алғашқы жары өзіне тең болмай, кембағал адамға айттырылған Сара Тастамбекқызы да: Тақсыр-ай, күні құрсын, ұрғашының, Билігі болмаған соң бір басының, Берген соң тері-терсек ит те алады, Пұлындай берекесіз арбашының, – деп аһ ұрып еді ғой. Әлгінде айтқанымыздай, Ұлбикенің елі Әулиеатаға келіп (1837 ж.) ата-бабаның туған жеріне орныққан соң жылдар өтіп, өнері мен ажар-көркіне тәнті болған Қарақойлы руының бір байы үш қыздың қалың малын беріп құда түседі. Ұзамай Ұлбике сол байдың содыр да ұрдажық, әпербақан, еркетотай боп өскен Бойтан деген баласына ұзатылады. Сол күннен бастап маңдайының соры қалыңдай түседі. Ата-енесі де жайсыз болады. Келген жері оның әр қадамын бақылап, өнерін ұштамақ түгіл әр әрекеті аңдуда қалады. Қысқасы, Ұлбикені қорлық, зорлық тұманы шырмап алады. Бұл сөзімізге Ұлбикенің өз зары айғақ. Бұл қорлық жанына батқан ақын бірде шөл қысып келген жолаушыдан әке-шешесіне сәлем жолдайды. Оны, әрине толқымай тыңдау мүмкін емес. Ал, тыңдайық: «Не деген қайын атам қас кісі еді, Аузынан айқайласа тас түседі. Ел-жұрттан осындағы жөн сұрасам, Бір түнде сәтін тауып қаш деседі. Ғұмырым ойлай берсем болды қауіп, Отырмын, жүре алмаймын басым ауып, Айта бар бұдан барсаң көкешіме, Өзімен ала келсін тәуіп тауып». Қызылорданың іргесіндегі Амангелді ауылында Рахмет Мәзхожаұлы деген жырау болған. Тоқсан екіге келіп дүние салған ол ескі жыр-терме, айтыс, қиссаларды көп білетін адам еді. Өзі Күдеріқожамен ағайындас қожа руынан болатын. Мен оны көп тыңдап, біраз айтыстарды (Ұлбикенің де бір айтысын) сол кісіден жаттап алғанмын. Оның айтуы бойынша Ұлбикенің ұстазы болған Күдері көбіне Арқада өмір сүріпті. Онда да талай адаммен қайымдасып, өнерін паш етіпті. Ұлбикенің дерегін естіп, Балқашты жағалап, Шу бойына келген ақын сұрастыра отырып шәкіртінің ауылына түседі. Күдерінің даңқын білетін жұрты жиналып, ақынға қонақасы беріп жырлатады. Сол басқосуда жиылған жұрт қолқалап екі ақынды айтыстырады. Бұрыннан сырмінез және өнер бәйгесін сағынған екі ақынның айтысы ә дегеннен қызып, ұзаққа созылады. Қас қарайып, түн жамылғанда тар көңіл, қараниет біреу ен далада жылқы күзетіп жүрген Бойтанға барып: «Әйеліңнің Күдері деген көңілдесі бар екен, сол келіп күні бойы екеуі айтысып отыр. Сенбесең үйіңе бар» деп хабар береді. Есер Бойтан шауып үйіне келсе, шынында айтыс жүріп жатыр екен. Кеудесін қызғаныш кернеген Бойтан іргедегі балтаны ала салып Ұлбикені көкжелкеден бір ұрады. Ақын талып түседі… бұл 1849 жылғы тамыз айының орта кезі еді дейді. Содан Ұлбике төсек тартып жатып қалады. Жарасы жазылмай дерті күн сайын меңдей береді. Бұл кеселден тұрмасын білген Ұлбике өткен кеткенге өлеңмен мұң шағады. Бірде үйіне ел аралап жүрген дуана бас сұғып, көңілін сұрапты. Одан Ұлбике «Сыр еліне