Экономика

БҮГІН БІТІРЕТІН ІСТІ ЕРТЕҢГЕ ҚАЛДЫРМА

БҮГІН БІТІРЕТІН ІСТІ ЕРТЕҢГЕ ҚАЛДЫРМА

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды Елдің өркенін білгің келсе... IMG_7436 IMG_7259 IMG_7163 IMG_7320Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданындағы жұмыс сапарын республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолын жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Мұның өзіндік себебі де бар. Аталған бағыттағы трассаның қазіргі алаңдатарлық жағдайын сөзбен айтып жеткізу қиын. Осы жолдағы шұрық тесік шұңқырлардан көз сүрінеді. Мұның өзі жолаушылардың жүйкесін жұқартып, уақыттарын зая кетіруде. Жол көлік оқиғаларына душар етуде. Автокөліктердің қозғалыс тетіктері істен шығып, иелері үлкен шығынға батуда. Осынау тоғыз жолдың торабымен еліміздегі азаматтармен қатар шетелдік қонақтар да қатынайды. Халқымызда: «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қанатты сөз бар. Бүлінген жол жолаушылардың көңіл-күйіне кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында салынған асфальт жолдың әбден тозығы жеткен. Осыны ескерген республикалық «Казавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ «Жол картасы» аясында 2017-2019 жылдары оны күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отыр. Үстіміздегі жылы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» трассасында 40 мың шаршы метр аумақта шұқырларды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыспен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы шұғылдануда. Қазірге дейін олар 36 мың шаршы метр шұқырлықты жөндеуден өткізген. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жөндеу жұмысына көңілі толмады, қатты ренжіді. Ол «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғановаға: – Мұндай көзбояушылық кімге керек? Сендер мемлекеттің қыруар қаржысын желге ұшырып жатырсыңдар. Шұқырлықтарды неге терең тазаламайсыңдар? Оған асфальт төсер алдында неге битум құйылмайды? Мына төсеген асфальттарың бір аптадан кейін шашылып қалмай ма? – деді. Айжан Туғанова облыс басшысына жолдың салынғанына 50 жылға жуық уақыт болғанын, оның мүлдем ескіргенін айтып ақталуға тырысты. Кәрім Нәсбекұлы оған айтылған кемшіліктерден қорытынды шығарып, ойылған, бүлінген жерлерге асфальтты зауыттардан ыстық күйінде әкеліп төсеуді, оларды ауыр салмақты катоктар әкеліп таптауды тапсырды. «Тараз химиялық паркінің» жұмысын жандандыру керек Халықаралық тауар айналымы белсенділігін арттыруға септігін тигізетін және интеграциялық экономикалық үдерістер ауқымын кеңейту есебінен серпінді экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еліміздегі алты экономикалық аймақтың бірі – «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ. 505 гектар алқапты қамтыған арнайы экономикалық аймақта алғаш 16 кәсіпорын салу жоспарланған. Алайда, жоба құнының қымбаттауы мен әлемдік дағдарысқа байланысты 2020 жылға дейін 5 зауыт салумен шектеліп отыр. Қалған зауыттар келесі бесжылдықта іске қосылмақ. Оның үстіне жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты өткен жылдың қазан айынан бері мұнда жұмыс тоқтап қалған. Кәсіпорын басшылары магистралды су мен автомобиль және темір жол құрылысын жүргізу сияқты сыртқы инфрақұрылым жұмыстарының басым бөлігін аяқтап қойғанымен, газдандыру жұмысы әлі де бітпеген. Темір жол тұйығын тарту жұмыстары да бәсеңдеп қалған. Десе де, жоба аясында атқарылған істер де ауқымды. Мәселен, 3,5 шақырымға созылатын, қос желілі электрмен жабдықтау жүйесі 80 пайызға орындалыпты. Облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша «Тараз химиялық паркінде» күш-жігер ішкі инфрақұрылым мен кәсіпорындардың құрылысын белгіленген кестеге сай сапалы жүргізуге жұмылдырылатын болады. 