«Қызқарағай» әні қалай туған?
«Қызқарағай» әні қалай туған?
Республикалық радиолардан КСРО халық әртісі, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Қызқарағай» әнін жиі естіп тұрамыз. «Ауылында бар Ағаның қызқарағай, Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай. Ақ балтырлы ақ қайың арасында, Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай. Қызқарағай, қызқарағай... Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай». Поэтикалық қуаты басым мәтін мен ән жұптаса келе, домбыраның қос ішегіндей қосарласып таңғажайып сырлы әлемге жетектеп, өн бойыңды шымырлатады. Сиқырлы сазымен, еркелік-назымен баурап алатын ғажап ән қалай дүниеге келді? Қазақтың заңғар қаламгері Ғабит Мүсірепов 1976 жылдың шілде айында туған жері Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылына жанына қызы Райханды, немере інісі мен келіні Екпін, Бикенді, жиеншар інісі Қанатбайды ертіп, аунап-қунап демалып қайтуға барады. Оларды ауылдың кіреберісінен ауданның басшысы Мәркен Ахметбеков, совхоз директоры Жолмағанбет Әйкенов және өзгелер құрметпен күтіп алады. Түс ауа Ғабең туған жердің саф ауасымен тыныстамақ оймен серуендеуге шығады. Жаңажолдан 4-5 шақырым жердегі жергілікті халық «Қожағұл бүркеуі» деп кеткен табиғаты әсем, ақ қайыңдар мен қалың қарағай жарыса өскен таңғажайып жерге дастархан жайылады. Табиғатты ерекше ұнататын Ғабең көлге жақынырақ өскен қарағай бойлы, терекке араласып өскен ақ қайыңды орманға сүйсіне қарап, аралап кетеді. Қайың-теректер мен қарағай арасынан жеке-дара өсіп тұрған әдемі жасыл шыршаны көзі шалады. Сол шыршаға жақындап келіп, жазушы қасындағыларға сонау ертеректе, жас кезінде бірер жыл Бурабайда орманшы болғанын еске алып, шыршаның жай қарағайдан ерекшелігі, оның түсі мен қылқаны, бұтақтарының өсіп, орналасуы жайында біраз әңгіме айта келе, мына шыршаның дара өсіп тұрғанына таңғалады. Бұл аймақта сирек кездесетін шыршаны біреу әдейі әкеліп екті ме екен?.. Дастархан басында қасына ергендердің бірі: – Ғабит аға, біз үшін қарағай да қарағай, шырша да қарағай. Осы жеке-дара өсіп тұрған шыршаға бір ат қойып кетіңіз, сіздің шыршаңыз деп жүрейік, – деп ұсыныс жасайды. Жазушы аға сәл ойланып, шыршаға қарап отырып: – Сырт көрінісі ерекше көз тартар әдемі, көрікті екен. Ақ қайыңдар ортасында басына сәукеле, үстіне ұзын етек, екі-үш жерден бүрмелі әсем көйлек пен жасыл камзол киген бұрынғы қазақ қызы секілді жарасымды көрінеді. Сондықтан мұны «Қызқарағай» десе жарасады емес пе? – дейді. «Жасыл шыршаға «Қызқарағай» атының қойылуына мен куәмін. Тіпті, оның күні мен айын да білемін. 1976 жылдың 23 шілдесі. Сол «Қызқарағай» атанып кеткен шыршаны өзің де біздің Жаңажолға 2009 жылы жазда барғанда, оның төңірегіндегі «Елтінжалды», сол аймақтағы көлдер мен ормандарды аралағанда көрдің емес пе? Ғабеңді біз Ватикандағы Рим папасы дәрежесіне теңестіріп «папа» дейтінбіз. Жарықтық, Ғабит ағам туған жеріне келген сайын осы өзі «Қызқарағай» деп атаған қарағайлы орманға баруды ұнататын» – деп еді марқұм Екпін Хамитұлы Махмұтов (Ғабит ағаның немере інісі, ғалым-математик, Таразда көп жыл көрші тұрдық, жасы 70-тен асқанда туған жері Қызылжарға қоныс аударды) бірде сөзден-сөз шығып. – Ендеше, Екпін аға, «Қызқарағай» әні қашан дүниеге келді? – деп сұрадым мен. – 1981 жылдың жаймашуақ жазында Ғабит жолдастарымен «Жаңажол» совхозының құрылғанының 5 жылдығына қонаққа келді. Жаңарған ауылдың сырт бейнесіне көңілі толып, жаңадан бой көтерген Мәдениет үйін, аурухана, көп қабатты мектепті көріп, жергілікті басшылардың атқарған тірлігіне риза болды. Сырттан келген қонақтарды Есеней бүркеуіндегі «Қызқарағай» жанында дастархан жайып күту ол кездері дәстүрге айналған. Ғабеңді сол жерге қонақ етіп күтеді. Қасына ерткендердің ішінде жергілікті ақын Мақсұтжан Әубәкіров және КСРО композиторлар одағының мүшесі, радио комитетінің қызметкері, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев болады. Сөзден-сөз шығып, әңгіме желісі «Қызқарағай» шыршасына ауысады. Ақын мен сазгер жасыл шыршаға сүйсіне қарап, ой толқынына ерік бере отырып «біз бұған арнап бір әдемі ән жазамыз» деп келіседі. Екеуі де өнерлі, өрелі жандар емес пе, сол кеште-ақ екеуара ақылдасып отырып, ақ қағаз бетіне өлеңнің алғашқы мәтінін түсірді. Әннің әрбір шумағы бір-біріне үйлесіп, әдемі әнге өзі сұранып тұрғандай еді. Сөйтіп, Ғабеңмен сол сапарда бірге болған ақын М. Әубәкіров көп уақыт өткізбей «Қызқарағайдың» мәтінін жазып шығады. ...1981 жылдың қазан айында республикалық радиокомитеттің қызметкері, дарынды сазгер Жоламан Тұрсынбаев таңертең Ғабеңнің үйіне телефон шалып, Бибігүл Төлегенованың орындауында «Қызқарағай» әнінің радиодан тұңғыш рет сол күні түсте шырқалатынын хабарлайды. «Ой, Жоламан қарағым-ау, мынауың жанға жайлы қуанышты хабар, әлбетте, тыңдаймыз. Бибігүл анау-мынау әндерді қабылдай бермейді ғой. Сірә, сәтті шыққан ән болу керек» деп Ғабең ерекше ықыласын білдіреді. Ән сол күні түс мезгілінде радиодан беріледі. Міне, көптің құлақ құрышын қандырған, көңілін көкке көтерген «Қызқарағай» әні осылай дүниеге келген екен.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.