Қаламгерлер шығармалары насихат талды
Қаламгерлер шығармалары насихат талды
Тараз қаласындағы Достық үйінде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен кітапты ең көп оқитын оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ақын, жазушы Ескен Елубаевтың шығармашылығына арналған облыстық әдеби байқау өтті. Қазақтың көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ескен Елубаевтың туғанына 75 жыл толуына орай ақынның өмірі мен шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау – кітапхана қызметкерлерінің басты мақсаты. Ақынның танымдық-тәрбиелік туындылары арқылы балаларды әдебиетке баулу және көркемсөз оқу шеберлігін жетілдіру, оларға қолдау көрсету мақсатында өткен шараны республикалық «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Рашидұлы кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында 7-10 және 10-15 жас аралығындағы екі топ қатысушылары сынға түсті. Олар төрт кезең бойынша бақ сынап, өз өнерлерін көрсетті. Барлық қатысушылар үлкен дайындықпен келгенін іс-шара барысында байқадық. Әр кезеңде додаға түсіп жатқан қатысушыларға жанкүйерлер қолдау білдіріп, демеп отырды. Одан әрі тартысты бәсеке ақынның шығармаларын оқумен жалғасты. Бағы мен бабы келіскен қатысушылар байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылды. Атап айтар болсақ, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып көзге түскен 7-10 жас аралығындағы талапкерлер арасынан бас жүлдені Қайрат Нұрдәулет қанжығасына байласа, 1-орын Али Ғаниұлына, 2-орын Елдос Тыныштықбайға, 3-орын Нұрым Момынға бұйырды. 10-15 жас аралығында бас жүлдені Нұрлан Нұргелді, 1-орынды Жұлдызай Жанатбекқызы, 2-орынды Ұлдана Шеңгелбаева, 3-орынды Секен Ерхан иемденді. Байқау соңында Қазақстан Жазушылар одағының атынан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына алғыс хат тапсырылып, ақын Үміт Битенова қорытынды сөз сөйледі. Ол келешекте байқау бұдан да жоғары деңгейде өткізілетініне сенім білдірді.
Аян Қуат, ТарМУ-дың студенті.