2018 жылдың көктемінен бастап, мұнда «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің глифосат шығаратын кәсіпорны толық іске қосылмақ. Кәрім Нәсбекұлы Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевқа іске қосылуға тиіс алып мегажобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын химиялық парктің ішкі инфрақұрылым жүйесінің құрылысын тездетіп жүргізуді тапсырды. – Қазір мұндағы бір ғана кәсіпорынның құны 56 миллиард теңгені құрап отыр. Ол алдағы көктемде өз жұмысын бастап, алғашқы глифосатты шығарса, 2019 жылы каустикалық сода шығара бастайды. Ал кәсіпорын іске қосылғанда мұнда кем дегенде 300-400 адамға жұмыс беріледі. Сол себепті, аудан әкімдігі мұнда индустриалды аймақ құруға да бел шеше кірісуі қажет. Жұмысшыларға асхана, шаштараз, 20-30 адамдық болса да жатақхана салу сынды жұмыстарды тездетіп қолға алу керек. Қазіргі кезде аудан тұрғындары үшін негізгі күнкөріс темір жол ғана болса, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар іске қосылғанда шулықтарға жаңа жұмыс орындары ашылады. Осыған орай, аудан әкімдігі кәсіпорын басшылығымен бірлесе жұмыс атқарып, аймақтағы инженерлік инфрақұрылымның жедел дамуына өз үлестерін қосуы керек, – деді өңір басшысы. Соя мен нут өсіруді қолға алған Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Қонаев ауылдық округіндегі «Алижан» шаруа қожалығының егістік алқабына ат басын бұрды. 1999 жылы құрылған аталмыш қожалықтың бүгінде 100 гектарға жуық суармалы жері бар. Шаруашылық жетекшісі Ильяс Закрияевтың айтуынша күздік бидай – 20, жоңышқа – 15, жүгері – 20, франциялық «Авантаж» сұрыпты қант қызылшасы – 12 және 30 гектарға жуық жерге дәнді дақылдар егіпті. Облыс басшысы шаруашылықтың өткен жылы қант қызылшасын егіп, ағын сумен суарғанның өзінде одан 500 центнерден өнім алғанын естіп, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков қонақтарды егістік алқабында ауыл шаруашылығы құрылымдарының көрсеткіш-сызбаларымен таныстырды. Жалпы, Шу ауданы бойынша ағымдағы жылы 140726 гектар жерге егін егілген. Жер пайдалану пайызы бойынша бұл өткен жылғымен салыстырғанда 5 пайызға артық. Су үнемдеудің заманауи әдіс-тәсілдерін кәдеге жаратуда да шулық дихандар ширақтық танытқан. Мәселен, бұл технология 880 гектар жерге қолданылса, биыл 1185 гектарды қамтып отыр. Тамшылатып суару әдісін 11 шаруа қожалық қолға алған. Сол секілді қант қызылшасы мен жоңышқа егетін 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып суару технологиясын іске асыруда. Үстіміздегі жылы қант қызылшасы бойынша сапалы өнім алуды көздеген шулық шаруалар бірыңғай франциялық «Авантаж» сұрыпты тұқымын еккен. Айта кету керек, биылдан бастап аудан шаруалары соя егуді мықтап қолға алған. Одан бөлек, азық-түлік өнімдеріне қосатын нут дақылын егуді де жолға қойыпты. Шаруалардың техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші де өткен жылға қарағанда едәуір жоғары. Былтыр шаруалар 123 миллион теңгеге 25 техника сатып алса, ағымдағы жылдың алғашқы бес айының өзінде 85 миллион теңгеге 18 техника алған. Ұсыныстар ескерілді Облыс әкімі Шу қаласында орналасқан «Жамбыл» атындағы мектеп гимназиясының жұмысымен де танысты. Оқу орны алғаш 1959 жылы ашылған екен. Ол кездегі оқушы сыйымдылығы 300 орын болса, қазіргі кезде 589 оқушы білім алуда. Аталмыш мектеп ордасына 2016 жылы қосымша спорт зал, мәжіліс залы, 150 орындық оқу бөлмелері, асхана және жылыту қазандығын салу бойынша құрылыс жұмыстары басталған. «Қаратау-Құрылыс» ЖШС оқу ордасындағы құрылысты ағымдағы жылы аяқтамақ. Мектеп директоры Эльмира Ахметованың айтуынша, мұнда жоғары санатты – 18, бірінші санатты 17 және екінші санатты 11 мұғалім қазақ және орыс тілінде екі ауысым бойынша білім береді. Мектептің тірлігімен толықтай танысқан Кәрім Нәсбекұлы құрылысы енді басталатын Тоғай мөлтек ауданындағы мектепті де тезірек бітіруді тапсырды. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Исакова Алға ауылдық округіне 300 орындық жаңа мектеп салу қажеттілігі және Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ене мектебі мен Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деген ұсынысына орай облыс басшысы аудан әкімі Қайрат Әскербекұлына тиісті сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Тұйықтан шығатын жол бар ма? Өңір басшысының ауданға жұмыс сапарының негізгі бөлігі Шу қаласындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы – Шу локомотив жөндеу зауытында жалғасын тапты. Алғаш 1998 жылы құрылған зауытта қазіргі кезде 286 адам тұрақты жұмыс істейді. Ондағы жұмысшылардың орташа жалақысы 78 мың теңгені құрайды екен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан зауыт кезінде локомотивтерді техникалық жөндеуден өткізу, күрделі жөндеу, маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтірумен