- Advertisement -

Ақтық сынның ауылы жақын

103

- Advertisement -

Бүкіләлемдік бокс сериясында сәтті өнер көрсетіп келе жатқан «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы жартылай финалдық бәсекенің алғашқы кездесуінде Ұлыбританияның «Бритиш Лайнхартс» командасын айқын жеңіп, ақтық сынға жақындай түсті.
Қостанай қаласында өткен шайқасты алғаш болып 49 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Теміртас Жүсіпов пен ағылшын сайыпқыраны Кларан Макдональд бастап берді. Бес раундты бір деммен өткізген Теміртас ара қашықтықты дұрыс таңдай білді. Шегіне жүріп шабуылға шыққан ол дәл соққыларын дарытқан бойда қорғанысқа қайтып үлгеріп, классикалық бокс үлгісін көрсетті. Нәтижесінде қазақ боксшысы барлық раундта басымдық танытып, жеңімпаз атанды. Бұдан кейін шаршы алаңға шыққан 56 келі салмақ дәрежесіндегі Ілияс Сүлейменов те жеңісті жорықты жалғастырды. Ол Кристофер Буркты мерзімінен бұрын жеңді.
Кейіннен шаршы алаңға 64 келі салмақ дәрежесіндегі өрендер шықты. «Астана арландарының намысын қорғаған Ділмұрат Міжитов бұл шайқаста ұлыбританиялық қарсыласы Конор Лофтусқа еш мүмкіндік қалдырмады. Ділмұрат қарсыласын қалағанынша соққының астына алып, сауатты қорғанды. Оның қос қолымен жасаған жойқын соққыларына жанкүйер қауым риза болысты. Міжитовтің сенімді жекпе-жегінен кейін «Астана арландары» 3:0 есебімен шайқас тағдырын шешіп те тастады. Ендігі мәселе қазақстандық боксшылар қандай есеппен жеңіске жететінін білу ғана еді. Командадағы әріптестерінің жеңісінен желпінген жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұл да ел үмітін ақтады. Никита Абабиймен қолғап түйістірген Әбілхан әдемі комбинациялық шабуылдарымен жұрттың назарын өзіне аударды. Абабийді әбден соққының астына алған жамбылдық оғланның жеңісін төрешілер де бірауыздан мойындады. Соңғы болып рингке бет алған Антон Пинчук есепті 5:0-ге жеткізер деп ойлағанбыз. Алайда ол қарсыласы Давид Киран Ниикаға есе жіберіп алды. Қорытынды нәтиже 4:1. Енді Ұлыбританияда өтетін қарымта кездесуде «Астана арландары» кем дегенде 2 жекпе-жекте жеңіс тойын тойласа, ақтық сынға шығады. Біз жігіттерге сенеміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support