барасың ба?» деп сұрапты. «Барамын» депті ол. «Ендеше сондағы жұртқа айта бар» деп мынандай бір ауыз өлеңді үйретіпті: Тұс-тұстан халық келіп анталады, Айтыс деп Күдерімен қолқалады. Болғанда түн ортасы Бойтан келіп, Атылып көкжелкемнен балталады… Абайсызда басынан қатты жарақат алған Ұлбике қыркүйек айының басында небәрі 24 жасында 1849 жылы көз жұмады. Содан әлгі дуана Сыр бойына, Жаңақорғанның түстік бетіндегі бір ауылға келіп, әлгі өлеңді айтады. Үй егесі қожа екен. Мұны қай жерде, кім айтқанын білгеннен кейін «Оһ, Ұлбике өлген екен ғой, қой, барып көңіл-қос айтып, бата қылайық» деп еліне хабар салыпты. Ұзамай Күдеріқожаны ортаға алып бір топ адам марқұмның ауылына барады. Барса Ұлбикеге ас беріп жатыр екен. Ас аяқталған соң құн дауы басталыпты. Жол төркініне беріліпті. Төркіні таңдауды Күдері айтсын деп ұйғарады. Қожекең сөзді шариғаттан бастапты: «Өлер Ұлбике өлді. Аярда да ас жоқ, тоярда да ас жоқ. Көрді ашып, өкпесін сойып көріңдер, өкпесінде жыбырлаған жазу болуы керек. Жазу жоқ болса сөз басқа, егер жазу болса – ол өлең. Онда үш кісінің құнын бересің» депті. Айтқанындай көрді қазып, өкпесін ашса жазу (құрт) жыбырлап тұр екен дейді. Көрген жұрт ботадай боздапты. Сөйтіп Қарақойлылар үш адамның құнын төлепті… Осылайша, «таңдайында өлеңнің ұясы бар» (М.Ж.Көпеев) Ұлбике небәрі 24-ақ жыл өмір сүріп, 1849 жылы өз күйеуінің қолынан қыршын кетті. Шынын айтқанда, мұның тағдыры Сараның тағдырынан әлдеқайда аянышты. Сара айттырған кембағалдан құтылып, жөні түзу жанға тұрмысқа шықты. Одан 5 ұл-қыз сүйді, Ұлбикеден екі есе ұзақ өмір жасады. Өз ажалынан өлді. Шығармалары сан рет жария болды. Ескерткіштері бар. Ал Ұлбикеде ше?.. Оның жиырма шақты рет айтысқа түсіп, бірнеше өлең шығарғаны, асқақ әнші әрі күйші болғаны халқына ертеден аян. Оның талантына М.Көпеев, Ә.Диваев, В.Радлов секілді әйгілі фольклор жинаушылар ерекше мән беріп, ыждаһатпен қараған. Тіпті, қазақтың М.Әуезов, С.Мұқанов, Ш.Мұртаза сынды жазушылары да ерекше баға берген. Одан кейінгі буын өкілдерінен қарымды қаламгер Қ.Мұхамеджанов, академик М.Жолдасбеков, Р.Бердібаев, жас ғалым С.Дәуітұлы, талантты журналист М.Төлепберген, ақындардан Қ.Мырзалиев, Ә.Жәмішев, К.Ахметова Ұлбикенің таланты жөнінде тұшымды, жағымды ойлар айтып, қалам тербеген. Әйтсе де, Ұлбике Жанкелдіқызының насихаты әлі де кемшін түсіп жатқаны анық. Ол әлі күнге дейін қазақ әдебиеті мен өнері сахнасына еркін шыққан жоқ. Есімі тіпті бұлыңғыр. Өткен жылы ақынның туғанына 190 жыл толды. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болған елі, туған жері, мәңгілік мекені, тіпті Қазақстан жазушылар одағы да «таңдайына өлең ұя салған бұлбұлын» ардақтамай үнсіз қалды. Оның нақты мәңгілік мекені де белгісіз. Өкінішті-ақ...
Қызылорда қаласы.