айналысқан. Ал бүгінде заман талабына сай қолданысқа енгізілген жаңа электровоздар жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Сол себепті, зауытқа сұраныс күрт төмендеп, өндіріс ошағы тұралап қалған. Алайда облыс әкімі сала басшыларына осындай қиындықтан шығудың жолын тез арада ойластыруды тапсырды. – Өткен ғасырдың соңында осы зауытты басқа өңірлерге салу керек деген ұсыныстар түскенде, біз зауыттың тоғыз жолдың торабындағы Шу жеріне салу керектігін дәлелдеп берген едік. Сол кезден бері толассыз жұмыс істеп келген зауытта 2500 адамға дейін еңбек еткен. Ал бүгінде бұл өндіріс ошағының тұралап қалуы 40 мыңнан аса тұрғыны бар Шу қаласы үшін қиынға соғып тұр. Себебі, халықтың бірден-бір күнкөріс көзі осы ғана. Өткен жылдың өзінде-ақ 500-ден аса адам жұмыстан қысқарыпты. Тапсырыс жоқ екен деп бұлай қол қусырып отыруға болмайды. Жан-жақпен келіссөздер жүргізу керек. Одан бөлек, зауыт аймағындағы қаңырап тұрған нысандарды темір жол саласына керекті мамандар даярлайтын колледжге айналдыру жағын да ойлану керек. Ол жастарға теория мен практиканы ұштастыруға өте қолайлы болар еді, – деген Кәрім Нәсбекұлы өзінің орынбасары Тимур Жанке мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтіру бойынша жұмысты қайта жандандыру жұмыстарын жан-жақты зерделеуді тапсырды. Одан кейін аймақ басшысы Шу пайдалану локомотив депосына келді. К.Көкірекбаев маневрлы локомотивтердің Тараз қаласымен қатар Шуда да жеткілікті екенін тілге тиек етіп, жергілікті локомотив депосы тұрғанда оларды сонау Балқаш қаласы мен Жаңаарқаға апарып жөндеуден өткізудің тіптен қисынға келмейтіндігін жеткізді. Оған қоса, депо басшылығына локомотив бригадаларына жұмысшы күшінің жетіспеушілігі мен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай Шу қаласы арқылы өтетін қонақтардың көп болатындығын айтып, жұмыс кестесін дұрыс түзу арқылы жолаушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды. Одан кейін Кәрім Нәсбекұлы Шу пайдалану локомотив депосының техникалық оқыту кабинеттерімен, 3D форматта сабақ беретін бөлмелерімен және мәжіліс залымен танысып, ондағы оқыту жөніндегі машинист нұсқаушысы маманының біліктілігін де бір тексеріп алды. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың жұмыс сапары бұдан әрі Шу қаласындағы темір жол вокзалының абаттандыру жұмыстарымен танысумен жалғасты. Темір жол арқылы қатынайтын жолаушылар және жүк пойыздарын стансада қабылдау-жөнелтумен, сондай-ақ, халықты кассалық билетпен қамтамасыз етумен айналысатын вокзалдың абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. Қыс айларында – 300, ал жазда 1000 жолаушыға дейін тасымалдап, 35 жолаушылар пойызын және 40 жүк пойызын қабылдауға қауқарлы вокзал жаңаша келбетке енген. Нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үш бірдей тексеру құрылғысы және 19 бейнекамера тәулік бойына жұмыс істеуде. Десе де, өңір басшысы бір аптадан соң басталатын ЭКСПО-2017 көрмесіне Шу темір жол вокзалы арқылы қатынайтын жолаушылардың күрт өсетіндігін және оларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруды тапсырды. Ирандық инвесторлардан үйренеріміз бар Аймақ басшысы ауданда мақсары майын өндіретін «Кaz Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты. Серіктестік тәулігіне 1,5 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы. Ол өткен жылы 190 мың келіден аса өнім өндірсе, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 173 мың келіден аса өнім шығарыпты.Кәсіпкер Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі өндірістің қуаттылығына жоғары баға берген облыс әкімі К.Көкірекбаев олармен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Себебі, ирандық компания мақсары майымен қатар комбайн құрастырумен де айналысады. Осыған орай, құрастыру құны 50 мың долларды құрайтын комбайнды аталмыш компаниямен бірлесіп, Шу пайдалану локомотив депосында құрастыруды ұсынды. Өңір басшысының айтуынша әулиеаталықтарға ауыл шаруашылығы бағытындағы техника аса қажет. Сондықтан да ирандық компаниямен бірігіп жұмыс істеу өңіріміз үшін өте тиімді болар еді. Сонымен қатар облыс әкімі «Шоқпар тас АТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Қиыршық тас өндіретін серіктестік 2011 жылы құрылған. 