- Advertisement -

«Реал» футбол тарихына түзету енгізді

95

- Advertisement -

Жанкүйер біткен тағатсыздана тосқан футболдан УЕФА чемпиондар лигасының ақтық ойыны Уэльс астанасы Кардифф қаласындағы «Миллениум» стадионында тартысқа толы жағдайда өтті. Испанияның «Реалы» мен Италияның «Ювентусы» өзара кім мықтыны анықтаған ойында жанкүйерлер «Дода УЕФА чемпиондар лигасы (бұрын чемпиондар кубогы аталған) аталғалы ешкімнің қолы жетпеген биікті «Реал» бағындырып, екі жыл қатарынан топ жара ала ма? Әлде үш мәрте ақтық сында сүрінген «Ювентустың» бағы жана ма?» деген сауалға жауап іздеді.
Кездесуді «Ювентус» футболшылары жоғары деңгейде бастады. Алғашқы он бес минуттықта Италияның Турин қаласынан келген команданың екпіні қатты болғаны сөзсіз. Алайда, бірінші кезең ортасына таяған тұста испандықтардың екінші тынысы ашылды. Ойынның 20-минутында Дани Карвахальмен Криштиану Роналду пас алмасты. Роналду берген допты өзіне қайтара асырған Дани әріптесінің алғашқы голдың авторы атануына мүмкіндік жасады. Осы голдан кейін Криштиану Роналду УЕФА чемпиондар лигасының үш бірдей ақтық ойынында гол соққан алғашқы ойыншыға айналды. Арада 7 минут өткен соң «Ювентус» футболшылары таразы басын теңестірді. Марио Манджукич допты өзінен асыра теуіп, керемет гол соқты. Бірінші кезеңде қос команда ойыншылары алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгерген жоқ.
Үзілістен кейін «Реал» футболшыларының қарқыны үдей түсті. 61-минутта алыстан шірене соққы жасаған Карлос Каземиро есепті 2:1-ге жеткізсе, 64-минутта Лука Модричтің асырған добына бірінші болып үлгерген Криштиану Роналду дубль авторы атанып, жеңісті жақындата түсті. 90-минутта Марселоның пасын қажетіне жаратқан Марко Асенсио ақтық нәтижені тіркеді. Есеп 4:1. Реал чемпиондар лигасын екі жыл қатарынан жеңген тұңғыш команда ретінде тарихқа өз аттарын алтын әріптермен жазса, Криштиану Роналду 4 дүркін жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ол 5 маусым қатарынан ең көп гол соққан ойыншыға айналды.
Осылайша «Реал» дуодесима жасады. Анығырақ айтсақ, білікті бапкер Зиданның командасы додада 12-ші рет топ жарды.

Жалғас Оразбек,
студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support