31 гектар жерде жұмысын дөңгелетіп отырған аталмыш серіктестік бүгінде 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 100000 текше метр өнім шығарады екен. «Шоқпар тас АТ» ЖШС-ның сапалы жұмысына облыс басшысы ризашылығын білдірді. Өндіріс ошақтары күннен-күнге жанданып келе жатқан Шу ауданында осыған дейін тұрғындарға медициналық көмек көрсететін бір емхананың қажеттігі көптің көкейіндегі өзекті мәселенің бірі болатын. Осыны ескерген аудан басшылығы аудандық орталық аурухана аумағында жаңа емхана соғуды қолға алған. Сыйымдылығы 240 адамды құрайтын емхананың құрылысына орталық аурухана маңынан 1475 шаршы метр жер бөлініпті. Жаңа емхананың сызбасымен танысқан Кәрім Нәсбекұлы аудан басшысына алдағы екі айдың ішінде нысанның нақты жобасын дайындап, ұсынуды жүктеді. Шу ауданындағы бірқатар нысандарды аралаған облыс әкімі жұмыс сапары соңында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өзінің орынбасарлары мен басқарма басшылары және тұрғындардың қатысуымен актив жиналысын өткізді. Басқосу барысында сөз алған облыс басшысы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында туындайтын тапсырмаларды сөз етті. Жиында басқарма басшылары тиісті мәселелер мен жоспарлы жұмыстар төңірегінде баяндама жасады. Мінберге алғашқы болып шыққан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев: – Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру бойынша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» Заңына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Денсаулық сақтау саласындағы еліміздегі тұрғындардың әлеуметтік мүдделерін қорғайтын жүйелерді қарастыруымыз керек. Бұл жүйе болашақта әрбір сақтандырылған адамның деңгейіне, әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қарастырылған кез келген медициналық көмекті алуға мүмкіндік беретін жүйе. Сондықтан да, халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуге барлығымыз біркісідей атсалысуымыз қажет, – деді. Одан кейін сөз алған облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылға арналған бағдарламасы туралы және бағдарламаның бірінші бағыты бойынша Шу ауданында 90 адам оқып жатқанын тілге тиек етті. «Үш тілде білім берудің тетіктері және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты ұйымдастыру» тақырыбында хабарлама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова білім саласы бойынша биылғы жылғы өзгерістерге тоқталды. «Бұған дейін «Алтын белгі» алу туралы шешімді министрлік пен білім басқармасы шығарған болса, биылдан бастап бұл құзырет мектеп әкімшілігіне берілді», – деген Сұлушаш Сәтбекқызы мектеп директорларына мемлекеттік емтихандарды сапалы өткізіп, ертеңгі ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімін дәлелдей алатын оқушыларға ғана жоғары баға қойса екен деген тілегін жеткізді. Басқарма басшысының баяндамасынан соң облыс әкімі аудан әкімдігінің білім бөліміне ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерге тоқталды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өнеркәсіп саласы бойынша Шу ауданында ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында өндірістік көрсеткіш біршама төмендегенін, Шу ауданындағы «Ертай» ЖШС-ның өнім өндіру көлемінің 14500 тоннаға төмендеп кеткенімен байланыстырды. Облыс әкімі бірқатар өндіріс ошақтары ауданда жүйелі жұмыс істегенімен, салықты өзге өңірлерге төлеп отырғандығын сөз етіп, жауапты мамандарға осы мәселенің түйінін тарқатуды тапсырды. Сол арқылы аудан байлығын еселей түсуді жолға қою керектігін де баса айтты. Облыс басшысы басқосуда «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғановаға қазір «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолы бағытында алаңдатарлық жағдайды дұрыс жолға қою үшін тез арада тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс басшысы тұрғындарға аталмыш тас жол «Жол картасы» бағдарламасының аясында 2017-2019 жылдар аралығында 268 шақырым жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Басқосу барысында облыс әкіміне тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алды. Кәрім Нәсбекұлы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға оң баға берді. Бүгін бітіретін істі ертеңге қалдыруға болмайтынын айрықша қадап айтты.

Ақылжан МАМЫТ, Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.